Модернизацияны мақтаймыз ба?

0
191

Қызылорда қаласының мөлтек аудандарының бірі «Универсам» дегенде, қысы-жазы жарылатын құбырлар мен жөндеу көрмеген үйлер еске түсетін. Сонымен қатар, қаланың тұрғыны көп, саудасы қызған аумағының бірі. Біздің жастарға, жалпы жұртқа «Универсам» дәмді самсасы мен тез дайындалатын тағағымымен мәлім. Ас-ауқаттың қамы үшін осында келетіндер көп-ақ.

Бұл мөлтек ауданда дүкендер де, мекемелер де бар. Шыны керек, аудан ескірген. Тұрғын үйлер сырты үгітіліп, аулаларында ылғи апаттық жағдай болып-ақ  жатады. Сондықтан, бұл шағын ауданға жаңаша дем беріп, үйлерді сырлап, тұрғындардың келісімін ала отыра күрделі жөндеу жүргізілуде. Универсамда тұрудан бөлек жүру де көзге қуаныш сыйламақ. Қаланың орталығы болса да, жауын жауса пәтер төбелерінен су кетіп, тесік шатырлар талайдың ызасын келтіретін. Олардың саны азаюда. «Ломбард» аялдамасы деп аталып кеткен аумақтағы үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Мәселен, Мұратбаев көшесінде орналасқан нөмірі 32-ші үйдің өңі кіріп, қалаға көрік беріп тұр. Көпқабатты тұрғын үйге өкпе жоқ. Іргесі 1962 жылы қаланған. Бұл үйдің ең алдымен шатыры жөндеуден өткізілді. Жауын-шашынның ауылы алыс болмағандықтан алдымен тесік шытарлар жаңаланып, төбесінен су кетпестей жамалған. Рас-өтірігін жауын өзі анықтар. Әзірге мін жоқ.

Тұрғындармен ақылдаса келе, көше бетін оңдау барысында қазақи нақыш қосылып, оюланыпты. Подъездердің терезесі жаңаланып, ішіне жылу құрылғылары орнатылған. Әктеп сырланып, кафель төселген. Су кіргізіліп, жылу орнатылған. Жылу басты назарда. Себебі, биылғы жылу маусымы ерте басталды. Өжірелері тазартылып, ішкі құбырлары толықтай ауыстырылды. Электрлік шаруалар тәмәмдалып, аула тұсына диодты шамдар орнатылған. Өзі сондай жіңішке, шағын болса да қараңғыда біраз жерге жарығын шашады. Тұрғын үйдің сыртқы дизайны мамандармен кеңесе отыра жасалды, түстері ақылдаса отыра таңдалды дейді мердігер мекеме қызметкері.  Игі істі атқарған мекеменің атауы «Реал Строй Снаб» ЖШС-гі. Жалпы толықтай қырық бес күн ішінде тындырылуға тиіс шаруа болатын. Қазан айының 26-сы құрылыстың аяқталатын уақыты. Бөлінген қаражатта жөндеу жұмыстары тек үйдің ішіне ғана жүргізу қаралған. Мердігер мекеме, тұрғындарға ілтипатын білдіріп, үйдің сыртын да әрлеп берген. Ең жақсысы, көрші пәтердегілер байқап, жөндеу жұмыстарына қызығушылық танытып, өзге де көпқабатты тұрғын үйлерге жөндеу жұмысын жасап беруді өтінген. Ендігі қалған шаруа осы болмақ.

Қазіргі таңда біздің шаһарда 815 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның 426-сы жөндеуді қажет етеді.

Титов ауданының тұрғындарына жайлы жағдай жасалуда. Жолы төселіп, жаяулар жолы салынған. Батпақ пен аяқ-киім айқасы азайып та қалған болар. Титовтағы Жетікөл көшесінде 1977 жылы салынған көпқабатты тұрғын үй бар. Қырық жылдан аса міз бақпай тұр. Бүгінгі күнге дейін еш жөндеу көрмеген екен. Десе де, ескінің аты ескі. Бұл сол баяғы жыр. Төбеден кететін су, жылудың аздығы, жолдың жоқтығы еді. Қырыққа келіп қамал алғандай ма? Бұл пәтер де жөндеу жұмыстарынан құр қалмаған. Барлық шаруа оңды аяқталған. Сыртқы жұмыстары ғана қалып тұр. Бас-аяғы елу бір миллион теңгеге пәтерге жаңа дем берген мердігер мекеме «СырЭлектромонтаж» ЖШС-гі. Тұрғындар риза. Әр подъезге домомфондар қойылып, іші-сырты түгел жаңаланған. Терезелері ауыстырылған. Бастысы шатырдан су кетпесе екен дейді тұрғындар. Кейбір тұрғындар жұмыстың басы-қасында жүріп, сапалылықты қадағалған. Жұмыс өте сапалы дейді.

Пәтер жөндеуіне кіріспес бұрын тұрғындардың үштен бір  бөлігінің келісімін алу қажет. Өз пәтерінің заман талабына сай болуын қалайтын адам әрине келісім береді. Бұл шаруларға бөлінген қаржыны тұрғындар біртіндеп қайтармақ. Жөндеу жұмыстары толық аяқталған сәттен бастап әр шаңырақ ай сайын 9000 теңге ақша төлеп, жаратылған ақшаны қайта толтырады.

Д.АМАНГЕЛДІ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here