QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

2021 — ӨЗГЕРІСТЕР БАСТАУЫ?..

Автор:QAA.kz

Янв 14, 2021

Жыл алмасты. Өткен 2020-сыншы жыл орнына келген 2021-дің алғашқы онкүндігі де өте шықты. Былай қарағанда жылдан жылдың айырмасы жоқ сияқты. Сол зырғыған жүйрік уақыт адам дегеннің талабына, қалауына қарамастан зулап өте шығады. Өткенге өкпе жоқ, алдағыдан үміт көп деп, әрдеңені жоспарлап, жобалағанмен “қысқа жіп күрмеуге келмейді” дегендей ойыңдағыны орындауды ойлап та үлгіртпестен жүйрік уақыт шіркін жүйткіп, алға жетелеп барады.

Тағы да бір жыл. Бұл жыл қандай болмақ? Үміт те бар, күмән мен күдік те көп…

Астрологтар айтуынша өткеннен бастау алған ескі мен жаңаның айқасы әзірге тоқтар емес. Билік елді ескіше басқара бергісі келеді, ал халық жаңа лепті сезінгісі бар, жаңа технологияны жақтайды. Кешегі кеңестік одақтың қамытынан шығып, 1991-ші жылы өз тәуелсіздіктерін жариялаған достас мемлекеттер жаңаруға мәжбүр. Отыз жылдан бергіні қорытып, қорытындыдан сабақ алмаған елдерге оңай соқпасы анық. Олардың көпшілігі қазіргі билік жүйесін реттеп, әсіресе заң жүйесін халық талабына икемдегені жөн. Сондай-ақ кей мемлекеттер (жұлдыздық белгісі уран) амалсыздан өз еркінен тыс жаңалықтар енгізуге міндетті. Олардың халқы алдағы уақытта өмірлері жақсы болуы үшін де қолайсыздықтарға тап болады.

Өзгерістер уақытында өмір сүріп жатырмыз дейміз, алайда өзгергенді байқамаймыз. Өйткені бар өзгеріс бір сәтте болмайды. Түбегейлі өзгерістер болуы үшін адам санасын өзгертетін уақыт аралығы болуы керек. Қоғамдағы өзгерістерге әсер ететін қоғамдық сана – адамдардың айналаны қабылдауы, түсінуі, игеруі, тіпті өз-өзін түсініп, игеріп, ойлау қабілеті мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыруы – кез-келген қоғамдағы өзгерістің шешуші факторы. Алайда, жұрт өз қабылдауы мен түсінігін өзгертпестен, айнала түгел дүниені, оның ішінде билікті де өзгерткісі келеді. Арадағы жыл ішінде біздің санамыз, мәдениетіміз қаншалықты деңгейде өзгерді?

Бір қарағанда өзгеріс байқалмайды. Содан да болар астрологтардың айтуынша өткен жылғы өткір мәселелер қайта жалғасын табады. Оңбаған коронавирус індеті бізден ұзап ешқайда кетпейді. Қанша жерден ел болып, жұрт болып жиылып, қам жасасақ та, бізден қашатын ол жоқ. Амал жоқ, онымен бірге өмір сүрудеміз. Үйреніп те қалдық. Алғашқыдай үрейленбейміз. Әсері әлді, емі шипа вакцинасы да, дәрісі де жасалып жатыр. Ебін тауып, емін жасап бой үйреткендіктен бе, ақыр соңында оның өзі де түрін өзгертіп, кәдуілгі тұмау кейпіне енетін кез де алыс емес сияқты.

2020-шы жылы айнала жаһанды айналдырған айтулы оқиғалар да бұл жылы оқыстан тынып қалмасы анық, алайда, сондай әсерлі, жанға жайсыз емес. Қатты қатайған карантиндік шаралар жоқ, әлемдік державалар елдің бәрі шауып барып-келіп жүрген шекараларына шек қоймайды, барып оқимын, жұмыс істеймін, демаламын дегендерге қай елге болса да шекара ашық күн де жақын.

Адам өзіне жерді табындырды, ғарышты да игеріп тастады дегенімізбен, аспандағы Ай мен Күннің, жұлдыздар әлемінің сыры әлі күнге әлемге жұмбақ. Жұмбақты шешетін жұлдызшылар көрінеді. Қазіргі тілмен астрологтар. Түн баласы бізге қарап жымыңдайтын көп жұлдызда жер бетіндегі адам баласының тағдыры жатса керек. Жерде жүріп жоспарлағаныңызбен, аспандағы жұлдыздар мақұлдамаса болмайды екен… Содан болар бүгінде көп жұрт аспандағы жұлдыздардың сырын білмесе де, сол жұлдыздармен сөйлесетін жұлдызшылардың жорамалына жүгінеді. Бұрынғы біздің білуімізде көкірегін жыр кернеген пері ақындар жұлдыздарға сезімін айтып, сүйіктісін табатын еді. Қазір ғылым қуған қияли білімділер жер үстіндегілердің ғашықтық сезімінен бөлек, ақша, денсаулық, тіпті отбасылық кикілжіңнің шешімін де сол жұлдыздардан сұрайтын болған.

Міне, қызық, биылдан бастап 240 жылға созылатын Ұлы Өзгеріс кезеңі басталды. Өзгеріс болғанда материалдық жағдайдың өзгеруі. Мәселен, қаржы, пайдалы қазба, өндіріс, ауыл шаруашылығы, жер ресурстарында меншіктің қайта бөлінуі орын алады. Нәтижесінде бір елдер байиды, ал бұрын бай болғандар керісінше кедейшілікке ұшырайды. Жұлдызшы астролог Валентина Виттроктың болжамына қарағанда бұл өзгерістерге бір емес, бірнеше ондаған жылдар кетеді. Бірақ, басы биылдан басталады.

Біз мән бермегенменен Ай мен Күннің тұтылуының да өзгерістерге өзіндік әсері бар.

Биылғы жылы мамырдың 26-сында Гринвич уақытымен 11-ден 15 минут өткенде Ай тұтылады. Сондай-ақ маусымның 10-да сағат кешкі 7-ден 54 минут өткенде, қарашаның 19-ында таңғы 9-00-де күн тұтылады. Желтоқсанның 4-інде 10-нан 44 минут өткенде осы жылға соңғы рет ай тұтылады.

Әрине мамырдың 25 мен 10 маусым, қарашаның 19-ы мен желтоқсанның 4-і аралығында белсенді іс-қимыл жасауға, маңызды шешімдер қабылдауға жұлдыздар рұқсат етпейді. Былтырғы жылдың басы осындай түнек кезеңіне сәйкес келіп, ел ішін ковид індеті жайлағаны белгілі.

Жыл бойында Айдың жерге түсетін күндері де бар. Сәуірдің 27-сі, мамырдың 26-сы, маусымның 24-і Ай жерге жақындап, айтарлықтай келеңсіз оқиғалар орын алмағанымен, денсаулық – зор байлық екенін ескертеді. Әсіресе, созылмалы, жүрек-қан тамырлары аурулары барлар Ай жерге жақындағаннан абай болу керек.

Айтпақшы жұлдызшылар әлемінде біз білетін сүттен әппақ Айдан бөлек Қара Ай да бар екен. Қара Ай үстем болған кезеңде әрбір адам жағымсыз жағына өзгереді. Әсіресе, қаржы мәселесінде. Арам ниеті жоқ, қарапайым деген жанның өзі ашкөздікке ұрынып, мейлі серіктесін, мейлі туғанын болсын, жақындығына қарамай жанындағылардың бәрін алдап, майлы “жілікті” тек өзіне ғана тарта береді.

Қара Айың, қараң қалғыр екен. Енді ше, осы кезеңде өсек пен алыпқашпа әңгіме сөз алға шығып, жұрт арасында құндылыққа айналады. Адамдар бір-бірін қаралаудан алдына қара салмайтын көрінеді. Әсіресе, саясаткер, әртіс, режиссер тағы да басқа ел алдындағы танымал адамдар осы Қара Айдың – жаман ойдың құрбаны болады. Құрғыр бұл Қара Айың өткен жылдың қазанынан бастап, осы жылғы шілдеге дейін салтанат құратын сыңайлы. Алайда, Қара Айдың жақсы жағы – сезім мәселесі екен.

Шығыс күнтізбесі бойынша негізі сиыр жылы ақпанның 12-сінен басталады. Алайда жаңа жылды қаңтардың басында қарсы алып үйренгендіктен жыл сипаттамасын да осы кезден бастай береміз. Сиырдың сипаттамасы — өте еңбеккештігі. Содан да болар бұл жылы жұмыс та көп, оған төленетін ақы да жоғары. Тек жалқаулыққа бой алдырмау керек, депті тағы бір жұлдызбен сырласқандардың бірі. Бір жұмыс орнында істейтін, немесе үйде отырып, қашықтан атқаратын болсын, жұмыстың қай-қайсысы да керек-ақ. Астрологтар пікірінше небір қиын жобаларды жүзеге асырып, өз талантын, қабілетін паш етіп, қызметтен өсетін-ақ жыл. Ал енді еңбек етпей, құр диванда жатып, жұртқа мінез көрсетіп, ұрысып, “маған қайда” дей беретіндерді сиыр да сыйламайды, сипамайды дейді.

Аспанға қарамай-ақ, жердегіні талдап, баға беретін экономист-сарапшылар пікірінше бұл жылы ойландыратын үш жағдай бар дейді. Бірінші – инфляция, екінші коронавирустың үшінші толқыны, үшінші әлемдік экономика жайы.

Қазақстанда өткен жылы инфляция 7,5% болды. Мұның үстіне азық-түлік инфляциясы 11%-дан да асып тұр. Бағаның қымбаттағанын әркім де сезінді. Бағаның қымбат жағдайында теңгенің құны қалмай барады. Содан да Ұлттық банк биыл инфляцияны ең жоғары дегенде 6%-ға түсіреміз ба деп дәмелі. Алайда, бұл межеге қайта оралудың өзіндік қиындықтары да бар.

БҰҰ-ның Азық-түлік және Ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметі бойынша қымбат баға жаһанды жайлады. Өткен жылдың қараша айынан бастап әлемде азық-түлікке қымбат баға қаулады. Білетіндердің болжамынша дәл мұндай қымбатшылық соңғы жылдарда болмаған. Әсіресе, дәндік дақылдар, өсімдік майы, қант қымбатшылығы өндірушілерді де, сатып алушыларды да әбігерге салды. Себебі белгілі. Өндіруші елдердегі ұсыныстың азаюына орай, тұтынушы елдердегі сұраныс артып кетті. Өзімізден бір ғана мысал, екеуін жарып, табаға қуырсаң бір мезгіл ас болатын жұмыртқа бағасының қымбаттауы оны тапшы етті. Әрине, елді қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ел билігі қарап отырған жоқ. Тұрақтандыру қорын құрып, миллиондаған ақша бөліп, жан-жақтан жеткізуде, сондай-ақ шарықтаған бағаға шамалы болса да шек болады ма деп, елдің күнделікті тұтынатын азық-түлігіне шектеулі баға қоюда. Алайда, нәтиже байқалмайды. Айналаны қаптаған қымбатшылық пен дағдарыс жағдайында 19 заттың бағасын қолда ұстап, қалай болса да қымбат бағаға қарсы тұру мүмкін емес. Қымбат бағаны арзандату үшін кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріп, өзімізде азық-түлік болар өнім өсіремін дегенше бұл баға да біраз жерге барары анық. Экономист сарапшылардың тағы бір қаупі зейнетақы қорындағы ақшадан баспана, білім, денсаулық мәселесін жеңілдетуге берілетін аз-маз қаржы да пәтер, білім беру орындары мен ақылы клиникалар қызметін қымбаттатып жіберуі мүмкін.

Бәрін жеңгенімізбен ковидті жеңе алмай жатырмыз. Өткен жылдың алдындағы жыл соңында төтеннен тап болып келді де, біршама уақытта азаматтарынан, кәсібінен, нәпақасынан айырып, елді есеңгіретіп тастады. Індетке бой үйреттік дегенімізбен, қисайған шаруаларды әлі түзете алмай келеміз. Ресторандардағы тойы құрысын, алайда бір киер киімін, бірұстар затын сатып, күн көріп жүрген Қытай шекарасының жабылғаны талайдың шаруасының шаңырағын ортасына түсірді. Аш, жалаңаш болмасақ та, ауа жетпей, өкпеден кеткен денсаулықты түзете алмай, бұрынғы сырқаттар сыр беріп, әлі күнге не аурудың, не саудың есебінде жоқ, сандалып қалдық. Кәсібіміз де сондай. “Іші тойға, жиһазға” толсын деген, зәулім ғимараттар даңғырап бос қалды… Салынып бітіп, ашылмай қалғанын ойлағанда ішің удай ашиды.

Дегенменен, жаһандық экономика биылғы жылы 4%-ға өседі деген үміт бар, онда да бәле-жәлесінен сақтасын деңіз. Ковид кесірінен кәсібі жүрмей кедейге айналған миллиондаған адамдардың әзірге әл бітіп, аяғына тұрып кетуіне жағдайы жоқтығы белгілі. Табысын жоғалтып, белі бүгілгендердің бүгінертең тік тұрып кетуіне кепіл болар кез жоқ. Оның үстіне қор нарығы бағамы да өсіп барады. Басқасын айтпағанда долларыңыздың қымбаттауына дауа жоқ, күн сайын бір тиын болса да қосып, бәрін қымбаттатып келеді. Кесірінен әлемдік экономикада өсім азайды.

Ковидті жеңеміз деп әр ел өз вакцинасын жасап, ем үлгісін көрсетуде. Бүгінде әлем бойынша вакцинаның 250- ден астам түрі (Қазақстанда да екі түрін шығаруда) әр деңгейдегі сынақтан өтіп жатқанына қарамастан, Еуропаның кей елдерінде індеттің үшінші толқыны етек алды. Ұлыбритания қатаң карантинде, Түрік елінде коменданттық сағат, бұдан бөлек, осы жаман індеттің жаңа бір түрі елді жаулап келеді дейді. Өткен жыл соңындағы екі жаңалық елді елең еткізді. Екеуі де суға байланысты.

БҰҰ-ның Азық-түлік және Ауыл шаруашылық ұйымы баяндамасы бойынша бүгінде жер бетінде 3 млрд-тан астам адам ауыз суға жарымай, судан тапшылық көруде. Себебі: адам саны өскен. Сарапшылардың айтуынша, жер үстінде адам көбейгендіктен олардың әрқайсысына бірдей су жетпейді. Соңғы жиырма жылда жан басына шаққанда ауыз су қоры 20%-ға азайған. Әсіресе, онсыз да сусырап отырған Солтүстік Африка мен Батыс Азияда суға тапшылық күшейе түсуде дейді, сарапшылар.

Су тапшылығына біздің тұрмысымыздың тәуірленгені, жақсы өмір сүре бастағанымыз да себепші екен. Мәселен, Бразилия, Қытай, Үнді елдері тұрғындарының мал өнімдері мен дәндік дақылдары ас мәзірінде көп тұтынатындықтары күнделікті пайдаланылатын судың үлесін арттырған. Салыстырмалы түрде бүгінде егістік жерлердің 11%-ға жуығы және барлық жайылымдық жерлердің 14%- ы құрғақшылыққа ұшыраған. Ал, ауылшаруашылығындағы суармалы жерлердің 60%-ы су тапшылығын сезінуде.

Енді екінші жаңалық АҚШ-та биржаларда суды саудаға сала бастады. Жалпы бұдан біршама уақыт бұрын мұндай әңгіменің шеті шыға бастаған еді. Күні кеше десе де болады, Чикагода өткен тауар биржасында өткен саудада инвесторлар су арқылы сақтандыра алады, сондай-ақ тауар сатып ала алады.

Енді эксперттер бұл судың ақшаға айналуының басы емес пе деп қауіп ойлауда.

Халық тығыз қоныстанған, оның үстіне табиғи апат көп орын алатын, әсіресе өртке көп шалдығатын, оның үстіне құрғақшылығы басым Калифорнияда бұған дейін де су нарығы бар екен. Оның пайдасы сатушылар менен сатып алушылар су бағасын реттеп отырады. Мәселен, фьючерс арқылы (биржалық сатып алу-сату келісім шарты) фермерлер алдын ала өздерінің суға деген шығындарын жоспарлайды, сусыз қалудан сақтанады.

Дегенменен БҰҰ қазірден дабыл қағуда, бұл әлемдегі тағы бір инвестициялық көпірген көбік болуы мүмкін. Мұндай бұрын АҚШ-та, басқа елдерде де болып көрген емес. Суға қатысы болмаса да, табыс табу үшін суды көтере сатып алып, қайта сататын су сатыпалармандарының көбейіп кетуі жер планетасы үшін үлкен қатерге айналуы мүмкін.

Чикаго биржасындағы су саудасы әлемдегі су бағасын қымбаттатып жібермейді ме деген сауалға сарапшылар “Мұндай жағдай АҚШ-та орын алуы мүмкін. Басқа елдерге қатысы жоқ. Өйткені әрбір ел өз тұрғындарының суға қанша төлейтінін өздері дербес шешеді деп сараптама жасауда. Ал енді су жаңа бір әлемдік валютаға айналмайды деген қауіптің де негізі жоқ сияқты. Өйткені, сол сарапшылар пікірінше таза су – БҰҰның Бас Ассамблеясының шешімімен жер бетіндегі әрбір адамға тиесілі бірден-бір ресурс ретінде адам құқығы деп бекітілген.

С.БИХОЖА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *