ӨЗГЕРІСТІ ӨЗГЕРГЕНДЕР ҒАНА БАЙҚАЙДЫ

1
347

Короновирус індетінің адам мен ғалам өміріне келтірген шығыны орасан. Білгірлер вирустың әлі де кеткісі жоқ деп дабыл қағуда.

Халыққа қауіп әкелген осынау қиын шақта биліктегілердің міндеті еселеніп, жұмысы қыза түсті. Жақында еліміздің барлық қала әкімдерінің рейтингі шықты. Бір жақсысы бұл тізімде Алматы мен Астана қалалары жоқ. Бас қалалар деген статусты бекерден-бекер алып отырмағаны анық. Олар бұл рейтингке енсе өзге қалалар бәсекеге баяулау болып, екі алып шаһардың көлеңкесінде қалуы әбден мүмкін еді. Қос қаланың әкімдері ендігі облыс әкімдерімен иық теңестіретін болыпты.

Бірінші орынға Өскеменнің әкімі табан тірепті. Оны Қазақстандағы ең белсенді қала әкімі дейді. Өзі басқарып отырған қаланың өзекті мәселелерін шешуге белсене атсалысқан.

Омаров мемлекеттік қызметте жүргелі біраз уақыт болыпты. Бір жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі қызметінде де жұмыс атқарған. Білдей өңір әкімінің шекпенін шыққан болар, әйтеуір біраз шаруаны да меңгерген болу керек. Бұл кездері Шығыстың шыңында менеджер әкім Сапарбаевтың отырған кезі еді. Қазақстанның қай өңірінде қиындық туындаса көмекке келетін Сапарбаев. Кезінде Елбасының өзі аса сенім артқан саясаткердің бірі. Сол себепті Бердібек Сапарбаевтан Омаровтың біраз дүние ұққаны анық. Өскеменде ішкі саясат бөлімінің басшысының орынбасары да болыпты. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары артынша Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметінде жүріп Өскеменге әкім болып келген. Үш жыл бұрын «Құрмет» орденіне ие болған.

Өскеменде Зерек орталығы жұмыс жасауда. Осы жылдың өзінде жас ғалымдар мен өнертапқыш балаларға жұмсалған сома 87 миллион теңгеден асып жығылады. «Балалар үшін қаражат аяудың керегі шамалы, тек нәтиже болу қажет»- дейді, Омаров.

Қызылордадағыдай кең даңғылдардағы оң жақ бұрылыстың шаруасында осы әкім ұсынып отыр. Қазірде қаладағы кептелістер едәуір азайған көрінеді. Бәлкім бізден үлгі алып жүрген болар.

Шығыстағылар тіпті өз аудан әкімдері арасында да рейтинг жасайды екен. Бізде бұндай жоқ. Алайда, шығыстықтар әлеуметтік желіні өз игіліктеріне жақсы пайдалануда. Жұртпен кері байланысы мықты. Қазіргі жастарды әлеуметтік желіден бас алмайды деп сөгеміз. Десе де, бұл тұста әлеуметтік желінің халық алдындағы рөлі басымырақ болып тұр.

Егер біздің де әкім әлеуметтік желісін жандандырып, белсенді қолдаушысына айналса, бәлкім келесі рейтингтерде бірінші орынға көтерілер.

Екінші орынға Ақтөбе қаласы жайғасыпты. Шахаров мырзаның тегінің өзі қала басқаруға лайықақ екен. Қаладағы газ құбырларын тартуға инвесторлардан қаражат тауыпты. Оны ел-жұртпен жиі ақылдасады, халықтың сөзін тыңдайтын қарапайым басшы дейді.

Жалпы Шахаров жайлы ғаламтор беттерінде ақпарат аз. Ол өзі үлкен спорттан үлкен саясатқа келген көрінеді. Оның чемпион әрі білікті спортшы екені мәлім. Спорттың тілімен айтқанда Шахаровқа бұл рейтингте күміс медаль бұйырып тұр.

Осы орайда қала басшыларының рейтингін кейде ай сайын немесе тоқсан сайын жария етіп отыратын рейтингшілер әкімдердің рейтингін қалай анықтайтыны қызықты болып көрінді. Рейтинг жасағыштар әр қаланың осы айда не бітіргендігін, әкімдері кімге не дегеніне дейін тауып алады екен. Халық алдында сауатты сөйлеу, елмен бірге пікірлесу, жұрт игілігіне қабылданған шешімдердің барлығы ескеріледі. Жиналыстарда кеткен қате сөз бен әріпке дейін тауып алады екен. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі белсенділігін де жиі бақылайтын көрінеді. Әдетте әкімдердің посттарының астында наразы жұрт өз пікірлерін қалдырады. Пост жазбаларымен халық арасындағы кері байланыстың қаншалықты екені де ескеріледі. Алғашқы орында тұрған Өскемен әкімінің парақшасында 40 мыңға жуық оқырманы бар екен. Сонда бұл рейтингтаушы ұжым әлеуметтік желідегі белсенділігін алға тартып бірінші орынға қойды ма деген сұрақ туындады. Алайда, бақылай келе Өскеменнің әкімі де Нәлібаев секілді көшені жиі аралап, базарларға да барып тұратын болып шықты. Бұл әрине, рейтинг үшін өте қажет.

Кезекті үшінші орын Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа бұйырыпты. Осылайша үздік үштіктің қатарындағы біздің қала әкімінің жасаған шаруалары баршылық. Осы ретте неге бірінші орын емес деген ой да келеді. Себебі, карантин маусымының өзінде қалада атқарылған шаруалар шаш етектен.

Біздің қала Сырдарияның сол жағалауынан су жаңа шаһар құрылысын жүргізіп жатыр. Қаланың мерейтойына дейін біраз істің біткені анық. Бізде аллеялар мен спорт алаңдары көптеп салына бастады. Бұл да бір қаладағы мәдениеттің оң өзгерістерге бой алдырғаны болар. Нәлібаев қалада орнатылған әр жарықшам мен орындықтарды қолымен ұстап, тексеріп, кем-кетігін уақытында айтып отырды. Әр тұрғынмен тілдескенін де көзіміз шалды. Қаладағы жаяулар жолын аралау барысында мердігер мекеменің сапасыз құрылыс материалдарын қолданғанына тоқталып, нақты сапа мен жұмыс қажет деп айтқан болатын. Маған нәсихаттың керегі жоқ деп баса айтқан Нәлібаевтың осы бір сөзіне тұрғындар риза болған еді. Пандемияның салдарынан үйде шықпай отырған жұрт карантин жеңілдегеннен кейін қала орталығына шығып, аң-таң болып та қалған-тұғын. Танымастай өзгерген қала көшелерінің түнгі көрінісін айтсаңшы…

Айналадағы жасалған шаруалардан хабардар жұрттан пікір сұрасаң барлығы да «бұрын соңды бұндай өзгерістер біздің шаһарда болмаған» деп жауап қатады. Әрине, бұл дегеніміз қалада шешілмеген мәселе қалмады деген сөз емес. Халық — сыншы, халық — ақылшы.

Жаздың соңы мен күздің басында Қызылорда дамыл тапқан жоқ. Қай жерге көз тіресең де құрылысты аңғаратын болдық. Батпақ кешкен бұқараның арманы орындалып қалада жаяулар жолы көбейді. Бақандай екі жүз көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Онымен қоса мүгедек жандар үшін пандустардың саны артты. Риза болған халық әлеуметтік желіде де, БАҚ беттерінде де әкімге алғысын жаудыруда. Қала әкімінің инстаграм мен фейсбук желілерінде аккаунты жоқ. Бұл екі әлеуметтік желі біздің елде қатты дамыған. Әсіресе кейбір бастықтар елмен бірге бір тал отырғызып, оны бір ай бойы өзінің желісінде бөлісіп, жалған атақ жинауға мәстір. Біздің сырдың жігіттері үшін бұндай қылық ұятты-ау.

Қызылорда қаласының туған күніне орай ашылған Назарбаев даңғылы бойындағы «Дәрігерлер аллеясының» қала тұрғындары үшін орны ерекше. Бұл аллеяның атын дәрігерлерге беру қалалық әкімдік тарапынан ұсыныс болып түскен еді. Онымен қоса, біздің қалада жаңа субұрқақтар пайда болды. Бүгінгі күні қаладағы арбат аталып кеткен Жахаев көшесінің бойында және Назарбаев даңғылының қос қанатында қала халқы үшін серуендейтін орындар жаңғыртылды. Бұл біздің Қызылорданың қызу жұмыстарының жемісі. Бұдан бөлек Қызылорданың қала күні мерекесі қарсаңында Рәміздер алаңының арғы жағынан «Денсаулық саябағы» ашылды. Отыз гектар жерді алып жатқан алаңда салауатты өмір салтын ұстануға мол артықшылықтар қарастырылған. Өз кезегінде бұндай алаңдар қала халқының өмір жасын ұзартуға, денсаулығының мықты болуына жол ашпақ.

Қайсібір жылдары отандық телеарналарға дейін Сыр ана монументінің жан түршігерлік жағдайы баяндалды. Сол кездегі доллардың курсымен пәлен мың долларға салынған монументті дәретханаға да теңеген. Расында сол уақытта монументтің айналасы күлқоқысқа толы еді. Бұл жылы әкімдік бастамасымен Сыр анамыз қайта жаңғырды. Маңына жер асты субұрқағы орнатылып, ойын және спорт алаңдары салынды. Қазіргі күні Сыр ананың екінші тынысы ашылғандай…

Қаладағы көп қабатты тұрғын үй аулаларында ойын алаңдары салынып, көгалдандырылды. Бұл жұмыс жергілікті жұрттың өз аулаларына жанашырлықпен қарауына жол ашты. Аулалары жап-жақсы тұрғындарға «Үздік аула» номинациясы ұсынылды. Бұл аулалар арасындағы бәсекені туғызып, әр ауланың жүйелі ретке келуіне алып келеді.

Тұрғындар үшін қала орталығында кең көлемде жәрмеңке ұйымдастырылды. Төмен бағамен қоймаларын толтырып алған тұрғындар қыстың суығынан тоқшылықта шығады деген үміт бар. Бір ерекшелігі жәрмеңке бір күндік болған жоқ. Қазірдің өзінде әр сенбі сайын ұйымдастырылуда. Бұл жылғы жәрмеңке ұраны «Егіс алаңынан базар сөресіне дейін» деп аталады. Бұл ұстаным азық-түлік бағасын едәуір арзан етті.

Десе де, қаланың көркем болуы, дамуы басшылар мен керемет ғимараттарға ғана байланысты емес. Кез-келген қала тұрғындарының қарапайымдылығы, ауызбіршілігі мол болса сол шаһардың ел аузында көпке дейін сақталатыны сөзсіз. Сананы жаңғыртып, кертартпа әрекетті доғарып, өз туған қаламызбен мақтанатын сәт. Жас пен кәріге теңдей жасалған жағдайлар әлі де жалғаспақ. Тек төзім қажет. Бұл қарқынмен біздің қала көптің арманы болары анық. Қызылорда қаласының әкімі қызметінде біршама жыл еңбек еткен Нәлібаев барлығының алдында беделді абырой қалыптастыра алды. Пандемия кезеңінде кәсіпкерлердің басын қосып қырық миллионға жуық теңгені денсаулық мәселесіне жаратуға ықпал етті. Осы ретте барлық кәсіпкерлер мен ел бірігіп мемлекетке көмек қылды. Тағы бір зұлмат уақытты елмен бірге артта қалдырдық.

P/S: Рейтингтаушылардың жұмысы түсінікті-ақ. Десе де, қарапайым халықтың да өз жүрегінде жүрген рейтингі бары анық. Ең бастысы, халықтың ойынан шығып, жүрегінен бірінші орын алса оған жетер қуаныш бар ма?

Д.АМАНГЕЛДІ

1 КОММЕНТАРИЙ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here