QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

КІМ ҚАЛАЙ ДАУЫС БЕРДІ?

Автор:QAA.kz

Янв 14, 2021

2021 жылғы 10 қаңтарда біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізімдер негізінде сайланатын, VII шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы болып өтті.

Нәтижелерге сәйкес, 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжілісі депутаттарының сай­лауында сайлаушылар дауыстары былайша бөлінді:

«Nur Otan» партиясына – 74,46 %;

«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясына – 9,40 %;

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясына – 8,70 %;

«Қазақстан Халық партиясына» – 3,84 %;

«ADAL» саяси партиясына – 3,6 %.

Ресми дерек осылай дейді. Сонымен, облыс аудандары арасында бұрынғы коммунистік, қазіргі Қазақстан халық партиясы Шиелі ауданында ең көп (8,20%) дауыс жинап тұр. Шиеліден кейін Қызылорда қаласы сайлаушылары да халықтықтарды көбірек қолдапты. Одан кейін Қазалы, Сырдария, Қармақшы, Арал аудандары тұр. Көштің соңында Жалағаш. “Ауыл” партиясына дауыс бергендер көшін Қармақшы ауданы (10,39%) бастап тұр. 10,32% дауыспен Қазалы ауданы екінші, одан кейін Арал, Жалағаш, Жаңақорған, Сырдария аудандары, Қызылорда қаласы, Шиелі ауданының “Ауылға” аңсары ауа қоймапты. Қызылорда қаласы аймақтағы кәсіпкерліктің, бизнестің ортасы болғандықтан да болар “Ақ жол” партиясына басым дауыс 12,99% Қызылордадан беріліпті. Жалпы облыс орталығында ірі бизнес компанияларының да шоғырланғаны белгілі. Бизнестің насихатшысы болып жүрген, бір кездегі облыс әкімінің орынбасары Ғ.Әміреевтің аудан әкімі болған кезіндегі бизнес жобаларының әсері болар жаңақорғандықтар да “Ақ жолға” аз дауыс (9,27%) бермепті. Жаңақорғанға көршілес Шиелі де (7,92%), алыстағы Арал да (7,88) аянбапты. Одан кейін Қалдарбеков әкім болып барғалы бері броножилет, макарон сияқты ұн өнімдерін шығарып болса да, кәсіпкерлікке бет бұрып жатқан Қармақшы, облыс орталығы Қызылордаға жақын болған себепті кәсіпкерлікті дамыту қиын дегенімен, ауылдарынан құрылыс материалдарын шығарып жатқан Сырдария (6,64%), жақсы әкім боламын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген А.Шәменовтің Жалағашы (6,63%). Әкімі М.Ергешбаев ерінбестен ел аралап, кәсіпкерліктің қыр-сырын түсіндіріп жүрген Қазалы ауданы көш соңына жайғасыпты.

Арал ауданы (6,2%) мен Қызылорда қаласы (5,2%) «ADALға» аянбай («Nur Otan»- айтпағанда) жақтап дауыс бергендердің көшін бастап тұр. Жаңақорғандықтар да «ADALды» жақсы көріпті (3,4%). Одан кейін Жалағаш (2,1%), Қармақшы мен Шиелі бірдей (1,6%) дауыспен бірқатарға жайғасыпты. Қазалы мен Сырдария (1,4%) «ADALды» жек көрмепті.

Жалпы, «Nur Otanды» айтпағанда басқа партиялар арасында аралдықтар да (9,99%), қазалылықтар да (10,32%), қармақшылықтар да (10,39%), жалағаштықтар да (9,73%), сырдариялықтар да (9,23%), жаңақорғандықтар (9,27%) «Ауыл»-ға басым дауыс беріпті. (Басқаларына қарағанда ауылдары көп болды ма екен…)

Шиелінің ықыласы (8,20%) бұрынғы коммунистерге түсіпті. Қызылордалықтар дауысының көбін “Ақ жол”-ға берген. Ал, енді аз дауысқа келер болсақ, Жаңақорған ауданында “Қазақстанның Халық партиясы” (1,19%), “Ауыл” Шиелі ауданында (6,41%), “Ақ жол” Қазалыда (5,85%), “ADAL” Қазалы мен Жалағашта (1,4%) төмен дауыс жинаған. “Nur Otan” көп дауыс алып, басым мандатқа ие болғандықтан да оған дербес тоқталғанды жөн көрдік.

Облыс бойынша сайлаушылардың 74,46%-ды “Nur Otan”-ға дауыс берді десек, аудандар арасында Сырдария ауданы (80,69%) көп дауыс беріп, топты жарып, көш басына шығып тұр. Одан кейін Қазалы ауданы (80,44%), Жалағаш ауданы (80,05%), Қармақшы (79,10%), Жаңақорған (76,85%), Шиелі (75,85%), Арал (74,34%), Қызылорда қаласы (68,42%).

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *