Бүгін көзін таба білсең кез келген шаруаны өрге домалатып әкетуге болады. Қай саланың болмасын тізгінін сәтті ұстай білсе, одан келер нәтиже де, көрер пайда да осал болмасы айқын. Айталық, бір ғана кәсіпкерлік саласының облыс орталығында алға ілгерілеуіне тұрғындар тарапынан да үлес бар…
Жалпы мемлекет бойынша кәсіпкер болуға ынталыларға жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылған. Мемлекеттік бағдарламалар аталған саланың дамуына, біреулер үшін кәсібін ілгерілетуге қолғабыс болса, енді басқалары жиған-терген тиынымен де тірлік бастап жүр. Одан нәпақа табудың оңтайлы жолын білген соң, кәсібін кеңейту үшін үкіметтің үкімімен ұсынған бағдарламалардың тиімділігіне көз жеткізуде. Айта берсек мысал да жеткілікті.
Қазір қаланың қақ ортасынан ғана емес, кез келген бұрыштан кәсіпкерлік нысанды аңғаруға болады. Ол азық-түлік сататын дүкен ғана емес, түрлі өнімдерді ұсынатын орталық болуы да мүмкін. Тіпті, киім тігетін, тағы да басқа бағыттағы цех та кезігеді. Бұл бір ғана кәсіпкерлік саласының сан қырлы түрі біздің қала бойынша да жетіліп жатқанын айғақтайды.
Қызылорда қаласында шағын және орта
бизнестің дамуы қалай?
Бұл сауалға Қызылорда қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Аманкелдиев былай деп жауап берді:
Ағымдағы жылдың 1 қазанына қала бойынша 26772 шағын кәсіперлік субъектілері (заңды тұлға 6125, дара кәсіпкерлер 18987, шаруа қожалықтары 1660) тіркелген (2020 жылдың 1 қазанына 26021 нысанды құраған). Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны 22762 нысанды құрап (заңды тұлға 4370, дара кәсіпкерлер 16 871 және шаруа қожалықтары 1521).Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,8 пайызды көрсетуде.
Ағымдағы жылдың басынан бері мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жалпы құны 13,5млрд.теңгені құрайтын 1417 жоба қолдау алды.
Атап айтсақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында қалада 2021 жылдың басынан бері 567,1млн.теңгені құрайтын 68 жоба несиелендіру арқылы қаржыландырылды.
Аталған бағдарлама аясында жаңа бизнес – идеяларды іске асыруға мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру бағыты бойынша комиссия шешімімен құны 379,2 млн.теңге болатын 654 адамның жобасы қолдау алды.
«Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында бүгінгі таңда жалпы құны 11,5 млрд.теңгені құрайтын 653 жоба қаржыландырылды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша биылғы жылы жалпы құны 144,3 млн. теңгені құрайтын 36 жоба грантқа ие болды. «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы бойынша басымдық берілген жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы аясында жоба құны 937 млн теңгені құрайтын 6 жоба қаржыландырылды.
Сондай-ақ, бөлім басшысының сөзінше, қала көлемінде және қалаға қарасты ауылдық округтер мен кент тұрғындарына бизнестің қыры мен сыры түсіндіріліп, аталған салаға тиесілі ақпараттар кеңірек насихатталуда. Осы бағытта қаржы институттары мен несие ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен тұрғындар үшін арнайы кездесулер де ұйымдастырылуда.
Тіпті, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытында тауар өндірушілердің өнімдерінің көрмелері жиі өткізіліп, көпшіліктің назарына ұсынылады. Бұның өзі тауарды өндірушілердің саудасының әрі қарай да сәтті жүріп, кәсібінің алға ілгерілеуіне септігін тигізері анық. Сонымен, жергілікті кәсіпкерлердің жұмыстарына тоқталайық.
Травертин сұйытылды

Құрылыс саласында жұмыс істеп, бірнеше зәулім ғимараттардың салынуына түрткі болған қызылордалық Жасұлан Абилов бір саламен шектелмеуді жөн көрген сынайлы. Ол енді құрылысшы ғана емес, кәсіпкер ретінде де тірлік бастауға 2019 жылы ниеттеніп, ойға алған жұмысын бастаған. Бүгінде қала көлемінде сұранысқа ие сұйық травертинді өндіруде. «Осыған дейін жұмыс барысында аталған өнімді өзге облыстардан тасымалдайтынбыз. Неліктен өз қаламызда өндірмеске деген ой туындап, өнімді өндіруге тиісті ақпараттарды зерттей бастадым. Енді сырттан тасып әуреге түспейміз. Үй, кеңсе құрылысына қажет тауарды тек қала тұрғындары емес ауыл, аудандар да жиі сатып алады», – деді кәсіпкер Жасұлан Абилов. Ол осы жылы «Микробизнес Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 2 пайыздық несиелендіру бойынша 10,0 млн.теңге қаражатқа қол жеткізген. Айтуынша, ендігі мақсаты – цехты кеңейтіп, өзге де тауарларды өндіретін өндіріс орындарының жұмысын жетілдіру екен. Бұл өндіріс орнында сұйық травертиннің көмегімен текстураның түр түрі дайындалады. Нәтижесінде салынып жатқан нысанның интерьеріне, сыртқы көрінісіне әдемілік береді. Көптің талабын ескере отырып, сапалы өнім шығаруда мамандардың біліктіліктері де жоғары болғаны ләзім. Осы бағытта кәсіпкер мамандарды Қырғызстан еліне және Алматы қаласына тәжірибе жинақтауға жіберетінін жеткізді. Оларға тиесілі жалақы мөлшері де көңіл қуантарлық және тұрақты. Ал тауардың бағасы қалтаға қонымды.
«Таза»-ның сабыны таза ма?
Тұрмыста күнделікті қолданыста болатын заттарға көпшілік тарапынан сұраныстың толастамайтыны белгілі.
Оның үстіне елді мекенде әлі дамымаған кәсіп түрін тандасаңыз, ісіңіздің сөзсіз алға жылжитыны бар. Әйткенмен, кәсіпті тиімді жүргізіп, халыққа сапалы тауар ұсынуды да ұмытпағайсыз. Осы әдісті ұстаным еткен жас кәсіпкер Дәулет Ізбасарұлы қаладағы кәсіпкерлік саласының дамуына өз үлесін қосып жүргендердің бірі. Оның бастауымен ашылған цехта күніне 1500-ден аса сабын өндіріледі. Бағалары да мөлшеріне сәйкес бағаланады. Алайда, цех басшысы шикізаттың қымбаттауы сабын бағасының да артуына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Бүгінде 110 теңгеден облыс көлеміндегі сауда орындарына тасымалдануда. Кәсіп иесінің айтуынша, сабын құрамы табиғи қоспалармен қамтылғандықтан да болар Қызылорда облысынан өзге Нұр-Сұлтан, Ақтөбе тұрғындары тарапынан да сұраныс саны артқан.
Сабын цехы жыл басында іске қосылған. Небәрі 11 айда кәсіпке салған қаржы өзін ақтап та үлгерген екен. Демек, біздің қалаға керек кәсіп түрлерін осыдан-ақ бағамдай беруге болатындай. Цехта әзірге 3 ауысыммен 12 адам жұмыс істейді. Сәтін салса өндіріс орнын кеңейту кәсіпкердің ендігі жоспарының бірі. Сондай-ақ, ол алда ұнтақ өндіруді қолға алмақ. Ол үшін Дәулет Ізбасарұлыағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы грантқа қатысып, 4,5 млн.теңге қаржылай қолдауға ие болған.
– Қазіргі таңда ұнтақ өндіруге мүмкіндік беретін цех құрылысын жүргізудеміз. Алдағы уақытта «Таза ұнтақ» атауымен сатылымға шығармақпыз. Ал, бүгінде табиғи таза, сапасы жоғары сабын өнімдерінің өлшеміне қарай 5 түрін өндірудеміз. Цехта 20-дан астам адам еңбек етеді,- деді, жас кәсіпкер.
Жартылай фабрикатталған өнімдер жаңалық па?

Рас, бұл сауалдың жауабы көпшілік үшін де қызық болары сөзсіз. Алайда, қызкеліншектердің тіршілігі қауырт қазіргі күнде жартылай фабрикатталған өнім түрлерінің сұранысқа ие екенін кәсіпкер Жансия Альсеитова дәлелдегендей. Ол мейлі, қала көлемінде өзінің бәсекелестері көп болғанымен, сапалы әрі табиғи, таза өнім болуы маңызды екенін алға тартты. Сонда ғана тұтынушылар тарапынан белсенділік болады дейді. Бүгінде бір емес бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлік нысанда жартылай фабрикатталған өнімдердің 30-ға жуық түрі әзірленеді.
«Good food Qyzylorda» жартылай фабрикаттаған өнімдер өндіретін цех иесі, кәсіпкер Жансия Альсеитова: -2019 жылдан бастап жартылай фабрикатталған өнімдер өндірісімен айналысудамын. Ағымдағы жылы цехты кеңейту мақсатында «Микробизнес Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 2 пайыздық несиелендіру бойынша 10,0 млн.теңге қаражатқа ие болдым. Бөлінген қаржыға өндіріс орны заманауи құрал жабдықтармен жабдықталды, нәтижесінде күніне жартылай фабрикатталған 90-110 кг өнім өндіруде. Мәселен, түшпаралар дайындауға автоматтандырылған құрылғы минутына 1 кг тұшпара әзірлейді. Алайда, көпшілік тарапынан қолдан әзірленген тұшпараларға сұраныс жоғары.
Кәсіпкердің ендігі мақсаты – кондитерлік өнім түрлерін әзірлеп, сатылымға шығару. Сондай-ақ, бөлшек сауда желілерінен бөлек, сауда орталықтарымен келісімге келіп, бірлесе тауар сату болуда.
Киім кімге де керек…
Киім өндірісі десе, ойымызға Қытай, Түркия және Бішкектің тауарлары оралатыны жасырын емес. Бүгінге дейін шет және көршілес мемлекеттердің саудасын қыздырып жүрген біздер үшін өз өнімдерімізді өндіретін сәттін келіп жеткені де қуантады. Алайда, отандық өнім десе қалтаға ауырлық салып, кез келгеннің сатып ала алмайтыны белгілі еді. Бірақ, өзімізден өндіретін нақтырағы Қызылорда қаласынан тігілетін киім түрлерінің бағалары көпшілік үшін тиімді. Нақтырағы «Almatex» тігін фабрикасының өнімдері баға жағынан ғана емес, сапасы бойынша да көңіл қуантарлық.
«Almatex» тігін цехының иесі, кәсіпкер Гүлназ Хожаева: – Киімдердің матасын Түркиядан арнайы алдырамыз. Жаз мезгілінде көйлекке, қыста спорттық киімдерге сұраныс артады. Көйлектердің бағасы 6 мың-нан 20-мынғаға дейін барса, спорттық киімдер 16 мыңнан 20 мыңға дейін бағаланады. Жасыратыны жоқ, қызылордалықтар отандық өнімдерді енді қолдап жатыр. Өнімдер тек облыс көлемінде ғана емес сұранысқа сәйкес Алматы, Атырау қалаларына да тасымалданады. Бұл цехта үй киімдері мен кеңселік киім үлгілері де тігіледі. Кәсіп иесі мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін пайдаланып, цехты кеңейтуді көздеп отыр. Ол тауарлары екі-үші облыс ғана емес, Қазақстан бойынша сұранысқа ие болуды қалайды.
А.ӘЛИАРЫСТАН