Николай патша дәуірінің мұнарасы

0
188

2016-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама негізінде қаламыздағы «Теміржолсу-Қызылорда» ЖШС-гі кәсіпорынының өз қаражаты есебінен 72 миллион теңге бекітілген. Бөлінген қаржы ойдағыдай жаратылды. Шевченко көшесі бойымен 2018 жылы бір шақырым жолға қатты қысымдағы су құбырлары орнатылған болатын. Сол жұмыс өткен жылы өз жалғасын тауып, аяқталды. Бас аяғы бір шақырым жеті жүз метрге жуық жер қазылып, жоғарғы қысымдағы су құбырлары орнатылды.

Қызылорда қаласындағы Шевченко көшесінің тұйығында орналасқан су қоймасы мен су зертханасынан бастап Темір жол бекетіндегі су сақтау мұнарасына дейін жалғасқан. Бұны бірі білсе, бірі білмес. «Теміржолсу-Қызылорда» мекемесінің қарамағындағы кеңселер мен зертханалар патшалық дәуірден қалған көне ғимараттар. Шевченко көшесінің тұйығындағы су зертханасы мен су қозғалтқыштары орналасқан ғимарақа осымен бір ғасырдан аса уақыт болған. Ғимарат патшалық кезеңде 1905 жылы бой көтерген екен. Бұнда 2014 жылы толықтай күрделі жөндеу жұмыстары өткізілген. Құдды  ғасырлар аралығындағы өткелдей ғимараттардан көненің қолы жеткен технологиясын аңғаруға болады. Мұнда қайта жөнделіп, тазартылған екі су қоймасы бар. Жалпы көлемі 120 куб. Ал ғимараттың ішінде орналасқан моторлар жер астынан су алып, адам орнына біраз шаруаны тындыруда. Маңында су зертханасы бар. Күнделікті су сынамаларын алып, тексеріп отырады.

Ғажабы сол ғимарат ауласында бір ғасырлық қара ағаш та жайқалған. Ал ғимарат ішінде кейін отырғызылған он бес жылдық лимон ағашы мен түрлі мәдени өсімдіктер өсіп тұр.

Бұл жерден темір жол маңына дейін орнатылған құбырлар  мұнараға су апарады. Аталған мұнара қазіргі таңда республиканың ескерткіштер тізіміне еніп, қорғауға алынған. Қабырғасында орнатылған QR код арқылы ғимарат жайлы толық ақпарды білуге мүмкіндік бар. Мұнараның ішінде сол 115 жылдық тарихы бар пеш әлі күнге дейін жұмыс жасап тұр. Өткен күннің сапалы мұралары адамды таңқалдырады.

Мұнара төбесінде екі үлкен су жиналатын ыдыс орнатылған. Бұл да көне заманның құрылғысы. Тіпті қадалған шегелеріне дейін сол заманға тиесілі. Біздің заманауилар бұл қойманы тек әктеп-сырлап қояды екен. Дейтұрғанмен, ішіндегі құбырлар арасында тозып тұрғандары да бар. Оларды жаңғырту келесі жылдың еншісінде. Сонымен қатар, көне заманның көзіндей шойын құбырлар әлі де бар көрінеді. Құбырдың ұзындығы шамамен он бес шақырымдай болып қалады. Шойын құбыр күл түскенде ғана шірейді. Қалған уақытта міз бақпайды. Әйткенмен, жаңаланатын кездің келгені анық.

Жер астына орнатылған құбырлар апаттық жағдайдың алдын  алып, шығын шамасын 0,2 пайызға төмендетіп отыр. Ал құралдардың тозуы 1,6 пайызға төмендеген.

Осы жылы жүргізілген құбырдың ұзындығы 760 метр. Бұл игі іске 14 миллионға жуық теңге жұмсалыпты.

Д.АМАНГЕЛДІ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here