БЕСІНШІ РЕТ

0
169

Өткен аптаның жексенбісінде болып өткен Президент сайлауында 1992-ші жылдың 27 қарашасынан бері тәжік елін билеп келе жатқан Эмомали Рахмон бесінші рет Президент болып сайланды. Президент болғанына 28 жыл болған Рахмон ел билеу өтілі жөнінен Назарбаевтан (30 жыл) кейін, ал Лукашенкодан (26 жыл) алда екен.

2003-ші жылы өткен референдум нәтижесінде “Ұлттық көшбасшы” (Бейбітшілік пен ұлттық біліктің негізін қалаушы – Ұлт Көшбасшысы) мәртебесін алып алған оның өмір бойы Президент болып сайлануына және билікті баласы Рустам Эмомалиға мұрагерлікке қалдыруға қақысы бар. Әрі Президенттік мерзімін бес жылдан 7 жылға дейін ұзартып алған. Бұл кешегі КСРО деген алып державаның құрсауынан шыққан тәуелсіз мемлекеттердің басқа билеушілері үшін орындалмас арман болып қалғаны анық.

Міне, осы мәртебесінің арқасында Рахмон тағы да бесінші рет Президент болып сайланды. Онда да оған сайлаушылардың 91%-ға жуығы дауыс берген. Сайлаушылардың оны бұдан да көп қолдаған кезі 1999-шы жыл екен. Ол кездері 97,6% дауысқа ие болған.

1992-1997-ші жылдар аралығы тәжік елі үшін қиын жылдар, азамат соғысы кезі болды. Ресми ақпарат орындарының мәліметіне қарағанда, сол жылдардағы 10 млрд. долларға жуық шығынның орны әлі толған жоқ. Сол үшін де тәжіктер үшін тұрақтылық пен бейбіт өмір өте қымбат.

Биылғы сайлауда орталық сайлау комиссиясына Президент болуға өтініш берген 7 үміткердің бесеуі тақ үшін тайталасқан. Қалған екеуі қажетті қол жинай алмаған. Оппозиция мүлдем қатыспаған.

Ал, бақ сынауға жіберілген бес үміткердің де үгіт жұмысы үміт ететіндей емес болғанға ұқсайды. Содан да ең көп дауыс алғаны 3% ғана. Бір қызығы үміткерлердің үгітінде кедейшілікті азайту, қолжетімді баспана, жол салу, аграрлық реформа, мұқтаждарға көмектесу жайы айтылғанмен, сыбайлас жемқорлыққа, жершілдікке, соттардың тәуелділігіне, БАҚ-тарды бақылауында ұстауға қатысты ешқандай саяси ұран көтерілмеген.

Сарапшылардың пікірінше бұл сайлаудың бар қызығы Душанбе қаласының әкімі, Парламент жоғары палатасының төрағасы, 32 жастағы Рустам Эмомалидың да үміткер болып бақ сынауы. Жалпы ел ішінде 2016-шы жылдан бері әкесі баласына тақты мұра етіп тапсырады деген ақпарат кеңінен тарауда. Оған негіз де жоқ емес. Сол жылы конституциялық референдум өтіп президенттікке үміткерлердің жас шектеуі 35 жастан 30 жасқа төмендетілген. Әрі Э.Рахмон өзі де ұлт көшбасшысы ретінде өмірін ақыр соңына дейін Президент болып қайта сайлану мәртебесін алған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here