QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Нәтиже көрсететін уақыт келді

Автор:QAA.kz

Дек 10, 2020

Қызылорда қаласы әкімдігінде өткен аппараттық жиында біраз мәселелер қозғалды. Қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жиын басын Сыр еліне қуанышты жаңалық, елге мәлім айтыскер ақын Мұхтар Ниязовты құттықтаудан бастады. Мұхтар Мәуленұлының елге сіңірген еңбегін айтып, айтыс өнеріне қосқан үлесін тілге тиек ете отырып ақынға сәттілік тілеп, сый-сияпат тарту етті.

Ақын Мұхтар Ниязов «Алтын домбыра» бәсекесінде осымен үшінші рет топ жарып, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері атанды.

Әрі қарай жиынның негізгі мәселесі қалаға қарасты Тасбөгет кенті мен Белкөл кенті әкімнің баяндамасы тыңдалды.

Жалпы Тасбөгет кенті бойынша атқарылған жұмыстар аз емес. Кенттегі нөмірі 4-ші емхана Ақжарма, Ақсуат ауылдық округтерінің тұрғындарына қызмет көрсетуде. Бұл емханада рентген мәселесі «жыр» болған еді. Сондықтан, аталған мәселе өз шешімін тауып, рентген аппаратын құру жұмыстары жүргізілуде.

«Еңбек» бағдарламасы аясында 65 жоба қолдау тапты. Олардың 7-і  59,7 миллион теңгеге ауылшаруашылығын қолдау қоры арқылы қаржыландырылса, грант негізінде 58 жоба 32,2 миллион теңгеге қаржыландырылды.

Бұдан бөлек бақша өнімдері, мал, ірі қара, тауық өсірумен де айналысып жатқан тұрғындар бар.

Биылғы жылы Тасбөгеттің біраз көшелерінің «көзі ашылып», жарықтар орнатылып, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Кенттегі жалпы көшелер ұзындығы 74,2 шақырымды құрайды. Олардың 44 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жасалып, 8 шақырымға малта тас төселді.

Ал жарықтандыру жұмысы бойынша 23 көшеге 957 жарық шам орнатылды.

Жергілікті өзін-өзі басқару шотынан кенттегі 5 көшеге жарық бағаналары қойылды.

Кентке қарасты Сабалақ саяжайының күйі жақсарды. Биылғы жылы Сабалаққа 6 трансформатор қойылып, 17,6 шақырым жерге электр желісі тартылып, 488 электр бағаналары қойылды.

Сонымен қатар, кенттегі бейіт аумағының толуына байланысты жаңадан бейітке жер қарастырып, дайындау жоспарланған болатын. Қазіргі күні 13,5 гектар жерге жаңа бейіт аумағы дайындалуда.

Бұл орайда қала әкімі Тасбөгетте атқарылған шаруалардың оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» секілді бағдарламалар бойынша ұсынылған жобалардың әлі жоқ екендігін алға тартты.

Жалпы кенттер мен ауылдық округтер кем дегенде 5 жоба ұсынып, қаржы алу жолын бастап, жұмыстарына кірісу керек еді.

«Біз сендерге 400-500 адам жұмыс істейтін жер аш деп жатқан жоқпыз. Кіші кәсіп көзін болса да ашу керек. Ең болмағанда 5 адамды тұрақты жұмыспен қамту керек. Бастысы үздіксіз жұмыс жасап тұрса болды. Бүгін бес адам, кейін он, жиырма болып өсе береді», -деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Сондай-ақ, кенттегі әскерге шақырту жұмыстары бойынша адам санының аздығы, межелі көрсеткішке жетпеуі де әкімнің назарында болды.

Осыдан кейін баяндама жасаған Белкөл кентінің әкімі А. Ибраимов өзі басқарып отырған кенттегі атқарылған жұмыстармен таныстырды. Бұл жақта салық түсімі бойынша көрсеткіш 113 пайызды құрап отыр.

Кенттегі кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар баршылық. Алайда,  көрсеткіш аздық етеді. Бұл орайда Тасбөгет пен Белкөлдің жағдайлары ұқсас. Ибраимовқа қала әкімі Нәлібев осы жылдың соңына дейін мемлекеттік бағдарламалар бойынша ұсынылатын жоспарларды таныстыруды жүктеді. Олардың саны кем дегенде 8-ге жету керек.

Белкөлде барлығы 8 кәсіпкер 45 миллион 500 мың теңгеге несие алып,  өз кәсіптерін бастап кетті.

Жалпы қалада болсын, басқа жақта болсын кәсіп бастауға құмартып жүрген жастарды көзіміз көп шалады. Алайда, оларға нұсқаулық берер орын жоқ немесе олар қайда көмекке жүгіну керек екенін білмейді.

«Барлығына бағдарлама бойынша кәсіп ашуды кеңінен нәсихаттау керек. Кей адамдардың теледидар мен әлеуметтік желіге уақыты жоқ. Керек болса, үйіне барып мемлекеттік бағдарламалар жайлы түсіндіріп, кәсіп ашуға бағыттау қажет»,-дейді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Сонымен қатар, кенттегі мәдениет нысандары, мектептер мен балабақшалар жөндеуден өткізілді. «Мектепке жол» акциясы негізінде 55 оқушыға оқу құралдары алынды.

Белкөлдегі қылмыстық ахуал оң шешімін таппай тұр. Бұл жақта 19 қылмыстық іс тіркеліп, 6-ы ашылған. Экология департаменті мен ішкі істер басқармасы су жүйесі қызметкерлерімен бірігіп  рейд жұмыстарын жасауда. Осы уақытқа дейін 12 құқық бұзулышық анықталды.

Белкөл кентінің осы жылға игерілмеген қаржысы бар. Қала әкімі осы мәселені жыл соңына дейін шешуді сұрады. Бұдан бөлек, кенттегі қылмыстық оқиғалардың алдын алу үшін «Ұлттық ұлан» сарбаздарын кезекшілікке қою мәселесі қарастырылуда.

Тасбөгет пен Белкөл кенті қаланың құрамына кірген кенттер. Арамызда анау айтарлық ұзақ уақыт жол жоқ. Сондықтан, қалаға қарасты аймақтар шаһарға қарап бой түзейді деп сенеміз.

Ал қос кенттің әкімдерінің қызметке келгендеріне біраз бола қоймады. Дегенмен, бұл уақытта нәтижелі, өнімді жұмыстарын көрсету керек еді.

Қала әкімі болса алдағы келе жатқан мерекелерден аман-есен өтіп, жылу, электр, кәріс жүйелерінен апаттық жағдайлардың алдын алып, халықпен тығыз жұмыс жасауды басшыларға тапсырды.

Бұдан бөлек жылуы жоқ үйлер жайлы да сөз қозғалды. Мәселен жылу жоқ деп шағымданған үйлердің жылу жүйесінде ақау бар болып шықты. Соның әсері бүкіл подъезге тиюде. Біраз үй иелері евро жөндеу, жылы еден, жалпылама өзгерістер енгізу барысында жылу жүйесіне айтарлықтай зақым келтірген. Ал кей көпқабатты тұрғын үй иелерінің радиаторы, жылу трубасы тазартылмаған болып шықты. Қысқаша айтқанда мамандардың рұқсатынсыз үйдегі жылу жүйесіне өзгеріс енгізуде, жылуға кесірін тигізетіндей жөндеу, сырлау жұмыстарын ақылдаса отыра жасауға  шақырамыз.

Дамир АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *