Қалаға жақын Абай ауылына сағат сайын автобус қатынайды. Қаланың ішімен өтіп, ауылдықтарды жинап алып, елге қайтады. Ішінде отырған барлық жолаушы бір-бірімен танысбіліс. Жағдайларын сұрасып, бір қаннан жаралған бауырдай әңгімесін айтып ауылға барады. Бұл да бір қызық. Әсіресе, қалалық балаға жат көрінері анық.

Осы бір ауылға аң аулағыштардың көзі көп түседі. Демалуға біразы келіп тұратын көрінеді. Бір қызығы, қалаға жақын болса да жабайы табиғаты сақталған. Бұлай дейтінім, ауылға барар жолда ешкім жоқ. Тура жолда ызғып келе жатып, жол жиегіне қонған бүркүтке көз түсті. Тура өзі, шатастыру мүмкін емес. Олар адам бар жерге көп жолай қоймайды. Демек, азықтың жоқтығы сезіліп жатқан болар. Метрге жететін қанатын жайып,самғап кетті.

Аялдамадан түсе сала ауылдың тіршілігі тым тыныш екені байқалды. Аялдамаға жарық орнатып, жан-жағын оюлап қойыпты. Осынысы ұнады. Ал жарнама ілетін орынға әкімдіктің карантинге байланысты қаулылары ілініп тұрады. Біз барғанда тура жолда бір трактор жөтеліп, әзер жүріп келе жатты. Артындағы арбасына шөп толтырып алған. Ауылдың орақты азаматтары таң атпай шөпке кетеді.

Таңғы 5-тің өзінде жолға шығып, ісіне кіріседі. Таң ата біздің жақта күннің қалай ыситынын біразы біледі. Одан қалса, таңға дейін малға да жем-шөп табу керек. Таңғы бес бола ауылдың бәрі малын сыртқа шығарып, күріштікте жүргендер жұмыстарына кетеді. Жас балалар шөп оруға кіріседі.

Осы бір тіршілігі қайнаған ауылда жерлесіміз кәсіп ашып, тігін шеберханасының жұмысымен айналысып отыр екен. Жеке кәсіпкер Айгүл Абуова 2020 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға» арналған Еңбек мемлекеттік бағдар­ламасы аясында Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 2,5 млн теңге несие алып тігін шеберханасын ашып жұмыс жасауда.

Өз үйінен ашқан шеберханада екі адам қызмет етеді. Біреуі өзімнің сіңілім дейді. О баста 10 сыныптан бастап тігінге деген қызығушылығы артып, әр салада қызмет еткен. Өткен жылы мемлекеттің қолдауымен кәсіп ашып, қазір жұмысын жасауда. Тапсырыс берушілер жетеді. Десе де, сапалы киім тігу үшін алдын-ала тапсырыс беру керек. Оның өзінде 10 күн бұрын ескертіп, сызбасын алдынала ақылдасу қажет.

Ең алдымен 700 мың теңгеге тігін мәшинесін алыпты. Одан бөлек, өзге де шаруаларды тындыратын мәшинелер 200 мың теңгеден басталады. Әлгі заманауи тігін мәшинесінде сенсорлы экран бар. Дамыған заман деп осыны айт. Компьютермен киім сызбасын жады картасына енгізіп, қажетті сызбасын тігіп береді.

Бүгінгі күні Айгүл ханым көпбалалы ана. Табысының басым бөлігін несиеге жұмсайды екен. Әзірше мемлекеттік сатып алуға қатысып жатқан жоқ. Десе де, тапсырыспен түрлі бұйымдар тігеді. Тек тапсырыс берушілер өздері керекті маталарын әкеліп берсе болды.

Қазірдің өзінде жергілікті тұрғындардан мектеп оқушылары аталған тігін шеберханасына тапсырыс беруде. Өзге ұлттардың ұлттық киімі, қазақтың қыз жасауын тігумен де айналысады.

Әлі де қаржы алып, немесе тауып бірнеше жоспарларды жүзеге асыру қажет. Қымбат маталарға да көп қаражат керек. Оның үстіне өздері тіккен киімге маникен алып, өз киімдерін көрсетілімге де қою жоспарда бар.

Тәуір қондырғы алып, өз өнімімізді де өндіретін уақытқа жеттік. Қашанғы Түркия мен Қытайды байыта бермекпіз?

Бұл аса қиын шаруа емес секілді. Технология ойлап табудың керегі шамалы. Тек дизайнын сызып, тігіп отырсаң болды. Біздің жұрт отандық өнімді қашан менсінеді екен деп те ойлап қоямыз. Сондықтан, киім қажет болса өзімізден шықсын, ақшамыз өзіміздің жұртқа бұйырсын деген ұранды миға сіңдіретін уақыт жеткендей…

Д.АМАНГЕЛДІ

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here