(ШАРА (ГҮЛШАРА) БАЙМОЛДАҚЫЗЫ ЖИЕНҚҰЛОВАНЫҢ ТУҒАНЫНА 110 жыл )
Американы қайта ашайын деп отырған жоқпын. Cирек кездесетін талантымен әлем халқын тәнті еткен би падишасы Шара Жиенқұлова (1912-1991 жж.) апамыздың Сыр еліне тікелей қатысы барын елге жеткізу үшін ұсынып отырмын. Тума таланттардың өмірі толағай түйткілдерден тұратыны да өмір шындығы. Қазақтың ұлттық өнерінің негізін қалаған Құрманбек Жандарбеков (1905-1975 жж) – апамыздың бірінші күйеуі. Ал апаның екінші күйеуі жайлы «Өмірім менің –өнерім» атты Шара апамыздың мемуарлық кітабының (Алматы-1992 ж.) әдеби жазбасын жасаған Шарбану Құмарованың естелігіне жүгінсек:- кейінгі күйеуі ұшқыш болған. Онымен біраз тұрып, кейін ажырасып кеткен. Сол кісі жайлы «Қанатты батыр» деген тарау жазылған. Бірақ апай кейінірек соны кітапқа енгізбей-ақ қоялықшы депті. Шара апа ұшқыш Жолдасбек Нұрымов жайлы тарих беттерін кейінгілердің ризашылық сезіммен парақтайтынына да сенімді болған деп жазыпты. Шара апамыздың болжамы шындыққа айнала бастады. Қос тұңғыштың (би-ұшқыш) тарихи тағдыры шындығын Жәнібек Исаев ініммен алғаш көтергенімізді ризашылық сезіммен еске аламын. Сөзімнің дәлелі ретінде: Ж.Исаевтың «Вместо сердце пламенный мотор», менің «Тоғысқан тұңғыштар тағдыры», «Ұрпақтарымен ұлықталған ұшқыш», «Италияда қарындасым тұрады» деген мақалаларымда Сырдария ауданына қарасты қазіргі Амангелді ауылының тумасы, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш би падишасы Шара Жиенқұлованың күйеуі болған Жолдасбек Нұрымов туралы толығырақ айтылған-ды. Биыл қазағымыздың атын би өнері арқылы әлемге паш еткен. Сыр елінің келіні болған Шара Жиенқұлованың туғанына 110 жыл. Сондықтан Шара апамыз жайлы Сыр халқына толығырақ мәлімет берудің реті өзінен –өзі сұранып тұрғандай.
Ш.Жиенқұлова 1912 жылы 18 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Баймолда Жиенқұлұлы Жетісу өңіріне қадірлі, беделді діндар адам болыпты. Оның алғашқы әйелі Нұрбібі 14 қыз көтергеннен кейін, ұлдың келуін күткенмен, екінші әйелі Айаш та 15ші қыз – Шараны өмірге әкеледі. Кейін қатарынан үш ұл туып, Айаш апа Баймолда әулетінің географиясын кеңейте түседі. Әкесі Шараны 7 жасынан бастап діни бағытта тәрбиелейді. Үй жайы Алматыда болғанмен, жазда қырғыздармен шекаралас «Көкбайрақ» аталған жайлауда жас кезінен бастап Шара апамыз қазақтың алтыбақан, ақ сүйек ойындарын, ескі әндерін бойына сіңіріп өседі. Баймолданың ағасы Сұлтанғазы Алматыда алғаш комсомол ұйымына, баспа-ағарту салаларына жетекшілік еткен қайраткер. Болашағын кеңінен болжай білетін Сұлтанғазы ағасы Шараны орыс мектебіне беруге ықпал жасайды. Жастайынан биге құмар биші қыз атанып, 1928 жылы 16 жасында Алматыда «Орион» клубында Шара апа алғашқы концертін өткізеді.
Д.А.Қонаевпен бір сыныпта оқыған Шара апа: -Класста ұзын бойлы Димаш деген бала орысша жақсы біліп, жетік оқыды, біз оған орысша жазба жұмыстарымызды тексеріп, есебімізді шығарып бер деп жалынатынбыз…. кейін ол мектепті үздік аяқтап Москваға оқуға кетті деп еске алыпты. Сұлтанғазы ағасының көмегімен Шара апа қазақ педагогика институтына оқуға түседі. 1928 жылы Қазақстанның астанасы Қызылордадан Алматыға көшірілген кезде, Шара апаның өнер саласындағы жаңа хәм жарқын өмірі басталды. Қазақтың дарынды ұлдары Қ.Қуанышбаев, Е . Өмірзақов, С. Қожамқұлов , Ә .Қашаубаев, И .Байзақов , Қ.Жандарбеков, Қ. Байсейітов , Ж.Шанин т.б. қызмет жасаған А л м а т ы д а ашылған театрға Шара мен Күләш апалар да шақырылады. Өзін талантымен таныта білген Шара алғаш рет Б.Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліш ролін тамаша ойнайды.
1929-1934 жылдары театрдағы қызметі кезінде қазақ және шетел драматургтерінің шығармаларындағы басты ролдерде ойнаған Шара апа актер ретінде де елге танымал бола бастайды. Бірақ биге деген мүмкіндігі мен ықыласы, құмарлығы соған жетелей беріпті. 1934 жылы Музыкалық драма театрына (қазіргі Қазақ опера және балет театыры) ауысты. Мұнда М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық драмасында Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» операларында ұлттық билерді орындайды.
1933 жылы қыркүйек айының 8-і күні «Ұлттық өнерді дамыту шаралары туралы» БК (б) П Қазақстан өлкелік комитетінің қаулысы шықты. Сол кездегі халық арғарту комиссары Т.Жүргенов осы қаулыны негізге алып, Шара апаны Ташкент шаһарына жіберіп, бишілер Тамара ханум, Муккарам Тұрғанбаевалардан өзбектің «Қатта ойын» деген биін үйреніп келуге тапсырма береді. Қазақстанның 15 жылдық мерекесіне арнайы келген «Бүкілодақтық староста» атанған М.И.Калинин басқарған қонақтардың алдында өзбек дабылшысының сүйемелдеуімен осы биді тамаша орындайды. Жоғарыда аталған қаулыға сәйкес Алматыда Мемлекеттік музыка студиясы құрылды. Сондықтан қазақ драма театры әнге, биге бейім Ә.Қашаубаев, К.Байсейітова, И.Байзақов, Қ.Жандарбеков, Қ.Байсейітов және К.Жиенқұлованы жаңа ашылған студияға ауыстырады. 3-4 айдың ішінде студия түлектері бірінші рет сахна пернесін 1934 жылдың 10 қаңтарында «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен ашады. Музыкалық театрдың екінші спектаклі революциядан бұрынғы қазақ ауылының өміріне арнап жазылған Б.Майлиннің «Шұға» пьесасын сахналап, онда Шара әрі билеп, әрі Күлзипаның ролін орындайды. Театр көп ұзамай халық арасында кең тараған «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» операларын саханалайды. Қазақтың би өнерінің алғашқы қалыптасуы кезінде өлшеусіз еңбек еткен ұлттық балет өнерінің дамуына игі ықпал жасаған Кеңес Одағы Үлкен театрының бишісі әрі балетмейстер – педагогі А.А.Александров еді. Нарком төрағасы Т.Жүргенов ол кісіні Алматыға арнайы шақырып театрға алғызады. Шара апаның би өнеріндегі алғашқы ұстазы да осы кісі еді.
1936 жылдың мамыр айының 17-28 күндері Москвада қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігі өтті. Онда «Қыз Жібек, «Жалбыр» спектальдерімен бірге А.Жұбановтың тікелей басшылығымен ұйымдастырылған КазЦИК атындағы халық аспаптар оркестрі (қазіргі Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі) жұртшылықтың назарын бірден аударды. Мамырдың 26күні Үлкен театрда қорытынды концерт өтіп оған И.В.Сталин бастаған саяси бюро мүшелері түгел қатысады. Шара апамыз орындаған қазақ билеріне көпшілік көрермендермен бірге Сталиннің өзі ризашылықпен қол соғады.
1938 жылы қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Амангелді» түсіріліп, онда Шара апамыз батырдың жұбайы, әрі серігі Балымның ролін орындайды. Көп ұзамай Шара ұлттық би ансамблін ұйымдастыруға кіріседі. Театрда өз орнына жас бишілер Н.Тапалова мен К.Карабалинованы, биші жігіттер арасынан А.Бекбосыновты дайындайды. Аталған есімдер қазақ ұлттық би өнеріне зор үлес қосқан тұлғаларға айналды. Шара ұйымдастырған ансамбльдің біраз мүшелері 1959 жылы Нью-Йоркте өткен көрмеде Американың бірталай қалаларын аралап, онда Шара апамыз «Көкпар» биін нақышына келтіре орындап көпшілік құрметіне бөленді. Шара апаның репертуары қазақ билерімен ғана емес, басқа ұлттардың билерімен байи түсті. 1941 жылы Мәскеуге Одақтық эстрада өнерінің байқау конкурсына Ж.Омарова мен Шара апамыз қатысуға келгенде, соғыс басталып кетеді. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің бұйрығы бойынша артистерді бірнеше үгіт бригадаларына бөліп, әскери киім беріп майдан шебіне жібереді. Шара апа да өз ансамблімен соғыс жүріп жатқан еліміздің батыс аудандарына аттанады. Әскери сапардан Мақтау грамотасын, гвардияшылар киетін қара бурка мен қолға ұстайтын сәнді таяқты сыйға алып аман-есен Москваға оралады. Сөйтіп Мемлекеттік қорғаныс комитетінде екінші рет Сталинмен жүздеседі. Шара апамыз өз еңбегімен тапқан қаржысына Қызыл Армияға көмек ретінде танк сатып алып берген болатын. Соғыс барысын жіті қадағалап отырған қолбасшы И.В.Сталиннен Шара апамыз телеграмма да алған. Соғыс басталған кезде майдан шебінде болған Шара апа күйеуі ұшқыш Ж.Нұрымовпен кездесе алмайды. Екінші рет 1942 жылы КСРО халық әртісі Людмила Руслановамен бірге екінші Украйна майданында болып, үш айдай алдыңғы шепте концерттер қояды. Осы сапарында Жолдасбек ағамен кездесіп бірге болады. Мына сурет сол кезден қалған екеуінің қуанышты сәттерінің ескерткіші болса керек.
Соғыстан кейінгі жылдары қызметін қазақ филормониясында жалғастырып 1962-66 жылдары қазақ ән-би ансамблінің басшысы, 1975 жылға дейін Алматы хореография училищесінің директоры қызметін атқарды. Ол қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып, ұлттық би өнерін ғылыми тұрғыда терең зерттеп, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүр халық билеріне жаңа дем берді. 1938 жылы «Амангелді»кинофильмінде Балым ролін сомдаған Шара апамыз Ш.Аймановтың 1957 жылы түсірілген «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде қазақтың мың бұралған бишісі ретінде өзін-өзі сомдады.
Би падишасы ретінде туған халқының есінде мәңгілікке қалған Шара апамыз Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ленин, екі мәрте Қызыл ТУ, «Құрмет белгісi» ордендері мен бірнеше медальдардың иегері. «Қазақ биі», «Сымбат», «Өмірім-менің өнерім», «Би құпиясы» кітаптарының авторы.
Мақаламыздың негізгі арқауы болып отырған Д.Қонаев, Ш.Жиенқұлова, Ж.Нұрымов ағаларымыз бен апаларымыздың өмір жолдарындағы кейбір сәттерінің бір-біріне байланыстылығы оқырмандарымызды бей-жәй қалдырмас деген ойдамын. Үшеуі де бір жылдың тумалары (1912 ж.) Жоғарыда Шара апамыздың сыныптасы болған Д.Қонаев жайлы естелігін келтірдік. Енді бүгінгі Жаңа Қазақстан жағдайында есімі қайта еленген Д.Қонаев атамыздың Шара апамыз жайлы мына естелігін келтіргеннің артықтығы болмас. -Мен сондай сиқырлы өнер иесі деп Шарашын аты Гүлшара Жиенқұлованы айтар едім. Ол да Алматының қызы, түйедей құрдас едік, ондай мың бұралған биші енді туар, бірақ бұған дейін кездестірген емеспін. Шара башқұртша да билейтін, грузинше де билейтін. Ол билемеген би жоқ. (Д.Қонаев. Ақиқаттан аттауға болмайды А,1994 ж. 371 бб). Арғынның қара кесек руынан шыққан, 36 ұлттың биін меңгерген би падишасы Шара апамыз бен 15 түрлі ұшақтардың техникалық тілін меңгерген, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш, кожа руының тумасы, Сыр перзенті Жолдасбек Нұрымовтың 9 жылдық жұбайылық өмірлерінің бірге өтуі – Шара апамыздың Сыр еліне жақындығының бұлтартпас дәлелі. Шымкент қаласына жерленген ұшқыш Ж.Нұрымов есіміне көше берілген, Тағзым алаңындағы ескерткішке есімі енгізілген, тұрған үйіне арнайы тақта қойылған. Жаңа Қазақстан жағдайында облыс, қала, ауданның жаңа басшылары да олардың есімін ұлықтау қажеттілігін ескерер деген үкілі үмітпен ойымызды тәмамдаймыз.
Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ профессор