Қалалық білім бөлімінде, оған қарасты мектептерде жаңалық жетерлік. Онлайн оқу дейміз бе, басқасы бар ма, оқушылар жатпай тынбай қоғамдық өмірге белсене атсалысуда. Оның бір белгісі ретінде «Елбасы медалін» айтуға болады. Бұл дегенің барып тұрған мотивация, анау-мынау емес, Елбасының медаліне қызылордалық оқушылардың 62-сі ілігіпті. Оқушылардың 430-ы аталған жобаға қатысқан көрінеді. Олардың бірқатарына облыс әкімі жеке алғысын айтып, марапатын табыстады. Жобадан ақпары жоқ жұрт бұл медальді алу қиын болар деп ойлауы мүмкін. Алайда, ғаламторда аталған шараға байланысты сайт жұмыс жасауда. Тек оқушылар ғана емес, басқа да сала өкілдері өздерін ұсына алады. Жобаға тіркеліп, өзіңіз жайлы ақпараттар беріп, ел мен жер үшін атқарған игілікті істеріңізді тізіп шығып, өтінім бересіз. Әрі қарай шешім шығарушылар өздері-ақ мәселені мақұлдайды, не кері қайтарады. «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысушыларды марапаттау жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өткен жылдың тоғызыншы желтоқсанында өткен-ді. Комиссия құрамына Елбасы Академиясының, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Жастар Конгресінің, БАҚ және қоғам қайраткерлері енген болатын. Оның өзінде жобаға тұлға ретінде танылған, қалғандарға үлгі болар азаматтар тартылып, қазылардың шешімімен 1000 балаға «Елбасының қола медалін» беретін болып ұйғарған. «Елбасы медалі» — жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Бағдарлама 7 бағыттан тұрады: спорт, дарындылық, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы. Аталған жобадан оқ бойы озып шыққандар болашағын жартылай жасап алды десек те артық етпес. Себебі, оқушылардың өзі грантқа ілікпей тұрған тұсынан медалдің арқасында алға шығатын көрінеді.