ТОҚ ЕЛ АШ ЕЛГЕ ҚАМҚОР БОЛАДЫ?..

0
114

2020 жылдың Нобель сыйлығының бірі БҰҰның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына берілді. Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша әлемдегі ірі гуманитарлық ұйым көптеген үміткерлер арасынан таңдалды. Үміткерлер арасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, шведтік экология жанашыры Грета Тунберг те болған. Алайда, бүкiл жұрт алғысы келетін, бірақ екінің біріне бұйыра бермейтін бұл сыйлықтың БҰҰ-ның Азық-түлік бағдарламасына берілуінде қандай мән бар? Былай қарағанда, денсаулық – бірінші байлық болғанда, экология да одан кем емес. Ал, азық-түлік, яғни тамақ олардан қалай басым түсіп тұр? Міне, елді ойландыратыны осы…

1969 жылғы Пирсон комиссиясының ұсынысы бойынша әлемнің бай елдері халықаралық дамуға көмектесу үшін ұлттық жалпы кірістерінің 0,7%-ын жұмсауға міндетті. Бұл міндет кейіннен БҰҰ-ы Бас Ассамблеясының қаулысымен бекітілген.

Осындай келісім жасалған жарты ғасыр уақыт бұрын жаһандық кедейшілік деңгейі өте жоғары болды. Бір жақ бай, бір жақ кедей.

Алайда “елу жылда ел жаңа” дегендей, арада біршама өзгерістер болды, байлар мен кедейлер де өзгерді. Экономика серпінді дамыған 2000-шы жылдары Қытай, Үнді, Африканың бірқатар елдері кедейшілік қатарынан шығып, байлыққа кенелді. Бұдан басқа да дамушы елдердің арасында алға кеткендері аз емес. Есесіне, кедей мемлекеттерден гөрі байығандар үлесі артты.

Елу жылда қандай өзгеріс болды? Сарапшылар пікірінше орта кеудедегілердің өзі екі топқа бөлінеді. Біріншісі болып орта деңгейдегі табысы, кірісі бар елдердің саны көбейді. Бұл дамушы елдерде жер үсті халқының басым дені тұрады. Бұл елдердің көбісі үшін әлгі байлардың 0,7% көмегі жеткіліксіз. Сондай-ақ экономикасы “өткелде” тоқтап қалған 30- дай ел тағы бар. Олар сол баяғыдай сыртқы көмекке зәру, дамушы елдер тұрғындарының 10%-ы осында тұрады, кедейшілік қамытын мықтап киген.

Екінші топ – кедейшіліктен көтерілгендер, алайда, қайтадан төмен қарай құлдилау қаупі барлар. Бұл топқа дамушы елдердің тұрғындарының 3/2-сі жатады.

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша жаһандық “тақыр кедейшілік” дегеніміз күніне 1,9 долларға өмір сүру екен. Зерттеулер бойынша әлемнің кедейлерінің кірісі өскен. Бүгінде дамушы елдер тұрғындарының 10%-ы ғана өте кедей екен. Бұл бұдан 40 жылға қарағанда жақсы дейді. Өйткені, 1980-ші жылдағы халықтың тең жартысы дерлік кедейшілікте өмір сүрген.

Егер де кедейшілік деңгейі күніне кіріс 3,20; 5,50 доллар көлемінде есептелер болса, онда кедейлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шығары анық. Ал, енді 2011-ші жылы сатып алу қабілеті деп танылған күніге 13 доллар кіріс көлемінде кедейшілік болса, онда дамушы елдер тұрғындарының 80% тоя ас ішіп, бүтін киім кие алмайтыны анық. Демек, кедейшілік қамытынан шығып, қалағанына енді қол жеткізіп келе жатқан орта топтағылардың қайтадан таз қалпына түсуі әншейін әңгіме емес. Қазіргідей коронавирус жағдайында хал тіпті мүшкіл. Содан да әлемдік деңгейдегі экономистер байлар тапқанын кедейлерменен бөлісуі керек деп дабылдатуда.

Егер де сарапшылар сараптап отырғандай әрбір мемлекет ұлттық кірісінің белгілі бір пайызын “тұрақты даму қорына” аударуды міндетке алып, орындап отырса, жылына 500 млрд доллар қорға жинақталады екен. Ал, бұл бүгінгі күні кірісі күніне 1,90 долларға жетпейтін 750 млн адамды тақыр кедейшіліктен құтқарып, аштық мәселесін жойып, ішер асқа жарымай жүрген 1,5 млрд адамды тоқ етеді екен. Сондай-ақ бала өлімін азайтуға, миллиардтаған адамның бастауыш және орта мектепте білім алуын қолжетімді етуге, таза және қымбат емес таза су ішуіне, 2 млрд-тан астам адамның санитарлық-гигиеналық қызметке қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Соның өзінде басқа да қажеттіліктерді қаржыландыруға 200 млрд доллар қалады екен.

Әлемдегі кедейшілікті жеңу үшін барлық мемлекеттер тұтастай өз табысы мен мүмкіндігіне қарай қаржылай үлес қосуға тиіс.

Австралия ұлттық университеті мен Лондон королдігі колледжінің жасаған зерттеулері бойынша күніге тапқаны күніге қажетін өтей алмайтын миллиондаған адамдар өмір сүріп жатқан дамушы елдерде пандемия одан сайын жоқшылықты өршіте түскен.

Даму экономикасын зерттеген БҰҰ университетінің Дүниежүзілік институты күніге кірісі 1,90 долларға жетпейтін кедейлердің қатары 700 млн-нан 1,1 млрд-қа көбейеді деп хабарлады. Зерттеу бойынша пандемия дамушы елдер үшін экономикалық дағдарысқа айналды. Егер де қарекет етпесе, онда жаһандық кедейшілікті төмендету де 20-30 жылға тоқырайды. БҰҰ-ның мәліметі бойынша осы жыл соңына дейін дамушы елдерде 130 млн адам аштыққа ұшырайды, ал дамыған елдерде жұрт семіздіктен зардап шегеді.

Індет басталғалы бері жұрт кірісі едәуір азайғаны белгілі. Ел ақшаны үнемдей бастады, ең бірінші тамақтан тежелді. Қазір фастфуд тұтынатындар көп. Зияндылығын біле тұра. Дамыған елдерде аштардан гөрі салмағы артықтар көп екен. Мәселен, қазір британдықтардың 3/2-сінің салмағы артық, немесе өте семіз. Содан да елдегі әрбір жетінші өлім дұрыс тамақтанбауға байланысты. Ауру көбейгендіктен медицина саласының да шығыны артқан. Артық салмақтағы адамдар емделуі қиын қант диабетімен, жүрек-қан тамырлары ауруларымен, обырмен ауырады.

БҰҰ-ның есебі бойынша дүниежүзі бойынша 3 млрд. адамның дұрыс тамақтануға мүмкіндігі жоқ. Зерттеушілер мұны да бір пандемия дейді. Өйткені, толықтар мен семіздердің есебінен алдағы онжылдықта әлем бойынша денсаулық сақтау шығыны жылына 1,3 трлн долларға артпақ.

Нобель сыйлығын беретін комитеттің жер бетіндегі бейбітшілік үшін атауына БҰҰ-ның Дүниежүзілік Азық-түлік бағдарламасының таңдауы тегін еместігі белгілі. Комитет шешімі бойынша сыйлық “аштықпен күресі үшін, қақтығыс аймақтарындағы бейбіт өмірге қол жеткізудегі үлестері, аштықты соғыс пен қақтығыстар құралы етіп пайдаланудың алдыналудағы іс-қимылдары үшін” берілді.

Әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігін сақтау бағытында күресіп келе жатқан гуманитарлық ұйымның қызметкерлері мен еріктілері әлемнің 88 елінде аштыққа қарсы күреске үлес қосқан. Ұйым мәліметінше өткен жылы жер үстінде 135 млн. адам тойып тамақ ішпеген. Ал, коронавирус індеті мұны одан сайын өршітіп отыр. Олардың айтуынша: әзірге індеттен қорғанар вакцина жоқ, алайда, тамақ – тұрақсыздықтан ең мықты вакцина.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here