Қала іргесінде ауылдық округтер мен кенттердің ілгерілеу қарқынында салыстырмалы түрде әдеттегідей жылдамдық та, нәтиже де бар. Ел алдында есеп беретін күн жақындағанда жыл бойы атқарылған жұмыстың пысықталатыны да айқын. Осы мақсатта қалың бұқараның алдына шықпас бұрын Қарауылтөбе және Қызылөзек округтерінің әкімдері алдымен қала әкімінің алдында есеп берді. Жасалған жұмыс жеткізіліп, шикілік сарапқа салынды. Жылдың аяқталуына дейін олқы тұстарды өркендетіп, халық игілігі үшін жүзеге асуы тиіс жобалардың жылдамдығын үдету тапсырылды.

Нұрлыбек Машбекұлының төрағалығымен өткен жиында мұнан өзге де кемшіліктер аталды. Яки, әкім өзі қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттердегі тазалық жұмыстарын ретке келтіруге небәрі екі күн уақыт беріп, өз бақылауына алатынын жеткізді. Сырдың сәніне айналған желдің арқасында көкте қалықтаған қапшықтар да, арнайы жәшіктен алысқа тасталған қоқыстар да болмауы тиіс екенін ауыл басшыларына ортақ тапсырма етіп жүктеді. Одан өзге абаттандыру мен әрлеуге де тиісінше басымдық беруі тиіс деді. Артынша, аппараттық мәжілісте талқылаған тақырыптарға қатысты кемшіліктерді атады.

Мәселен, қос ауылда мемлекеттік бағдарламалардың орындалу көрсеткіші төмен. Осылай деген қала басшысы жыл соңына дейін бес жобаның «беске» орындалуын қатаң түрде жүктеді. Салық түсіміндегі көрсеткішті көбейтіп, айрандай ұйыған ауылдарда қылмыс атаулының аты аталмайтындай болмауына қадағалау жұмыстарын жүргізу керектігін де атап өтті.

Айталық, Қарауылтөбе ауылдық округінде салық түсімі 92,7 пайызға орындалса, Қызылөзектегі көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға артқан яғни 99 пайызға орындалған. Қос ауылда жаңа кәсіпкерлік нысандар тіркеліп, жұмыс орындары ашылған.

Ж.Әбдіхалықов және А.Құнанбаев көшелерінің белгілі бір тұсына қиыршық тас төселіп, орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан өзге ауыл қонақтары мен тұрғындарын күтіп алатын арканы жаңарту жұмыстары да жүзеге асқан. Бұл Қарауылтөбеге тиесілі жаңалықтар.

«Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 3 жоба қолдау тапты. «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы» арқылы жүзеге асқан 2 жобасы бойынша сүт өнімдеріне негізделген және мүйізді ірі қара малдың санын көбейту бағытында жұмыстар жүзеге асуда. «Сырбойы несие серіктестігі» бағдарламасы аясында жылқының да басы көбейтіліп келеді,- деді Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі С.Тайманов.

Айта кетерлігі, Тайманов басқаратын ауылда жыл бойынша бір қылмыс орын алған. Демек, өзге елді мекендердегі сандармен салыстырғанда мұнда қоғамдық тәртіпті сақтауға басымдық берілген сыңайлы.

Ал Қызылөзек әкімі мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл басынан бері 11 жоба қаржыландырылып отыр деді. Мәселен, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 3 ауыл тұрғыны қайтарымсыз грантқа ие болған. Алайда, бұл көрсеткіш өз межесінде емес екені де анық.

Әйткенмен, бұл ауылдық округте есеп беру кездесуде көтерілген мәселелердің шешім тапқаны қуантады. Осы бағытта жасалған жұмыстарды әкім тілге тиек етті.

Жыл басында ауыл тұрғындарымен есепті кездесуде көтерілген мәселенің бірқатары шешімін тауып, жаңа дәрігерлік амбулаторияға маусым айында қалалық емханалардың бірінен тәжірибелік дәрігер бөлінді, — деді Қызылөзек басшысы С.Әбдіжаппар.

Есеп беру кездесудегі көтерілген ауылға тиесілі кезекті мәселе –жол жөндеу жұмыстары мен жарық бағаналарының орналастырылуы болатын. Е.Дәуітбаев және С.Сейфуллин көшелеріне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Ш.Ибраева және Айнакөл көшелеріне түнгі жарық бағаналары тұрғызылған.

Айта кетерлігі, жұмыс қарқыны ретімен ілгерілегенімен аталған округте ұрлық сейілер емес. 9 қылмыстық әрекеттің барлығы дер кезінде ашылғанымен, бұл цирф алаңдатарлық дейгейде. Қала әкімі әдеттегідей шағын ғана ауылдарда қылмыстың орын алуына төтеп бермеуге, оның алдын алу үшін тиісті жұмыстардың жүзеге асуына да аса мән беруі тиіс деді.

Биыл шет аймақтарда біршама жұмыстар жасалды. Қаржы көздері қала орталығынан бөлек ауылдарға бөлінді. Ондағы тұрғындар көтерген әртүрлі мәселелер қаперге алынды. Қазір барлық ауылдарда ауыз-су бас қоймасы жаңадан салынды. Ауыз су жүйелері тартылды. Жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ендігі кезекте қарапайым ғана тазалық жұмыстарына неліктен мән бермейсіздер? Мемлекеттік бағдарламалардың жүргізілуі не себепті бәсең күйде? Салық түсімдері де төмен. Екі ауылда кемшілік жеткілікті. Қай бағытта да көрсеткіш төмен! Нәтиже қайда? Жыл соңына дейін көрсеткіш жоғары деңгейде болуын тапсырамын, — деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here