Қазақстан Республикасы Президенті Қ.ТОҚАЕВ: ӨТІРІКТІ ШЫНДАЙ СӨЙЛЕТУ — АСА ҚАУІПТІ ҚҰБЫЛЫС

Қазір көптеген елдерге індеттің екінші толқыны таралуда. Бұл мемлекеттерде қатаң шектеу шаралары қайта енгізіліп жатыр. Соңғы статистикалық мәліметтерге қарасақ, Қазақстанға да пандемияның екінші толқыны таяп келді деуге болады. Өткен кезеңде біз осы дерттің негізгі белгілерін айқындап, онымен күресу жолдарын үйрендік.

Дәрігерлерміз тиісті тәжірибе жинақтады. Еліміздің денсаулық сақтау саласы біршама нығайып, жаппай тестілеу жұмысы жолға қойылды. Науқастармен байланыста болғандарды анықтау ісі жетілдірілді. Сондай-ақ, аймақтардағы қатаң шектеу шараларын тиісті деңгейде ұйымдастыруға дағдыландық.

Бизнес өкілдері де жаңа ахуалда жұмыс істеуге бейімделе бастады. Ең бастысы, азаматтарымыздың пандемияға деген көзқарасы өзгерді, яғни халық осы қауіпті дерттен саналы түрде сақтану керек екенін түсінді. Бұл – жаһандық індетті жеңу үшін аса қажетті шарт. Дегенмен, пандемияның екінші толқыны көптеген белгілері бойынша өзгеше болмақ және ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек. Осыны ескеруіміз керек.

Бүгінде бүкіл әлем үшін белгілі бір салалардың тікелей жоғалуы, сонымен қатар жұмыссыздық пен білім берудегі ағаттық салдарынан әртүрлі келеңсіз жағдайлар орын алуы, тіпті қылмыстың өсуі сияқты ақыры қиыншылыққа әкелетін ковид теңдеуін шешу үлкен мәселе болып тұр. Сондықтан ағымдағы міндет — көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, індетті ауыздықтау.

Біріншіден, әлемдік үрдістерді ескеру қажет. Көптеген елдерде пандемия, ең алдымен, ірі қала­ларды шарпыды. Бұған дамыған көлік қатынасы себеп болғаны анық. Қазір инфекция өңірлерге де жетті. Бұл – шын мәнінде, аймақтар үшін екінші емес, бірінші толқын. Осындай ахуалды біздің еліміз де бастан өткеруде. Бірнеше облыста дертке шалдыққандар санының күрт өсіп кетуі – соның дәлелі.

Қазір індетке қарсы тұру үшін барлық ұйымдастыру жұмыстарын қолға алып, тиісті шаралар қабылдау аса маңызды. Бұл вирустың сырттан келуіне тосқауыл қойып, оның таралуын болдырмау үшін керек. Ауру жұқтырғандардың барынша нақты есебін жүргізу – вируспен күрестегі абсолютті талап. Бұл талап орындалмауда.

Бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталды. Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіпті бүркемелейді. Сондай-ақ бүкіл еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді. Қазіргі ахуал жете бағаланбауда, қабылданған шаралар жарымжан. Халықтың індеттен сақтану деңгейі төмендеп кеткен. Бұл – аксиома. Мұндай жағдай әлемнің көптеген елінде байқалуда. Аталған проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы сипат алғанын мойындауымыз керек.

Екіншіден, барлық денсаулық сақтау ұйымдары толық дайындық режимін қамтамасыз ету керек. Бұл әскери медицинаға да қатысты. Олар індетпен күресуде шапшаңдық танытуы керек. Қорғаныс және көлік медицина министрлігі алыс аудандардағы карантин және емдік шараларды орындауға толық даяр болуға тиіс.

Медициналық ұйымдарға жүргізілген бағалау қорытындысы олардың дайындық деңгейінің әлі де төмен екенін көрсетті. Денсаулық сақтау нысандарының жартысынан астамында заң бұзушылықтар анықталған. Ауруханалар аймақтарға толық бөлінбеген. Нәтижесінде емделушілер мен аурухана қызметкерлерінің індет жұқтыру қаупі сақталып отыр. Шын мәнінде, барлық өңірлерде жан сақтау бөлімшелерінің тиісті құралжабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілмегені анықталды. Атап айтқанда, коронавирус індетімен қатты ауырған науқастарды емдеуге қажетті жекелеген дәрідәрмектер мен медициналық бұйымдардың жетіспеушілігі байқалады. Өңірлер емдеу хаттамасында көрсетілген дәрі-дәрмектерді емес, өздерінің білгені бойынша препараттар сатып алуда.

Бұл — маңызды мәселе. Әкімдер Денсаулық министрлігімен бірлесіп, осы мәселеге назар аударуы керек.

Хаттамаға келер болсақ, ДДСҰ-ның ұсынысына байланысты хаттамалар жиі өзгерді. Алайда, бізде қазір жинақталған тәжірибе бар. Коронавируспен ауырған науқастардың әралуан созылмалы дерттері бой көрсетіп, күш алуына мүмкіндік бермей, бірден емді бастау керек. Әйтпесе, иммунитеттің әлсіздігінен ауру жан мұндай стресске шыдай алмауы мүмкін. Өкінішке орай, мұндай жағдайлар орын алуда.

Медикаменттер туралы айтқанда бірыңғай дистрибьютор қоймасындағы қорда қайсысы медициналық ұйымға, қайсысы дәріханаларға сатып алынғанын айқындау керек.

Үкімет әкімдермен бірлесіп емдеу хаттамасының нормасына сәйкес қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық заттарды сатып алуды қамтамасыз етуге тиіс. Менің тапсырмам бойынша ПТР сынамалары мен медициналық бетперделердің бағасы төмендетілді. Мұндай оң бастаманы халық бірден сезінді. Осындай жұмыстарды медициналық дәрі-дәрмектерге, ең алдымен, коронавирусқа қарсы медикаменттерге қатысты жүргізу қажет. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Мемлекеттік кіріс комитетімен бірлесіп, аталған мәселені қарастыруды тапсырамын. Жалпы Агенттік дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын реттеуге атсалысып, фармацевтикалық бизнестегі картельдерді әшкерелеуі керек.

Үшіншіден, медицина қызметкерлерін қорғау – басты міндет. Әсіресе, пандемия кезінде дәрігерлеріміздің өз кәсіби қызметін атқаруына кепілдік беру немесе оларды түрлі жағдайлардан сақтандыру мәселесі өзекті бола түсті. Қазіргі таңда мұндай жүйені барлық дамыған елдер қолдануда. Ал, біз бұл мәселені шұғыл шешуге мәжбүр болдық. Вирус жұқтырған және қайтыс болған дәрігерлерді қаржылай қолдау үшін теңдессіз шараларды қабылдақ. Медицина саласында әрдайым дәрігерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп-қатер болатыны айдан анық. Сондықтан, бұл мәселеге кешенді көзқарас қажет. Биыл мамыр айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында мен дәрігерлерді заңдық тұрғыдан және қаржылай қолдау жүйесін енгізу жөнінде тапсырма бердім. Үкімет осы жұмысты жеделдетуі керек. Қазіргі жағдайда біз коронавируспен күреске атсалысқан медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеуді жалғастырамыз. Жалпы, пандемия кезінде, яғни наурыз және қазан айлары арасында 90 миллиард теңгеден астам мөлшерде төлем жасалды.

Жыл аяғына дейін осы мақсатқа тағы 140 миллиард теңге қаржы бөлінеді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here