Ақтөбе қаласында да жағдай өте қиын болды. Сол күндері Ақтөбеде қылмыскерлер қаруды қолдану арқылы мақсатты түрде стратегиялық мемлекеттік және азаматтық нысандарды басып алып, қиратқан. Оның ішінде – әкімдіктер, әуежайлар, полиция ғимараттары, Ұлттық қауілсіздік комитетінің департаменті, телевидение және байланыс, сондай-ақ сауда үйлері, қару дүкендері және азаматтардың мүліктері бар. Қаңтар оқиғасы кезінде ашық түрде ұрып-соғулар, тонау және адам өлтіру көп болған. Бұл әрекеттердің мақсаты көшелерде үрей туғызу, қылмыскерлердің жолында болған адамдарды қорқыту, жалған ақпарат тарату арқылы елдегі жағдайдың тұрақсыздануына қол жеткізу болды.
Ақтөбедегі облыс әкімдігінің ғимаратын басып алғандарды алаңға WhatsApp мессенджері арқылы жинаған. Танымал желіні қолданушы хабарлама арқылы 300 ақтөбелікті алаңға шақырған. Содан кейін аталған адамдар Ақтөбе облысы әкімдігінің ғимаратын басып алуға белсенді түрде қатысты. Шабуылға тойтарыс беру кезінде құқық қорғау органдарының 31 қызметкері ауыр дене жарақатын алды. Күдікті және оның сыбайластары сот санкциясымен қамауға алынды. Ақтөбе қаласында облыс әкімдігіне шабуыл жасағандардың бірі сол заматында ұсталған еді.
Ақтөбе соты қаңтар оқиғасы кезінде Ақтебе әуежайын басып алмақ болған Нұралы Шахкөзов, Мәди Жұмабек пен Елхат Қосыбаевтың ісін қарады. Бұл азаматтарға тергеу ҚР Қылмыстық кодексіндегі 269-баптың 1-бөлімімен («Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу”) айып таққан.
Мемлекеттік айыптаушы Азамат Бақытжановтың сөзіне қарағанда, сот[1]талушы Елхат Қосыбаев 5 қаңтарда Ақтөбе облысы әкімдігінің жанына жиналғандар алдында сөз сөйлеген. Елхат Қосыбаев сөзінде Қазақстан аумағына билік сырттан әскер әкелмеуі үшін өзге өңір тұрғындары әуежай жұмысын тоқтатқанын айтып, наразыларды Ақтөбе әуежайына баруға шақырған. 5 қаңтарда кешкі алтылар шамасында Ақтөбе әуежайына Нұралы Шахкөзов пен Мәди Жұмабек те барған. Олар ғимараттың ішкі және сыртқы ахуалына бақылау жасаған, әуежайға сырттан ешкімді кіргізбеген, сыртқа ешкімді шығармаған.
Сотталушылар Нұралы Шахкөзов пен Мәди Жұмабек 17 сағат 49 минутта әуежай басшысы Дастан Мәлиевті шақырып алып, ұшақтарды тоқтатуды талап еткен. Талаптары орындалмаса, ғимаратты бүлдіреміз деп қорқытқан. Дастан Мәлиев 18 сағат 16 минутта барлық әуе компанияларына радиог[1]рамма жолдап, әуежай жұмысын тоқтатқанын хабарлаған. Нәтижесінде Ыстамбул, Ақтау, Атырау, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына қатынайтын әуе рейстері тоқтап, Ақтөбе әуежайына 1 млн. 672 мың 250 теңге материалдық залал келген.
Прокурордың сөзінше, сотталушы[1]лар жолаушыларды тіркейтін орыннан әрі өтпеген. Нұралы Шахкөзов пен Мәди Жұмабек жолаушыларды тіркейтін жердегі таблодан «Эйр Астана» компаниясының Ақтөбе-Нұр-Сұлтан бағытындағы рейс ұшқалы тұрғанын көріп, онда Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин болуы мүмкін деп, ұшақты тоқтатуды талап еткен. Әуежай басшысы Дастан Мәлиев ұшу жолағындағы рейсті тоқтату мүмкін емес екенін айтқан.
Ақтөбе халықаралық әуежайы АҚ басқарма төрағасы Дастан Мәлиев сот процесіне онлайн қатысты. Сот залында сотталушылар Нұралы Шахкөзов, Мәди Жұмабек пен Елхат Қосыбаевтан өзге олардың туыстары мен адвокаттары болды. Қаңтар оқиғасынан соң тергеу изоля[1]торына қамалған Нұралы Шахкөзов, Мәди Жұмабек пен Елхат Қосыбаев 2022 жылғы 20 мамыр күні үйқамаққа жіберілген. Сот залында олар өзіне тағылған айыпты мойындап, өз ықтиярымен процестік келісім жасағанын айтты. Адвокат Әбдісамит Рахмановтың сөзінше, сотталушылар Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайға келтірілген 1 млн. 672 мың 250 теңге материалдық залалды толығымен өтеген. Яғни, бұл сома үш сотталушыға тең бөлінген.
Мемлекеттік айыптаушы Азамат Бақытжанов судьядан сотталушылардың әрқайсының бас бостандығын 3 жыл 6 айға шектеуді сұрады. Сот залынан шыққан соң Елхат Қосыбаев жеті жасар мүгедек қызы мен науқас әйелі барын, өзі жұмыссыз екенін айтып, соңғы жарты жылда қарызға белшесінен батып қалғанын жеткізді. Жеке кәсіпкер Нұралы Шахкөзовтің жеті баласы бар. Оның алтауы кәмелетке толмаған. Бұрын да бір рет істі болған Мәди Жұмабек те жұмыссыз.
Ақтөбеде қаңтар оқиғасынан соң 14 қылмыстық іс қозғалды. Оның екеуі – террористік акт. Ақтөбе облыстық прокуратурасы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қаңтар айындағы оқиғаларды тергеу жұмыстарын жүргізді. Ақтөбеде бейбіт митинг алдымен Жаңаөзен қаласының наразылық білдірушілерін қолдаудан басталса, кейін түрлі белгісіз күштермен жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырылған. Ұйымдастырушылар полицейлерге күш қолдана отырып, облыс әкімдігінің ғимаратын басып алды. Мемлекет мүлкін бүлдірді (230 млн. теңге шығын).
Арандатушылардың ықпалымен Әйтеке би, Хромтау Темір және Мұғалжар аудандарында да акция өтті. Құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен құралған ведомствоаралық жедел-тергеу тобы және арнайы прокурорлардың басшы[1]лығымен 14 қылмыстық іс, соның ішінде 2 террористік қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Күдікті ретінде 12 адам қамауға алынып, 8 адам үйқамаққа жіберілді. Сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткен 31 қызметкер жараланды. Қызметтік көлік және арнайы құралдарға зақым келтірілді. Барлығына байланысты құқық қорғау органдары объективті құқықтық баға берді.
Айта кетейік, тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолданған полиция қызметкерлеріне қатысты да сотқа дейінгі 4 тергеу жұмысы жүргізілді. Барлық іс бойынша процессуалдық прокурор тағайындалды. Ұсталғандардың туыстары мен олардың қорғаушылары үшін Ақтөбе облысының прокуратурасында күнделікті жеке қабылдау ұйымдастырылды. Оларға барлық қажетті құқықтық және түсіндіру көмегі көрсетілді. Өтініштер мен шағымдар қарастырылды. Кезекші прокурордың телефонына келіл түскен қоңыраулар зерделенді.
Ақтөбеде ҰҚКБ бұрынғы қызметкері Қуат Шамуратов жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Ол ұжымдасқан қылмыспен күрес басқармасында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Кейін жұмысын тастап, жеке кәсібін бастаған. Туыстарының айтуынша, қаңтар оқиғасынан кейін оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабының 1-бөлігі «Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлікті жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ билік өкіліне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру» бойынша іс қозғалған.
Алайда майордың туыстары оған тағылған айыпқа сенбейді. Қуат Шамұратов қарт ата-анасымен, төрт бала тәрбиелеп отырған әке. «Балам наразылыққа соңынан қосылды. Ол қалай ұйымдастырушы болады?» дейді күдіктінің анасы Маржан Серікбаева. «Тәртіпсіздікке шыққандар бастамашыл топты сайлады, бірақ Қуат оның құрамына кірмеді. Наразылыққа шыққандар арасында агрессивті жастар пайда болған кезде Қуат полиция шақырған. Балам кінәлі емес екенін айтты. Кінәсін мойындату үшін аяусыз соққыға жығылған. Оны емделуге жібермей отыр. Адвокаты Тоқаевқа өтініш жазды», – деді күдіктінің әкесі, бұрынғы әскери кызметкер Болат Шамұратов.
Ақтөбе облысының аумағында қаңтардағы оқиға кезінде көптеген жолаушылар поезы тоқтатылып, келген станцияларында біраз уақыт тұрып қалған еді. «Қандыағаш станциясында тұрып қалған №38 Семей-Маңғыстау пойызының жолаушыларына қолдан келген барлық көмекті ұйымдастырдық. Вокзалдың бірінші қабатында «Мейірімді жүрек жылуы» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен ыстық тамақ берілді. Станция жұмысшылары күндізгі ауысымда 12 адам, түнгі ауысымда 5 адам қосымша көмекке келіп, жолаушыларға ыстық шәй, ас-су беріп, балаларға жаялық, сусын, сүт таратты», – дейді Жанна Иманова.
Айта кетейік, елде тіркелген төтенше жағдайға байланысты 5 қаңтар күндері Қандыағаш станциясына №37/38 жолаушы пойызы тоқтаған. Ішінде 275 жолаушысы бар 12 вагондық жолаушылар пойызының бастығы Қуатжан Исмағұлов қандыағаштық қонақжай теміржолшыларға жолаушылар атынан алғысын айтты. Пойыз жолаушыларына Қандыағаш станциясының жеке кәсіпкерлері де азық-түлік таратуға көмектескен. Ыстық тамақ пен қажетті бұйымдар вагондарда да үлестірілген. Аудан әкімдігі жағдайды бақылауда ұстау және ұйымдастыру жұмыстарына көмектессе, желілік полиция қызметкерлері мен көлік прокуратурасы қауіпсіздік жайын қолға алыпты.
«Жалғыз біз емес, бүкіл қала бір кісідей көмек жасады. Әсіресе, пойыз тоқтап тұрған кезде вагондарды көмірмен қамтамасыз еткен жеке кәсіпкер Азамат Ертаевқа рахмет. Бір жарым тәулік бойы жолаушыпардың тоңбауына жағдай жасады», -дейді вокзал басшысы.
Жалғасы бар
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар