Қызылорда: Отандық өнімнің өрістеуіне қолдау бар

0
127

Өнімдері республика көлемінде сұранысқа ие болған «Далатекс» компаниясының директоры Дінмұхаммед Абызов қаланың белсенді жастарымен кездесті. «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткен кездесу барысында жастар тігіншілердің қызу тірлігіне шолу жасап, әртүрлі тапсырыстарды дайындау процесіне куә болды. Компания басшысы фабриканың қалыптасу кезеңі мен аталған кәсіп түріне келу тарихын баяндап, ғимарат ішіндегі тігін саласына қатысты шеберхана жетістігі бейнеленген көрмесін көрсетті.

«Бүгінгі жастар түрлі бағытта білім алулары тиіс. Заман талабы солай. Бір саламен шектелмегені жөн. «Талаптыға нұр жауар» демекші, жеке кәсіпті ашып оны жүргізудің жолдарымен танысуға ниеттенген жастардың әрекеттеріне қуандым. Әсіресе, олардың отандық өнімге қолдау білдіргендеріне және тігін бағытына деген қызығушылықтары үшін алғыс білдіремін. Әркез жастар үшін білгенімді, көргенімді және түйгенімді жеткізуге дайынмын, — деген «Далатекс» компаниясының директоры Дінмұхаммед Абызов бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдаулардың көптігі мен тиімділігін атап өтті.

Ал «Бизнес бастау» жобасы аясында өткен кездесуде жастар қала бойынша ғана емес республикаға аты мәлім компанияның алдағы жоспары мен жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, аталмыш тігін орталығы қазақстандық нарыққа отандық өнімді шығарады. Фабрикада соңғы үлгідегі техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Арнайы шет елден алдырылған тігін машиналарымен 35-тен астам қыз-келіншектер жұмыспен қамтамасыз етілген.

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here