БЮДЖЕТ ҚАРЫЗСЫЗ ҚАБЫЛДАНАДЫ

0
285

Қызылорда облысының әкімі Г.ӘБДІҚАЛЫҚОВА:

— Облыстық мәдениет басқармасы театр салуды жоспарлапсыздар, 18 млрд. теңгеге. Не деген масқара? Осы заманда осындай қаржыға жоспарлауға болады ма? Талдықорғанда керемет театр бар, өзім көргенді айтып отырмын. Бағасы аспан емес. Басқаларға да қарау керек. Әрине сол жағалауда әлі де көптеген объектілер салуымыз қажет. Бірақ, ретіменен, қаржы мүмкіндігіне қарай.

Үкіметте үкімет жиналысы өтті. Онда 9 айдың қорытындысы қаралды.

Былай қарағанда пандемия дым істетпей жатқан, айнала тым-тырыс сияқты. Ал, негізінде республикалық бюджеттің шығыстары 10 триллион 272 миллиард теңгені құраған. Оның 26 миллиард теңгесі орындалмаған. 6 миллиард теңгесі үнемделгенімен, 20 млрд теңге игерілмеген.

Жыл басында “түйе сұрап бие алмақшы” болып, өткізетін іс-шараны, жүзеге асыратын жобаларды көбейтіп, оларға жұмсалатын ақшаны да асырып, көп қаржы алып қалған Мәдениет және Спорт Министрлігінің алған ақшаны неге толық игере алмағаны белгілі. Биыл атаулы мерейтойлар, көпшілік іс-шаралар көп болғанмен, карантиндік жағдайға орай көбіне онлайн өткен мәдени, спорттық іс-шаралар шығыны азайғаны анық. Ақшаны игере алмағандар қатарында Бас прокуратура, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Цифрлық даму, Инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі де бар.

Әрине, игерілмеуге карантиннен бөлек себеп те жеткілікті дегенімізбен бәріне кінәлі коронавирус.

Midsection of young businessman examining coins stacked as bar graph at office table

Өңірлерге инвестиция болып құйылған қаржының көп бөлігі республикалық нысаналы трансферттер арқылы келеді. Биыл өңірлерге 2,3 триллион ақша бөлінген. Өздерінің жергілікті бюджет қаражаттарынан бөлек. Енді есеп бойынша осы 2,3 трлн теңгенің 1,5 триллионы 1 қазанға дейін бөлінген. Оның 99,5%-ы игеріліпті. Игерілмегені әзірге 6 млрд теңге екен. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәлімдеуінше Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары және НұрСұлтан қаласы қаржысы көп игерілмегендер қатарында. Бұл қатарда Қызылорданың жоқтығы көңіл қуантады. “Ақша болса, жұмыс бар” дегендей, өңірлерге ақшаны орталықтан алу да оңай емес. Жергілікті әкімдердің біліктілігіне, қабілетіне, сенімділігіне байланысты. Өңірге бөлінген ақшаны орнымен игеру де тағы сол әкімдердің іскерлігіне “істің көзін таба білуіне”, тапқан ақшаны орнымен, ретімен жұмсай білуіне де байланысты. Демек, бұл ретте Қызылордаға айтар сын әңгіме жоқ…

Сол жиналыста Үкімет басшысы экономиканы қалпына келтіру жағынан артта қалған өңірлерді де атады.

Үкімет басшысының айтуынша 9 айдың қорытындысы бойынша елімізде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, тау-кен, қызмет көрсету салаларында өсім бар. Шағын және орта бизнес жанданып келеді. Жалпы экономиканың қалыпқа келу белгілері байқалады.

Өңірлер арасында Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында көрсеткіштер жақсы.

“Ал, Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары бұрынғыдай артта қалған өңірлердің қатарында. Бұл негізінен мұнай-газ секторындағы өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты. Осы облыстардың әкімдері жағдайды жақсарту үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет” – деп, Үкімет басшысы облыс әкімдеріне үлкен міндет жүктеді.

Бұдан бір ай бұрын 8 айдың қорытындысы бойынша (қаңтар-тамыз) өткен Үкімет мәжілісінде де өндіріс қарқыны төмендеген Маңғыстау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласы қатарында Қызылорда облысы да аталған болатын. Әрі біздегі төмендеу қарқыны басқалардан басым болды. (-11,5%). Негізгі капиталға салынған инвестиция жөнінен де Қызылорда жағдайы мәз болмады (-35,4%).

Әрине, бұл төмендеу қысқа мерзімде орын алмағаны анық. Мәселен, орталықтағы ресми сарапшы орындардың бірінің сараптамасына сәйкес, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2018-ші жылы 6,9%-ға, 2017-ші жылы 4,3%-ға төмендеген екен. Елімізде бұл төмендеу көрсеткіші жоғары екені белгілі. Бірақ, өңірде мұнай өндірісі азайғаннан кейін, өндіріс көлемі де төмендеп тұр.

Өндіріс көлемі төмендегенімен, 2018-ші жылы аймақ құрылыс қарқыны жөнінен үшінші орында тұрды. Сыртқа өнім шығару 7%-ға артты. Тауар айналымы 27,6%-ға өсті. Жүк айналымы 2,4%-ға өсті.

2018-ші жылдың тамызында жасалған сараптама бойынша 2017-ші жылы сыртқа тауар шығару 8,4%-ға, 2016-шы жылы 58,2%-ға азайған. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 9,8%-ға төмендеген, негізгі капиталға салынған инвестиция 9,1%-ға азайған. 2015-ші жылы салық салу базасы 11,5%- ға азайған. Негізгі капиталға салынған инвестиция 32,3%-ға кеміген.

Демек, сол кездегі аймақ басшысы Орталықта жарияланатын рейтингтердің алғашқы үштігінде, бестігінде көрініп, елге әкім үздік деп сүйіншілеп жүрген жақсы кезеңдерде де аймақтардың бәсекеге қабілеттілігі жағынан, атап айтқанда өндіріс көлемі, негізгі қорға инвестиция салу, тағы да басқа басымдықтар бойынша жарияға жар салатындай жағдайымыз болмаған екен. Ендеше биылғы жылдың сегіз, тоғыз айының қорытындысы бойынша төмен көрсеткіштер жылдар бойы жалғасып келе жатқан төмендеудің жалғасы болса керек.

Үкімет жиналысынан сәл бұрын, қазанның 12-сінде аймақ басшысы Г.Әбдіқалықованың төрағалығымен облыстың 2021-2023 жылдарға арналған өңірлік экономикалық және бюджеттік саясат мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Айта беретіндей пандемия көп мәселеге басқаша қарауға мәжбүр етті. Мәселен, бюджетке де. Төтеннен айтпай келген індет аз ғана уақыттың ішінде адам үшін, қоғам үшін дамуға аса қажетті мұқтаждықтарды айқындап берді. Тойдан гөрі ой, қимыл, іс керек. Тойханалар оқу орталықтарына, шағын цехтарға айналды. “Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала”, “Кісідегінің кілті аспанда” дегендей, сыртқы жұрттан тауар, азық-түлік тасығаннан гөрі, өзімізде өндіру өзекті екені өзөзінен белгілі болды. Тағысын тағы дегендей…

Содан да болар аймақ басшысы біріншіден аймақтың шағын және орта бизнесін дамытуға басымдық берді. 2023-ші жылға дейін экономикалық даму жоспары бойынша бизнеске 270 млрд теңгеден асатын 265 жобаны жүзеге асыру ұсынылса, бүгінде олардың 59-ы іске асырылған, 50-і дайындық үстінде, қалғаны алдағы жылдар еншісінде, екіншіден, өңір өз-өзін өзіне қажетті азық-түлікпен, басқа да тауарлармен қамтамасыз ету керек. Үшіншіден, сыртқа тауар шығару көлемін арттыру қажет.

Бұл мақсаттарға жету үшін алдымен ірі өндірістердің айналасына ілесуге бизнес құру, өсімдік шаруашылығын, әсіресе мал жайылымын кеңейту керек. Айта кетсек, бүгінде мал жайылымдық жерлердің басым дені пайдаланылмайды. Себебі құдық, ұңғыма, су көзі жетіспейді. Осы жетіспеушілік оң шешімін тапқан жағдайда Қызылорданың оңы мен солы малға толары сөзсіз.

Егін, бау-бақша үшін басты мәселе – су. Су тапшылығы бір аймақ басшысының деңгейінде шешілмейтіні белгілі. Сол үшін де су қоймаларын салу, суды аз қажет ететін технологияларға қол жеткізу, суды аз қажет ететін дақылдарға ауысу – аймақ басшысы Г.Әбдіқалықованың алға қойған мақсаты.

Г.Әбдіқалықованың тағы бір икемді игі ісі – аймақта алғаш рет 2021-ші жылға арналған бюджет жобасы ашқандай қарызсыз бекітілетін болады. Әкімнің өз сөзімен айтар болсақ:

— “Коронавирустық пандемия нәтижесінде қиындықтардан өтудеміз. Таяудағы бірнеше жыл қоғамның барлық салаларына, экономика мен бизнеске әсер ететін салдармен бетпе-бет кездесеміз. Сондықтан, бүгінгі таңда мемлекеттік бюджеттік жоспарлаудың барынша тиімді саясатын қамтамасыз ету бұрынғыдан да маңызды”.

С.БИХОЖАЕВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here