Кәсіпкерлік бөлімі өткен жылды қорытындылай келе, халықпен атқарған жұмысын елге мәлім етпек оймен ұланасыр пресс тур өткізген болатын. Бұған дейін аталған бөлімнің басшысы Бағлан Аманкелдиев өткен жылды қорытындылап баяндама жасағанымен, көзбен көргенге не жетсін? Екі күнге созылған кәсіптік нысандардың аралауының бір күнін оқырманға ұсынбақ ниетте жан-жақты саралап, артықшылықтарын қарастырдық.

 Осы орайда қалаға қарасты ауылдық округтердегі кәсіпкерлік нысандарын аралап, мемлекеттік бағдарлама нәтижесінде кәсіп ашқандардың тұрақ-жайына табан тіредік.

Қала маңындағы Қосшыңырауға барып, кәсіпкер Ғалымжан Құлжановтың шаруашылығын көріп қайтқанбыз. Ол мемлекеттік бағдарламаның көмегімен мал шаруашылығын дамытуда. 2021 жылы «Атамекен Қызылорда» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6%-бен «Жылқы малын бордақылау» жобасына 8,0 млн. теңгеге қаржыландырылды. Кәсіпкер бұл қаражатқа 18 бас жылқы сатып алып, кең қоражайға жем-шөпті молынан әкелген. Қазірде қорасындағы жылқылардың саны отызға жуық. Негізінен малды жіліктеп сатып пайда көріп отыр. Басқалай болса шығынға батамын ғой дейді. Оның үстіне қазіргі малға керек жем-шөптің де бағасы бұрынғыдай емес. Сондықтан, жіліктеп сатуда екен.

Ауылдағы тағы бір жеке кәсіпкер Айгүл Абуова 2020 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға» арналған Еңбек мемлекеттік бағдарламасы аясында Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 2,5 млн теңге несие алып тігін шеберханасын ашып жұмыс жасауда.

Өз үйінен ашқан шеберханада екі адам қызмет етеді. Біреуі өзімнің сіңілім дейді. О баста 10 сыныптан бастап тігінге деген қызығушылығы артып, әр салада қызмет еткен. Өткен жылы мемлекеттің қолдауымен кәсіп ашып, қазір жұмысын жасауда. Тапсырыс берушілер жетеді. Десе де, сапалы киім тігу үшін алдынала тапсырыс беру керек. Оның өзінде 10 күн бұрын ескертіп, сызбасын алдын ала ақылдасу қажет.

Ең алдымен 700 мың теңгеге тігін мәшинесін алыпты. Одан бөлек, өзге де шаруаларды тындыратын мәшинелер 200 мың теңгеден басталады. Әлгі заманауи тігін мәшинесінде сенсорлы экран бар. Дамыған заман деп осыны айт. Компьютермен киім сызбасын жады картасына енгізіп, қажетті сызбасын тігіп береді.

Бүгінгі күні Айгүл ханым көпбалалы ана. Табысының басым бөлігін несиеге жұмсайды екен. Әзірше мемлекеттік сатып алуға қатысып жатқан жоқ. Десе де, тапсырыспен түрлі бұйымдар тігеді. Тек тапсырыс берушілер өздері керекті маталарын әкеліп берсе болды.

Қазірдің өзінде жергілікті тұрғындардан мектеп оқушылары аталған тігін шеберханасына тапсырыс беруде. Өзге ұлттардың ұлттық киімі, қазақтың қыз жасауын тігумен де айналысады.

Әлі де қаржы алып, немесе тауып бірнеше жоспарларды жүзеге асыру қажет. Қымбат маталарға да көп қаражат керек. Оның үстіне өздері тіккен киімге маникен алып, өз киімдерін көрсетілімге де қою жоспарда бар.

 Қыс мезгілінің суықтығы, Қосшыңырауға келмеген газ тағы бар, әйтсе де тігінмен айналысатын кәсіпкер шағын цехінің суығына қарамастан қалың киімін киіп, жұмысын жалғастыруда.

Қосшыңырауды бітіріп, бері қарай қалаға келер тұста Қарауылтөбе ауылы бар. Бұл жақта да мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерге көз түсті. Жобасы ауқымдырақ. Кәсіпкер Ғалым Жұмалиев 2014 жылдан бастап мал шаруашылығымен айналысып, кәсібін дөңгелетіп отырған шаруалардың бірі. Кәсіпкер 2019 жылы қой шаруашылығына ден қойып, «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасының көмегіне жүгінген. Бағдарлама аясында 10 млн. теңгеге қаржыландырылып, 320 бас асыл тұқымды қой алып жұмыс жасауда. Бұдан бөлек жылқылар мен сиырлары да жоқ емес. Өзінің шаруашылығында бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Баратын жолы түрі жаман батпақ демесең, кәсібі жаман емес. Осының өзінде ангар салып, ішіне мал толтыруда. Одан алатын еті бар, ағарғаны бар… Кәсіптің арқасында ел қатарлы күн кешуде екен.

Бұдан кейінгі кәсіп бастаушы да мал шаруашылығын жанына серік еткен. Жалпы, халқымызды талай өтпелі қиын кездері мал шаруашылығы сақтап, аман алып қалған дегенге ешкім қарсы бола қоймас.

Кәсіпкер Жомарт Ниязбаев жылқы, сиыр шаруашылығын қолға алып, ата кәсіпті дамытқан шаруа. Алғашында, 2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға» арналған бағдарламасы аясында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымынан 4,0 млн. теңге, кейін 2020 жылы малды бордақылау бағытында «Сырдария-1» несие серіктестегі арқылы 6 пайызбен 6 млн.теңге қаражат алып, кәсібін жандандырған. Тағы да шалшық жолды кешіп отырып, кәсіп орнына, мал бағатын жеріне бардық. Аумаққа екі үлкен ангар салып, жылқы мен сиырға толтыруда екен. Төрт түліктен келетін ет, ағарғанның бәрін дұрыс жарата білсең ақшаға айналары рас. Мал қорасының тұсынан үй салып, бүтін бір отбасыны жұмыспен қамтуда. Қазіргі таңда кәсіпкер малдың бабына келуіне қарай ет өнімдерін сатып, малды бордақылаумен айналысып келеді. Бие сүтіне сұраныстың жоғары болуын ескеріп, бие сүтін өндіруді ұлғайтуды көздеп отыр. Сонан кейінгі атбасын бұрған ауыл – Қызылжарма.

Бұл жақта он жылдай саудамен айналысып жүрген кәсіпкер Перизат Алимбаева 2021 жылы өз қаражаты есебінен азық-түлік дүкенін ашып, қаражат айналымын толықтыру мақсатында «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 3 млн. теңге көлемінде қаражат алып халыққа қызмет көрсетуде. Іші үлкен дүкенді азық-түлікке толтырған. Орналасқан жері ауыл орталықтарының бірі. Бастысы таңдау көп. Жеміс-жидектер мен көкеністер, сусынның түр-түрі бар. Алдағы уақытта шама келгенше барынша төменгі бағада сатпақпын дейді кәсіпкер. Дүкеніне бірнеше адамды саудагер, зат қоюшы қылып жұмысқа да алған.

Қызылорда қаласында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жоба құны 1 млрд. 425 млн. теңгені құрайтын 149 жоба несиелендіру арқылы қаржыландырылған. Оның ішінде 30,2 пайызы, яғни 45 жоба қалаға қарасты кент және ауылдық округтар тарапынан ұсынылған. Сондай-ақ, шағын кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлік негіздерін түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жалпы құны 26,9 млрд. теңгені құрайтын 2532 жоба қолдау тапқан.

 Соның бірі, Қызылжармадағы теңдессіз көлік жуу орталығы болып табылады. Орталық әлі өз жұмысын бастамаған. Керекті құралдарына тапсырып беріп, күтіп отырған көрінеді. Көпбалалы ана Гүлназ Құдайбергенова 2021 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы 6%-бен 6 млн. теңге қаржы алған. Бұл қаржыға үш бокстан тұратын көлік жуу орнын салған. Оның біреуі жүк көліктеріне арналған. Өзіне өзі қызмет ететін көлік жуу орталығына керекті қондырғының екеуіне тапсырыс берген. Жеңіл көлік қондырғысы 1 200 000 теңге болса келесісі одан екі жүзмыңға қымбаттырақ. Кез-келген адам қондырғыға ақша салып, ақшасы таусыламын дегенше көлігін жуа алады. Кем тұстарының бірі көлік жуу орнының айналасында тегіс жолдың болмауы. Жазда топырақ, қыста балшық болады екен. Бұл аумақты асфальттауға шамамен 3 миллиондай қаржы керек көрінеді. Кәсіп иесі көлігін сатып болса да қалайда ақша тауып, өз мақсатын жүзеге асырмақшы.

Қазіргі таңда кәсіпкерлік пен туризм бөлімінің басшысы Бағлан Аманкелдиев қалаға қарасты ауылдық округтер мен кент тұрғындарымен кездесу жұмыстарын жүргізіп, биылғы жылы кәсіп бастауға қолайлы мүмкіндіктерді түсіндіруде.

2021 жылы Қызылорда қаласында «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 23,4 млрд. теңгені құрайтын 1234 жоба қаржыландырылған. Қалаға қарасты елді-мекендер тарапынан жоба құны 1 млрд. 753 млн. теңгені құрайтын 45 жоба қолдау алса, жаңа бизнесидеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша жалпы құны 144,3 млн. теңгені құрайтын 36 жоба грантқа ие болған.

Мемлекеттік қарапайым заттар экономикасына зейін қойып жатқандығының себептері көп. Біріншіден бұл кәсіп түрлері тұрғындарды жұмыспен қамтуда өте көп септігін тигізеді. Әрі жергілікті бүйжетке де оң әсерін бермек. Біздің екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтар кейде шекара асып, Қытай, Корея сынды елдерге жұмыс іздеп барады. Ол жақта жұмыс та көп, жалақы да жоғары дейді білгіштер. Сондағы жұмысы қалам самқа сия құю, қағаз жапсыру, қорап тасу сынды айтарлықтай ауырлығы жоқ жұмыстар. Жалақысы да тым жоғары. Неліктен жұмысы оңай болса да жалақысы көп? Себебі олар сол елдің қарапайым заттар экономикасының ілгерілеуіне септігін тигізуде. Дәретхана қағаздары, сабын, қалам-саптың барлығы қарапайым заттар. Елене бермесе де еш адам қарапайым заттарсыз күн кеше алмас. Есесіне сұраныс та жоғары, қаржы да көп, жұмысы да қиын болмайды екен.

Дамир АМАНГЕЛДІ

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here