2021 ж. Сәуір 14

«Ең бастысы, ата-анамен тығыз байланыс орнату»

  СЕРІКБАЕВ.Д: Ең бастысы,

ата-анамен тығыз байланыс орнату

Өмірге әр адам қорғансыз күйде келетіні анық. Бұл уақытқа дейін көзге еленбей келген балалар дертінің бірі – аутизм. 2012 жылдан бері әлемде туылған әр 68-ші балада аутизм болуы мүмкін деген тұжырымдама бар.

Бұл тұста, аутизм сырқаты ұлтқа да, жасқа да, бай мен кедей деп әлеуметтік ортаға да бөлінбейді. Әдетте, туылған бала қоршаған ортаны зерттеп, танысуға ұмтылса аутизм ерекшелігі бар балалар өздерін қоршаған ортадан қорғап, өзіндік капсула құрып алады.

Мамандарың айтуынша аутизмнің алғашқы белгілері өз атын атағанда мән бермеу, қоршаған ортамен араласпау, сөздің, дикцияның бұзылуы. Гендік дәрежеде, тұқым қуу арқылы берілген жағдай тек 15 пайызда ғана кездеседі. Сондықтан, тұқым қуалағыш ауру деп айту қателік.

Адами тілмен түсіндергенде, кей зерттеушілердің ойынша аутизм дерті бар балалар қоршаған ортаны «лаулаған от» секілді көреді. Оны зерттеп, қызыққан жағдайда «күйіп» қалу әсері бар. Аталған дертке шалдыққан 20-25 жастағы балалардың ақыл-есі дұрыс болғанымен, қоршаған ортадан тек жамандық көретіндігі, айналаның барлығы зұлым болып көрінетіні анықталған. Олар өте сезімтал келеді.

Аутизмге шалдыққан баланың адаммен байланысына қарағанда жануар мен өсімдіктермен байланыс жасағаны дұрыс. Жылқы, ит секілді адамға жақын жануарларға үйренген балалар артынша адаммен де жақсы байланыс жасап кете алады.

Біз айтып отырған аутизм аса қауіпті дерт емес. Олардың денсаулыққа кері әсері жоқ. Өмірі, денсаулық құрылымы сау адамдармен тең. Бізбен бірдей өмір сүреді, қартаяды.

 Американдық зерттеушілердің айтуынша аталған балалар сөйлей алмаса да, адамдармен басқаша қарым-қатынасқа түсе алады. Оның ішінде суретте бейнелегенген іс-қимылдар арқылы өз ойларын жеткізе алатын болады. Мәселен судың суретін көрсету арқылы шөлдеп тұрғанын түсіндіру, күннің суретін көрсету арқылы далада серуендеуді түсіндіруі жатады.

Әлемдегі аутизм балалардың 15 пайызы өмір бойына адамның көмегінсіз ғұмыр кеше алмайды. Ал 80 пайызы жасалған жұмыстардың нәтижесінде әрі қарай өздігінен өмір дағдысына үйрене алады.

Әлемге мәлім тұлғалардың арасында да аутизм анықталған болатын. Бұл күндері олардың атын әлем жатқа білсе де жеке өмірінен бейхабар. Олардың қатарында Эйнштейн, Вангок, Ньютон, Бетховен, Ганс Христиан Андерсондар бар. Бәлкім олар, өз іштеріндегіні сыртқы ортаға шығара алмағандықтан, өз ойларын, жан айхайын жеке еңбектеріне енгізген болар. Себебі, Вангоктың түсініксіз суреттері бүгінде миллиондаған долларға бағаланады. Ал Андерсонның балалар ертегісін жарты әлем жатқа біледі.

Бір анығы, аутизм дертіне ешқандай дәрі көмектеспейді. Баланы жазу үшін дәрі дәрмекке жүгіну үлкен қателік. Әдетте, ата-аналар балаларының аутизмге шалдыққанын біліп, түсінісе алмай психологиялық соққы алып, оны емдеу жолын іздеп жүргенде бірнеше жыл өте шығады. Бұл босқа кеткен уақыт оларға яғни аутизм балаларға кері әсерін тигізеді.

Қоғам белсендісі, аутизм мәселесін нәсихаттаушы Аружан САИН

Қызылордамызда да ерекше балалар жоқ емес. Бүгінгі күні көбейген, аутизм орталықтарын көріп тұрып алға жылжуды сезіп қуанып әрі көңілге қаяу келері анық. Десе де, олардың қоршаған ортамен еркін тілдесіп, оңалуына жол ашқан азаматтар, еріктілер жетерлік.

Қаламыздағы «АРДА» орталығының негізін қалаушы Серікбаев Дәулеттің де жұмысы тікелей ерекше балаларға арналған. Себебі, өзінің де басынан өткен ұқсас жағдайдың салдары оның өмірін түбегейлі өзгертіп, өзі оқып-тоқыған темір-жол мамандығын ысырып, аутизм балаларымен жұмыс жасауды жолға қойған.

Оның егіз балаларының тілі шықпаған кезде алаң етіп, керекті дәрігерлерге тексерткен кезінде олардың сирек кездесетін аутизмге шалдыққанын анықтайды. 2008-2010 жылдары қаламызда аутизм дерті өте сирек кездесетін. Алайда, әлем бойынша 2012 жылы қарқын алаған аутизмның әсері қазақстанға да сезілді.

Ескерту: Суреттер карантиндік шектеулер қабылданбай тұрып түсірілген

Балаларын емдеу жолында ол Грузия, Қытай, Украина секілді елдерде балаларымен ем алып, өзіне керекті білімді де игере алды. Сондықтан, қанша жылғы тәжірбие оны бүгінгі күні нағыз маман қылды деп айтсақ артық емес сықылды.

Оның айтуынша ешқандай дәрі-дәрмек, мықты маман да балаға қатты әсер ете алмайды. Бұл тұста ең басты қажеттілік бала мен ата-ана арасындағы тығыз байланысты орната білу. Осы кезде ол қызмет атқаратын «АРДА» орталығында үлкен және кіші топ балалары бір мезгіл сабақ алады. Бір жақсысы, әр бала өз ата-анасымен тығыз жұмыс жасайды.

Біздің де көзімізге жиі байқала бермейтіні анық, бұны сезіну өте оңай емес. Аутизмге шалдыққан баланы барлық жерде өзгеше қабылдайтыны рас. Оны бала кезден балабақшаға да, мектепке де қабылдамайды.  Балалар ойын алаңында ойнап жүрген жағдайда оны жоғалтып алуыңыз бек мүмкін. Олар сөйлей алса да қоршаған ортаға жан сырын, ішіндегіні ақтарғысы келмейді. Олардың жанына жақын ата-аналары ғана жүрегіне тура жол таба алады.

Аталған орталыққа тіпті Тараздың төрінен арнайы келіп те балаларымен жұмыс жасап жүрген ата-аналар бар.

Ескерту: Суреттер карантиндік шектеулер қабылданбай тұрып түсірілген

Біздің қаламыздағы түрлі мектептерде қазіргі таңда инклюзивті орталықтар ашылып, жұмыс жасауда. Олардың ішінде моторика, психология, шығармашылықты дамыту мақсатында әр бала сурет салып, түрлі мүсіндер құрастырады.

Сондықтан, мәселенің өзектілігін ескере отыра БҰҰ 2 сәуірді Дүниежүзілік Аутизмді жария ету күні деп атаған екен. Даталы күнге орай әлемнің қаншама ерекше жандары жиналып, аспанға көк түсті шар ұшаратын көрінеді. Әр бала, аспан түсті шарлардай еркін қалықтап, самғасын деген ойды түсінуге де болады.

Осы орайда, өзіміздің Облыстық жастар ресурстық орталығында «АРДА»-ның белсенділері жиналып, карантиндік талапты сақтай отыра кішігірім жиын өткізіп, әр баланың мүмкіндіктерін көрсете отыра түрлі сайыстар ұйымдастырды. Ең бастысы, ежелгі дәстүрді ұмытпай бұл жолы да аспанға көк шар ұшырды.

Дамир АМАНГЕЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған