Бүгін мамырдың 25-і. Әлемнің көптеген елінде білім ұяларына тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын шәкірттердің мектептерімен қош айтысар сәттері. Әрқайсысының бойында әр түрлі сезім. Деседе, қимастық басым. 11 жыл бірге оқыған сыныптастарын, тәлім мен тәрбиені бойына дарытып, білім нәрін себелеген ұстаздарын қимайды барлығыда. Орта білім берген алтын ұяның табалдырығын соңғы рет аттау – үлкен өмірге қадам басу деген сөз. Ағы мен қарасы, жаманы мен жақсысы қатар жүретін алпауыт аламанның арпалысына араласпақ ендігі жерде. 2020 жылға дейін түлектердің түлеп ұшулары жылдағы дәстүрге сай ұйымдастырылатын. Алайда былтырғы жылы әлемдік пандемия есігімізден еніп, есеңгіретіп тастады. Мектеппен қош айтыспақ былай тұрсын, ұстаздың жүзін көріп отырып, сабақ оқу мұңға айналған болатын. Әлем желіні де желдей ескен, күлкің мен күңіренісіңді келтіретін түрлі бейне және аудиожазбалар жарықтан да жылдам жарияланып жатты. Әрине тосыннан келген таңсық дүние ұстазға да, оқушыға да оңай соқпады. Тіпті мұғалімдерін сағынып, көздеріне жас алған шәкірттерді де қалай естен шығарарсың?! Мойындауымыз керек, сол сәттерде ұлағатты ұстаздың ұлылығын ұғындық, қадірін түсіндік. Қасымыздағы қара көз қызымыз бен қара домалақ ұлымызға ұғынықты дүниені ұғындыра алмағанымызда, бір емес бір сәтте 30, 40 оқушыға 45 минутта барлығын тәптіштеп түсіндіріп беретін мұғалімнің алдында бас имесімізге болмады. Жә, мақаланың тақырыбына қайта оралайық. Биыл өңірімізде эпид ахуал жылдың екінші жартысына таяғанда жақсарып тұр. Жасыл аймақтамыз. Екпе алып жатқандардың да саны артуда. Соның себебі болар 2021 жылғы түлектер мектеп қабырғасына келіп, алтын ұяларымен қоштасуға, қоңыр үнді қоңырауды соңғы рет соғуға мүмкіндік алды. Ақпарат үшін айта өтейік, үстіміздегі жылы облыс мектептеріндегі білімдерін 7007 оқушы тәмамдады. Ал, қала бойынша 2254 түлек қанаттанды. Аймақта, алтын белгіге үміткерлердің саны 611 болса, олардың 182-і облыс орталығына тиесілі. Мектеп бітіруші түлектердің 85% ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. Алдағы уақытта олар облыстағы 4 тестілеу орталығында өз білімдерін бір емес 2 рет сынап көретін болады.
Дәл бүгін соңғы қоңырау салтанатына қатысқандардың қатарында Б.Шалғынбаев №217 ІТ-мектеп-лицейінің оқушылары да бар. Олардың жалпы саны 39. Алтын белгіге үміттілері 3 шәкірт. Мектеп директорының айтуынша барлығы да сен тұр, мен атайын деген тұлғалар. Бірі оқуда оқат болса, екіншісі әр түрлі қалалық, облыстық, республикалық сайыстардың, түрлі конкурстардың жеңімпаздары. Спортта Олимптың шыңын бағындыруды көздеген нар тұлғалы азаматтары да жоқ емес. Иә, мұндай дарынды шәкірттер аймағымыздағы әрбір мектепте бар. Олардың болуы да – заңдылық. Себебі, шайырлар мен жыраулар, ахундар мен ишандардың кіндік қаны тамған қасиетті топырақтан өзге біреулердің шығуы мүмкін емес.
Дильназ ТЕМІРҒАЛИ, Сымбат ЕРБОЛАТ, Данагүл ДҮЙСЕНБАЙ