2021 ж. Сәуір 14

ТӨРТІНШІ ТОҚСАН ТӘРТІБІ…

2020-2021 оқу жылының төртінші тоқсанында «жасыл» және «сары» аймақтағы өңірлерде барлық мектеп аралас форматта оқуға көшеді. 300-ге дейінгі оқушы білім алатын қалалық және ауылдық мектептер
дәстүрлі форматта оқуды жалғастырады.

Кейбір ерекше жағдайларда, мысалы бала науқастанса немесе науқастармен байланыста болса, ата-аналардың өтініштері
негізінде қашықтан оқуға рұқсат беріледі.

Төртінші тоқсанда дәстүрлі немесе аралас форматта оқитын оқушыларға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ. Оқушыларға өздеріне қолайлы, ұқыпты және таза киіммен мектепке баруына рұқсат етілген.

Әр мектеп сыйымдылығына, жобалық қуаттылығына байланысты оқу пәндерінің қай уақытта, қандай форматта оқытылатынын шешеді. Десе де Білім министрлігі қай пәндерді қашықтан ауыстыруға болатыны жайында ұсыныс әзірлеген. Музыка, көркем еңбек, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес негіздері, информатика пәндерін қашықтан оқытуға болады. Дене шынықтыру пәнін штатты форматта таза ауада өткізуге рұқсат етілген.

«Жасыл», «сары» аймақтарда орналасқан мектеп оқушыларынан маска тағу талап етілмейді. «Қызыл» аймақтағы мектеп оқушылары маска тағуға міндетті. Десе де «маска тақпауға болады» деген «сыныптың бәрі маскамен отырмау керек» деген сөз емес. Қауіпсіздік үшін ата-ана мен бала маска тағу не тақпауды өздері шешеді.

Оқушы коронавирус жұқтырса, ол оқитын сынып қана каратинге жіберіледі. Мектеп әрі қарай жұмысын жалғастырады.

Мектепті бітіргені туралы аттестат алу үшін 9-сынып оқушылары үш пәннен, 11-сынып бітірушілері төрт пәннен қорытынды емтихандар тапсырады. Емтихан уақыты кезіндегі санитарлық эпидемиологиялық жағдайға байланысты жеке шешім шығарылады.

Былтыр санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты соңғы қоңырау әртүрлі форматта өтті. Мектеп түлектеріне құжаттар
табыс етілді. Биыл да осындай форматта іске асырылады. Десе де соңғы қоңырау өткізу мәселесі жайлы нақты шешім мамырдағы
санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты шығарылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған