ТАЗАЛЫҚҚА ДЕГЕН ТАЛАП ОРТАҚ!

0
201

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналыстар мен жиындарда жауаптыларға қаланың және қалаға қарасты елді мекендерден «бір қыл таппайтындай» таза болу керектігін жиі жеткізеді, дұрысы тапсырады. Онысы құп. Сұқ көзбен сырттан келген қонақтар айналаны бір шолып өткенде әйбат ғимараттардың көз тоярлығынан құр бекер, егер қадам сайын қоқысқа кезіксеңіз… Қуантарлығы, қалада мамандардың жедел әрекеттерінің арқасында мұндай фактілердің жиі орын алуына жол берілмейді. Бір қап қоқыс көрсе қаланың тазалықшылары сол мезетте жинап әлек… Ол туралы кейінірек… Асылында, ішкі түйсікке емес бет әлпеттегі сұлулыққа ғана мән беретін қазіргі уақытта жұрт жиғанын сыртқы мәдениетпен байланыстырумен шектеледі. Ал, үйдегі тәлімнің сыртта көрініс таппайтынына кім кепіл? Яғни, әр үйден белгіленбеген орынға тасталған қоқыс сондағы тұрғынның мәдениетін айшықтайды дегенге ешкім қарсы келмес-ау, сірә? Бірақ, бүгінде адамдар өзгені құрметтеу арқылы өз биігінен аласармау керектігін түсінсе де әрекетке келгенде құлықсыздық танытады. Нақтырағы, тазалықпен айналысып жүргендердің еңбегін бағаламайтындар кезігеді. Дәлел де, дәйек те бар. Оған «Қызылорда тазалығы» ЖШС, ішкі істер органдарының мамандарымен және қалалық әкімдіктен құрылған мобильдік топпен жүргізілген рейдттік іс шарада көз жеткіздік.

Арнайы топ өкілдерімен жұмыс уақытынан тыс кешкі мезгілде өткізілген рейд барысы бұл жолы Б.Майлин және Б.Момышұлы көшелерінің қиылысында жалғасты. Әкімдіктегі Б.Далабаев басқаратын бөлім мен тазалықтың мамандары бірнеше мәрте дабыл қақса да, құлақ аспайтын не аталған талаптан ада адамдарға кезіктік.

Сәл уақытта бұл көшелердің қиылысындағы белгіленбеген орындарға тұрмыстық қалдықтарды тастаған екі-үш үйдің тұрғындарын аңғарып үлгердік. Қатарында әртүрлі жас мөлшеріндегі адамдар бар. Олар сол мезетте қорасының қоқыстарын көшеге лақтырмас бұрын оң мен солды шолып өтті. Ішкі түйсік алдамайды деген оймен ешкімнің аңғармағанына сенімді болып әлгі қалдықтарды тастайды да, көшеде өз жөнімен кетіп бара жатқан адамның рөліне енеді. Сонда талап пен тәртіптен аттап тұрғандарын білген олар қоғамдық, әрі белгіленбеген орынға тұрмыстық қалдықтарды тастамау керектігінен қалайша хабарсыз деген сауал туындайды.

Жандарына жетіп барып, сөзге тартса «Әкімдік неге бір жағдайды жасамайды?» деген үйреншікті кінәлі сөзді айта жөнелді. Тиісті шараның бірі осы деп әкімдіктегілер жөнін жеткізіп, рейдттің басты мақсатын атап өтті. Бүгінге дейін қанша ескерту берілсе де, осы мекен жайға тиесілі тұрғындардың құлықсыздық танытуы да жөнсіз. Сөздерінше, өздері ойлап тапқан «шағын полигондарын» жиі тазалаған көрінеді. Сонда бүгін тазалаған орынға ертесіне өздері қоқыс тастап, өзгеге кінә артқанда олар айтқан сөздің қисыны мен мәні қайда дерсіз?.

Әлгі тұрғындар әкімшілік хаттама толтырылуы тиіс сәтте аты-жөндерін жасырғысы кеп, бір жолғы ескертумен шектелгісі келді. Алайда, талап – ортақ. Мобильді топ, «Әке-көкеге» мойынсұнбай, оларға электронды нұсқада ҚР 434-2/1 бабы бойынша әкімшілік хаттама рәсімдеп, 6945 теңге айыппұл салды.

Іс шарадан кейін «Қызылорда тазалығы» ЖШСнің бөлім басшысы Айман Тұяқбаеваны сөзге тартып, сұхбаттасқанда қала көлемінде мұндай жәйттердің жиі орын алатынын жеткізді.

— Жыл бойы қала тазалығына немқұрайлы қараған тұрғындарға қатысты қанша хаттама толтырылды?

— Бүгінге дейін барлығы 65 хаттама толтырылды. Оның ішінде балалар да, ересектер де бар.

— Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш қуантарлық па, әлде әдеттегіден де артқан ба?

— Шыны керек, қоқыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға тастайтын деректер саны өзгеріссіз. Керісінше, біздің тараптан жүргізілетін рейдттік іс шаралардың саны артты. Аптасына 3 мәрте қала тұрғындарына тазалыққа қатысты талаптарға түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз.

— Сөзіңізге мән берсем, рейд тұрақты түрде жүзеге асады. Оң нәтижеге қаншалықты куә боласыздар? Олардың тағы қайталамасына кім кепіл?

— Нәтиже бар деп айта аламын. Бір хаттама толтырылған тұрғындар келесіде жауапкершілікпен қарайды. Дұрысы, әркім өз үйінен шыққан қоқысқа өздері жауапты болуы керек. Сонда ғана қала тазалығына барлығы атсалысқан болып есептеледі.

— Сұхбат арқылы атап өтейікші, қаланың қай көшелерінде және қандай мекен жайлар бойынша белгіленбеген орындарда қоқыстар жиі жиналады?

— Жаңадан қосылған тұрғын аудандар мен қаланың сол жағалауындағы тұрғындарда аталған мысал көп кездеседі. Қоқыс жәшіктерімен қамтамасыз етілсе де, үйінен шыққан қалдықтарды жаяу жүргіншілер жолының жиегіне қалдырып кететін фактілер болған. Одан өзге Қорқыт Ата, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Құлтекенов, Сағымбаев, Алтынсарин, Мұратбаев, Түркістан, Бекқожаев, Жұмабаев көшелері мен Астана даңғылының тұрғындары аталған әрекеттерге жиі барады.

— Бәлкім, қала тазалығына немқұрайлы қарайтын тұрғындардың мекен жайларын осылай жариялап та тұру керек шығар? Қалай ойлайсыз?

— Ол да дұрыс. Оның үстіне тиісті шараларды дер кезінде ұйымдастырудамыз. Оны уақыт көрсетеді.

— Мекеме тарапынан мамандар күнделікті қанша ауысыммен жұмыс істейді?

— Екі мезгіл бойынша жұмыс істейді. Таңғы сағат 6-7 лер шамасында жұмыс уақыты басталса, сағат 8-де қала таза болады. Осы мақсатта кешкі уақытта да тиісті жұмыстар әр күн сайын жүргізіледі.

— Қоқыс жәшіктерін орналастыру үшін тұрғындар қандай амалдарды орындау керек? Бұл мәліметтен хабарсыздар да бар…

— Дұрыс айтасыз, тұрғындар тарапынан әлі де бұл турасында білмейтіндер кезігеді. Бірақ, біздің мекеме тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кетейін. Тұрмыс қалдықтарын салатын арнайы қоқыс жәшігін сатып алып, мекемемен келісім шартқа отыруы тиіс. Шарт бойынша біздің мамандар уақытылы қоқыстарын алып тұрады. Соның өзінде тұрғындар жәшікпен бізді қамтамасыз етеді деп ойлайды. Халықтың түсінуі мен қабылдауы қиындау болып тұр. Бірақ, барлығы емес қой әрине. Тазалыққа қатты мән беріп, біздің жұмысымызды бағалап, келісім шартқа отыратын тұрғындар да жеткілікті. Олар сол арқылы үйінің, көшесінің ғана емес қаланың тазалығына титімдей де үлестерін қосып келеді. Сұхбат арқылы алғыс білдіреміз.

— Мүмкін, осы мәліметтердің барлығына мәлім болатындай ақпараттандыру жұмыстарын кеңірек жүргізу керек шығар…

Дұрыс айтасыз, бірақ біз жергілікті телеарналар мен басылымдарға арнайы хабарландыруларды жарияладық. Әлеуметтік желінің барлық түріне де шығарамыз.

— Келісім шартқа отырған тұрғындарға белгіленген тариф құны қанша?

— Қазіргі таңда жеңілдік жүргізілуде. Жаңа тариф бойынша 1609 теңге болғанымен, қазір 642 теңгеге қызмет түрін пайдалана алады. Жәшіктер толған сәтте хабарын берсе, ертесіне немесе екі күн ішінде өз міндетімізді орындаймыз. Ол үшін алдын ала тапсырыс берулері тиіс. Кең көлемдегі тұрмыстық қалдықтар болса, соған сай техника жібереміз. Оған төлем бөлек жүргізіледі.

— Қоқыс өртеуге қатысты қандай амалдар жүргізілуде?

— Мұндай фактілер өте көп кездесті. Мысалы, қоқыстарды көлікке салып полигонға апарар жолда тоқтатуға тура келді. Бықсыған өртті сөндіру үшін арнайы көлікті алдыртамыз. Қарап отырсаңыз, бұл біздің мамандардың өмірі үшін де қауіпті. Сондықтан, өртке жол бермеу керек. Енді ол барлық тұрғын сол әрекетке барады деген сөз емес. Өйткені, қоқыс жәшіктерін жағалай үйсіз жүрген азаматтар тарапынан да болады. Жалпы, қала тұрғындары келісім шартқа отырмау мақсатында түрлі сылтауларды жеткізіп әлекке түседі. Соның бірі тұрмыстық қалдықтарды өртеуге қатысты. Экологиялық кодексте 288-і бап бойынша өртеуге болмайтындығы туралы жазылғанын жеткізсек те, кейбірі түсіністікпен қарамайды. Шындығында, солай айтып қоғамдық орынға тастап кететіндері де бар.

— Ірі қалаларда қоқыстың түріне байланысты жәшіктер жиі орналастырылған. Бізде талап бар, бірақ қызмет түрі де соған сай болуы керек секілді. Мәселен, тағам түрлерін обалсынбай, тастай салатын деректер жеткілікті.

— Иә, дұрыс айтасыз. Бізде әзірге бір нұсқадағы қоқыс жәшіктері ғана қарастырылған. Қазіргі таңда жарық шамдарын тастауға арналған жәшік те бар. Бұрын өзге нұсқалары болатын. Уақыт ағамына сай олар да істен шықты. Демек, сіз көтерген ұсыныс бізде де уақытысында жүзеге асады деген сенімдеміз. Алдағы жоспарда бар.

— Кей тұрғындар талапты орындамайды деген сөзді сіздер жолдасаңыздар, олар тарапынан әсіресе көпқабатты тұрғын үйдегілер алаңдарын қоқыстардан дер кезінде тазартылмайды деп базыналарын жеткізеді. Бұған не дейсіз?

— Бізде ереже бойынша қоқыстардан тазарту үшін тиісті кесте белгіленген. Егер, көлік бұзылуы сынды жәйттер орын алмаса, мамандар уақытылы өз міндеттерін орындайды. Әрқайсысына жүктелген нысан бар. Оның үстіне қаламыздың көлемі кеңейіп, жаңа мөлтек аудандар тұрғызылуда. Соның барлығын қамту үшін де уақыт керек.

— Аталмыш мекемеде жұмыс істейтіндердің басым көпшілігі үлкен кісілер. Олар мезгілге де, уақытқа да бағынбайды. Соның өзінде еңбегін бағаламай, қолдағы немесе қорасындағы қоқыстарын белгіленбеген орынға тастап кетеді. Биыл еріктілер жылы ғой. Сол кісілерге қала белсенділері қаншалықты жиі көмек береді?

— Иә, тіпті тазалық жұмыстарын орындап болған сәтте біздің мамандардың жанында тұрып та қоқыстарын тастап кететін адамдар кезігеді. Рас, еңбекті бағаламайды. Жылда қыс мезгіліндегі аязды күндері қала жастары біздегі үлкен кісілерге ыстық шәй ұсынып, тағамдарын жеткізеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын табатын шығар.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here