"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

СОҒЫСТА ӨТКІР, ӨМІРДЕ КӨПШІЛ – МАХАББАТ ТӘҢІРІ

ByQAA.kz

Қар 24, 2020

Қазақтың қас батыры, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл (24 желтоқсан 2020 жыл) толады. Ол туралы көп жазылды. Өйткені осындай тарихи тұлғалар өмірде сирек кездеседі. Аталмыш мақаланы жазуыма түрткі болған Бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайдың «Мен ол кісіні ұмытпаймын, ұмыта алмаймын» атты мақаласы (Егемен Қазақстан. 24 қыркүйек. 2020 жыл). Онда Бауыржан Момышұлының соғыстағы ұстазы, Кеңес Одағының батыры, генерал Иван Васильевич Панфиловқа деген шынайы сыйластығымен, сүйіспеншілігі баяндалады.

Соғыс кезінде өмірге келген ұрпақ болғандықтан, И.В.Панфиловтың, Бауыржан Момышұлының соғыстағы ерліктерін баспасөз беттерінен ғана оқып білдік. Аталмыш ұлы қолбасшылардың тұғырлы тұлғалары уақыт өткен сайын тарих қойнауында қалып қоймай, зерделене, айқындала түсетіні де шындық. Б.Момышұлының соғыста өткен өмірі жайлы мен жаза алмаймын. Бұл мақалада майдан даласында талапшыл, әділетті, қатал болған оның бейбіт өмірдегі қарапайымдылығы мен көпшілдігін, махаббат тәңірісі болғандығын Сыр елі азаматтарымен байланыстыра баяндамақпын.

Соғыс көрмесеңіз генерал И.В.Панфилов туралы не айтпақшысыз ?,- деген сауалға, оның бес перзентінің үлкені, яғни тұңғыш қызы Валентина Ивановнаның көзін көргенімді алға тартпақпын. Валентина апамыздың жұбайы математик-композитор Бақытжан Байқадамовтың (1917-1977жж) қиындықпен өткен өмірі, балалық шағы Қызылорда қаласынан басталғанын біреу білсе, біреу білмес. Мен бұл жәйттерді Абай атындағы ҚазПИ-де аспирант кезімде өз аузынан естідім. Әкесі Байқадам Каралдин репрессияға ұшырап, үштіктің шешімімен 1930 жылы атылғанынан кейін, 13 жастағы ұлы Бақытжан Қызылордаға жер аударылып, қаладағы тәжірибелік – көрсеткіштік мектеп-интернатында оқып, оны тәмәмдап, ҚазПИ-дің физика-математика факультетіне түседі. Бақытжан ағаның «халық жауының баласы» деген қара таңбасы Валентина апамызға үйленгеннен кейін (1944ж) «өшіріле» бастайды. Көп жылғы татутәтті жұбайлық өмірлерінің нәтижесіндей Валентина апамыз Айгүл және Алуа есімді екі қызды өмірге әкелген.

Соғыс жылдары өмірге келгенмен, соғысқа қатыспағансыз ғой! Сонда Бауыржан батыр жайлы не айтпақшысыз? – деген сауалға да жауабым дайын. Бұл ретте осыдан 20 жыл бұрын облыстық Сыр бойы газетінде (14 қараша, 2000ж) жарияланған «Батырмен болған кездесу» атты мақаламды естеріңізге салсам жеткілікті. Онда Москва түбіндегі жеңістің 40 жылдығына байланысты 28-ші гвардияшыл Панфиловшылар жауынгерлері атынан шақырылған Гвардия полковнигі Б.Момышұлымен, Әзілхан Нұршайықовпен Жамбыл ауданының Қастек асыл тұқымды қой совхозының партком хатшысы, досым Абаев Әскербектің үйінде бірге болғанмын. Ауданның партия ұйымының бірінші хатшысы Бекболат Тұрысжановтың өтінішіне байланысты, Бауыржан Момышұлының Басштабтың Академиясында оқып жүргенінде Сталиннің қабылдауында болғанын айтып берді. Сталиннің Грузин акцентімен:-Знаю что ты в годы войны не плохо воевал, знаю что ты в академий Генштаба не плохо занимаешься. Можете идтидегеннен басқа сөз айтпағанын Бауыржан батырдың өз аузынан естігенмін. Әрі қарай батыр сөзін былайша жалғастырды:-Ел аузында менің Сталинмен кездескенім жайлы әртүрлі лақаптар болғанын білемін. Содан бері көп жылдар өтті. Өзімше Сталин мені неге қабылдады деген сұраққа жауап іздеумен келемін. Әрине менің атағым әсіресе Александр Бектің (Волакаламское шоссе) кітабы шыққаннан кейін ел арасына аңыз болып кетті. Мүмкін Ұлы басшымыз да осы азаматта кавказдықтың қаны жоқ па екен? Әйтпесе жабайы қазақтан мұндай командир қайдан шықсын деген ой болды ма екен. Менімен кездескен санаулы минуттерде таза азият екенімді көргеннен кейін, көп уақыт бөліп қайтсын деген ойға келемін. Сталинмен кездескенімнің бары осы ғана -деп Баукең сөзін аяқтады. Бұл отырыстың дәлелі ретінде еш жерде жарияланбаған мына суретті ұсынамын. Онда отырғандар: Бауыржан Момышұлының алдындағы Әскербектің ұлы Дәурен; райком хатшысы Бекболат Тұрысжановтың алдында отырған Әсекеңнің қызы Дүрия; Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың алдында отырған Әсекеңнің қызы Ғалия. Содан бері 40 жылға жуық уақыт өтіп, Әскербек досым мен жұбайы Нұршакүлдің жоғарыда аталған ұл-қыздары елге танымал азамат пен азаматшылар болғанына шын жүректен қуанамын. Ғалия мен Дүрия ғылым кандидаттары ғалымдар, ал Даурен мемлекеттік қызметкер. Алла оларды тіл, көзден сақтасын.

Газетте жарияланған «Батырмен болған кездесу» атты мақаламды «Ортам менің ой парасат ордасы» атты (Алматы, 2007. 171-175 бб) өмірбаяндық кітабымада енгіздім. Міне осы уақыттан бастап Бауыржан батыр жайлы деректерді жинап жүретін «ауруға» ұшырадым. Айта кету керек, Бауыржан соғыс кезіндеде Сталиннің алдын көрген. 1944 жылы Сталиннің өзі ұйымдастырған жаңа жылды қарсы алу салтанатында Қазақстаннан Кеңестер Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин, дивизия командирі полковник Бауыржан Момышұлы, полк командирі аралдық жерлесіміз Мұса Сәдібеков болған. Басқа республикалардан да көптеген шенді әскерилер болғандықтан Бауыржан көптің бірі ретінде қатысқан.

Жоғарыда айтқанымдай батырдың соғыстағы өткірлігі мен қаталдығы жайлы көп жазылды, жазыла да бермек. Баласы Бақытжан соғыс жайлы жазған очеркін әкесіне көрсеткенде: -Балбес, соғыс жайлы жазу үшін дәрінің исін сезіну керек деп жыртыпжыртып бетіне лақтырып жіберіпті. (Восхождение к отцу деген кітабында айтылады). Сондықтан батырдың соғысқа байланысты іс-әрекетіне бармай, менің ұлы Бақытжаннан артық еместігімді есептеп, оның бейбіт өмірдегі қарапайымдылығы мен көпшілдігіне ауысайық.

Әскери қызметін қырық алты жасында аяқтаған Баукең соғыстағы болаттай қатал мінезін қарапайымдылыққа бейімдеді. Сыр елінде Бауыржан Момышұлын білетіндердің бірі, сырласы, Отан соғысының ардагері, журналист, ақын, ұзақ жылдар Сыр бойы (Ленин жолы) газетінің әдеби қызметкері, менің жақын ағам Ахметжан Нұрекеев ( 1914-1993 жж) еді. Ол жыл сайын Сарыағаш шипажайына жолдаманы Б.Момышұлымен хабарласып, бір уақытта баратын. Оның соғыс кезіндегі ерліктерін әсіресе тіл мәселесіне байланысты М.Әбдіхалықовқа жазған хатын ерекше айтып отыратын. Жастық шақтарына экскурс жасағанда алғашқы зайыбы Бибіжамал Мұқашқызының көмбістігін, ұлы Бақытжанды жақсы тәрбиелеп жатқанын, екінші әйелі Вера Строеваның жазушылыққа келуіне бірден-бір себепші болғанын, сыған-Клавдия Коркинадан Елена атты қызының әдебиетші–ғалым ретінде шығармашылыққа итермелегенін мақтанышпен бүкпесіз, төртінші әйелі Бақытжамал Қалибекқызының жылы лебізін маған ашық айтатын еді деп Ахметжан көке жиі еске алатынды. Қанды қырғында екеуі де жан беріп, жан алысып соғысқандықтан, олардың соғыс жайлы естеліктері де аз болмаса керек. Ахметжан көкеміз бір аяғын отан үшін тәрк етіп, бірнеше орден, медальдар тағып, әскери госпитальда ұзақ емделіп елге оралды. «Ленин жолы» газетінің 1943 жылғы 22 ақпандағы «Халыққа берген сертті орындаймыз» деген мақаласында тыл еңбеккерлерін ерен еңбекке жұмылуға шақырыпты. Бауыржан ағасындай майданның алдыңғы шебінде жүргенмен, автоматы мен қаламын бір сәт тастамаған журналист жауынгер Ахметжан ағаның Бауыржан батырмен етене жақын сыйлас, сырлас болуына шығармашылығы да себеп болған ау!

– Бауке, жоғарыдағы жеңгелерімізбен тоқтап па едіңіз, – деген Ахаңның сауалына: – Әй, қу қожа нағашылығыңды алға тартып отырсын ғой, – деп оны да айтайын – деп сәл ойланып, әңгімесін жалғастырыпты. Бауыржанның нағашы деп отырған себебі батырдың арғы аналары қожаның қызы Бәйдібектің үшінші әйелі Домалақ ана –Нұрила. Оның ұлы Жарықшақтан Дулат одан Шымыр келетініне меңзеп отыр. –Мені құлай сүйген әйелдердің ішінде соғыс жылдары Алматыда тұрып қазақ халқының өмірінен «Дала батырлары» деген фильмді түсіруге қатысқан, ҚССР-мен РСФСРдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, РСФСР-дің халық әртісі, бірнеше ордендердің иегері, актриса Вера Павловна Рошаль еді. Оның сүйіспеншілікпен шынайы сезімдеріне беріле 1957 жылы маған жазған хатын Мамытбек Қалдыбайұлы ініме бергенмін.Қалғанын өзі біледі деп Баукең жауабын тоқтатты.

Бауыржан Момышұлы өмірден озғаннан кейін (1982 ж.) Вера Павловнаның Григорий Львович Рошаль есімді заңды күйеуі болғандықтан, Бауыржанға жазған хатын Мамытбек ағамыз көп уақыт жарияламаған. Арал теңізінің тумасы, Сартай батырдың тұқымы, ауыл шаруашылығы қызметкері, қадірменді ақсақал, талай рет дастархандас болған, көп жыл көрші тұрған Толғанай қарындасымның туған ағасы Жасарал Ілиясовпен ой бөлісіп, оның хатты халыққа жеткізу қажеттілігін айтқаннан кейін, «Егемен Қазақстан», «Тіл сақшысы» (№5,1-15 наурыз 2018 ж) газеттерінде жариялаған. «Шын сүю үшін де дарын керек» деген тақырыппен жоғарыда аталған газеттерде басылған 01.11.1957 жылғы Вера Павловнаның Бауыржанға: – Жүрегімді селт еткізіп, жанарымды жалт қаратқан, асыл ардағым, Бауыржаным-деп басталатын хатын оқуды оқырмандардың өз қалауына қалдырайық. Шынайы сезімге беріліп, сағынышпен адал жүрегімен жазған осы хатты толық оқып шықсаңыз, Бауыржан Момышұлының махаббат майданындада алғы шепте жүргенін, оның махаббат тәңірісі болғанына да күмән келтірмейсіз. 1973 жылы Сарыағаш шипажайында түскен мына суретте Бауыржан батыр мен Ахметжан ағаның қызықты әңгімелерінен кейін көңілді отырған сәті бейнеленген. Бауыржан батырдың өмірдегі қарапайымдылығы мен көпшілдігін Әбілқайыр Кенжебаев (1928-2001 жж) ағамыздың Бауыржан Момышұлымен кездесіп, оның бөркін киіп оқушыларымен суретке түскені арқылы да қалың оқырманға жеткізуге болады. Бауыржанның бас киімімен суретке түскен «жау жүрек» Әбілқайыр кім? Бұндай батырлыққа оның есімі де итермелесе керек.

Әбілқайыр аға Қызылорда пединститутының түлегі (1952 ж) еңбек жолын Шымкент облысында ұстаздықтан бастаған ол қаламыздағы №112, №212 мектептерде директордың орынбасары болып, жұбайы Ұлжан апаймен мыңдаған шәкірттер дайындаған білікті ұстаз. Облыстық білім басқармасымен Қазақ ССР оқу министрлігі тарапынан көптеген мақтауларалып, жемісті педагогикалық қызметі үшін Құрмет белгісі орденімен марапатталған.

Аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлымен жүздесуін:-1972 жылы мектеп оқушыларын Алматыға алып бардым. Сонда 28-ші Гвардияшыл Панфилов паркінде оқушыларыммен суретке түстік. Бауыржан оқушыларға майдан жолдары жайлы қызықты әңгімелер айтып берді. Бұл ұмытылмас сәт болды деп Әбілқайыр аға жиі еске алып отырады екен. Бауыржанның қасындағы белгілі қаламгер аудармашы, репрессия құрбаны бола жаздаған Қасым Тоғызақов. Ол елді елең еткізген Қазақ фильм түсірген Шал, Келін атты киноларда басты рольде ойнаған актер Ермектің әкесі. Осы бір сәтте Бауыржанның бөркін тағы бір азамат киіп суретке түсіпті. Сонда бас киімін жағалай киіп суретке түсуге рұқсатын берген майданда қаталдығымен бет қаратпаған қас батырдың бейбіт өмірдегі қарапайымдылығы демей не деуге болады.

Шамамыз жеткенше Бауыржан Момышұлының бейбіт өмірдегі қарапайымдылығының кейбір сәттерін толық болмасада оқырмандарға жеткізгендейміз. Биыл туғанына 110 жыл толатын батырдың өшпес тұлғасын өскелең ұрпаққа сап алтындай сақтап жеткізу бір емес, мыңның айналысатын тәрбиелік мәні зор шаруа. Ол қасиетті Сыр бойынан бастау алып жатса құба-құп. Өйткені бүгінгі Момышұлылар әулеті Қызылордамен тікелей байланыста. Бақытжан Момышұлы мен Зейнеп Ахметованың ұлы Ержанның жұбайы Анар Шіркейлі ауылының тумасы, менің замандасым Серікбай Байділдаевтің қызы. Жазушы Бақытжанның «Орда Алая и мечеть белая» (Алматы, 2008 ж) атты Романэссесінің басты кейіпкері «Халықаралық «Қазақ тілі қоғамының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, Тіл сақшысы газетінің бас редакторы Аңсат Садуақас Әбдіқадырұлы. Ал біздікі осы бір тарихи датаны көпшіліктің назарына ұсына отырып, билік басындағыларға келелі ой тастау ғана.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ

профессор

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Яндекс.Метрика