Қызылорданың ыстығында еңбек етіп жүрген жандарға алтыннан да ескерткіш қойса артық етпес. Түс ауа сынап бағанасы 49,9 градустан асып жығылды. Теледидардың ауа-райы алдады ма деп те ойлап қоямыз. Сөйте тұра, қаладағы тәуір жерден кәсіп ашып, өз-өзіне би болып отырған бір кәсіпкермен жолығуды ұйғардық.
Құдай бере салған автобус паркінің қоғамдық көлігіне отырып алып, Қорқыт Ата көшесінің бойымен ызғи түстік. Ішіндегі ыстықтық сөзбен айтсаң да сездіре алмас, суреттесең де ойға келтіре алмастай. Біз бұны жаңа автобус деп еркелетіп жүрсек, бұл құрғырдың салқындатқышы да қосылмайды екен. Өздерінше ашып қойған терезесінен ыстық жел соғып, біраз әбігерге түсірді. Енді мінбестей жұлқынып түсіп кеттім. Сөйсем, әлгі ағамыз жайлы жерде кәсібін дөңгелетіп отыр екен. Дәл алды көліктің де, қоғамдық көлік те баратын жолдың бойы. Ашқан кәсібінің түрі көлік жөндеу екен.
Жалпы, о баста сол арадағы үлкен аумаққа бір жеке кәсіпкер 16 бөлмелі ғимарат салып, әр қайсысын көлік жөндеуге арнайы жасапты. Олар өз тілінде сол бөлмелерді бокс деп атайды. Біз барған кәсіпкер Талғат Сайлауұлы сол арада екі боксты жалға алып, көліктің, оның ішінде электрикасын оңдаумен айналысады екен. Екеуін жалға алып, шамамен әр біріне 45 мың теңгеден айына төлеп отыр.
Ал ендігі қызық мынада, ол кісі мемлекеттің кәсіп ашуға бағытталған бағдарламасы жайлы түк естімеген. Абырой болғанда, қасында жүрген інісі құлағдар етіп, ойланбастан жобасын әзірлеп, кәсібін жандандырған. Мелекеттік бағдарламамен қайтарымсыз грант ұтып алған. Оның көлемі, қаражаты көпке мәлім. Сол 500 мың теңгенің маңайы. Бір қарағанда, бұл ақшаға түк те жасай алмайтындай, жолда қалған ақшадай көрінеді. Бірақ, тілін тапсаң, оңды-солды шашпасаң пайдаға асыруға болады екен. Ең алдымен үкіметтен алған қаржыға көлікті сканерлеу, кілттер, дрель секілді керек заттарды алған. Олардың өзі құдай бере салған Қытайдан келген. Десе де, ақжүрек аға кәсіпкер алған заттарының барлығын көрсетіп, қайтарымсыз гранттың бір пайдасын айтып мақтануда.
Бүгінгі күні қасына бір көмекшісін ертіп, білгенін үйретіп, өзі де біраз көліктерді қабылдап, жөндеуден өткізеді. – Біз қазір халықтың қалтасында ақша жоқ екенін білеміз. Қатып қалған баға жоқ. Келіссек, бағасын түсіріп те істеп береміз,- дейді. Осы бір жаз мезгілінде көліктер көптеп келетін көрінеді.
Көбіне, орталықтандырылған құлып, стартерлері істен шығып, сонымен айналысуда. Ал негізінен, жазғы кезде көліктердің салқындатқышы істемей қалады, суы қайнап кетіп жатады. Ал қыстың күні оталмай қалып жатады. Термодатчик сынды құрылғылар істен шығады дейді. Жалпы айналаға қарасақ, көлік те еселеп қымбаттауда. Осы ретте келетін көліктердің ескі болуы, олардың тез істен шығуының себепкері көрінеді. Қазірдің өзінде жұрт арзан көлік іздеп, Ресейден салдырлақтар тасуда.
Өз кезегінде, еселеп көбейген арзан, ескі көліктер осы көлік оңдағыштардың кәсібін жүргізетіні айдан анық. Негізі, Талғат Сайлауұлы сол жас кезінде училищеде көліктің қыр-сырын үйреніп, мамандық алып шыққан. 2018 жылдан бері осы іспен айналысып, кіріс көзіне айналдырған. Ал былтырғы жылы үкіметтен алған 500 000 теңге зор көмек болды деп қуанып қояды. Алдағы мақсат қандай, арман мен ой бар ма десем, өзіме бір шағын ғимарат салып, ешкімнен ештеңе жалға алғым келмейді дейді. Кім білсін, бәлкім, арманы орындалар. Ең жақысы, Талғат Сайлауұлы кәсіп бастар кезінде қалтасында түк те болмаған. Демек, сол 500 000 грантпен біраз іс тындыруға болады екен.
Арасында әкімдік қызметкерлері келіп, кәсіптің ретін тексеріп, бақылап отырады. Көлік бұзылса сізге әкелеміз, сапалы жөндейсіздер деп айтып кетеді екен. Бұның өзі жеңіс емей немене?
Осындай жақсы жаңалықтарымен бөліскен ағамыз ақ жол тілеп шығарып салды. Көшедегі ыстыққа қайта шығып, түріктің моншасындай ыстық автобусқа мінгім де келмеді. Құрсын, жолай көлік табылар…
Д.АМАНГЕЛДІ