АҚ ОРАМАЛ — ӘЙЕЛ САЯСАТЫ

0
231

Қоғамда әйел-аналардың орны қашан да биік саналған. Өмірлік мекеніне аяқ басып, жолдасының бабын тауып, ұрпағын өрбіткен аналардың мәртебесі оттың басында да жоғары болғаны ләзім. Шаңырақтың сәні, өмірдің мәні, үйдің берекесі, ұйытқысы болған нәзік жандылардың бір бойына бірнеше міндет үйлесім табатыны да жасырын емес. Үйде өзіне жүктелген тірлігін түзеп ғана қоймай, түздегі қызметінде де абырой биігінен көрінген ақ жаулықтылар алғыс пен мақтауға ғана лайық.

Әйелдер қауымының бүгінгі мәртебесі мен міндетін тақырып етіп, ортаға салу әбестік емес. Оларға тиесілі әртүрлі өзекті тақырыптарды көтеріп, оның оңтайлы реттелуін бақылау басты назарға алынуы тиіс. Аталған мақсат Сыр елінде сәйкесінше жүзеге асып келеді. Мәселен, жақында ғана өткен «Ақ орамал» ақпараттық-насихаттық жобасы.

Жоғарыда атап өткен әйел адамның өмірлік міндеті мен рөлін сараптап, некенің негізгі құндылықтарын жіліктеп шағып, бала тәрбиесіндегі әке мен ананың тендігі мен жауапкершілігін ортаға салу – бұл жобаның басты мақсаты болып саналады.

Осы негізде Қызылорда облысы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қоры, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі және облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен жүзеге асып жатқан жоба Қызылорда облысының бірнеше аудандарында да таныстырылды.

Сыр облысына қарасты Сырдария, Жалағаш, Шиелі және Жаңақорған аудандарында кездесу өткізген ұйымдастырушылар ондағы әйел-аналармен, қызкеліншектермен емен-жарқын әңгіме өрбітіп, аталған түйткілді мәселелерді көтерді.

Айталық, Жалағаш ауданында бүгінгі қыз балалардың ертеңгі ана ретіндегі жауапкершілігпен денсаулықтарына күтіммен қарағандары дұрыс делінген пікірлер ортаға салынды. Одан өзге жас қыз-келіншектердің өнегелі болуы мен тәрбие тәлімін толықтай меңгеруі назарсыз қалмаған дұрыс екендігі де айтылды.

Аудандағы Ақсу ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы Мейрамкүл Ержанова ене мен келін арасындағы сыйластықты кездесудегі басты мәселе етті. Сөзінде келінді тәрбиелеудегі өз енесінің қағидаларын назарға алып, бүгінде бала келінінің келешек ел сыйлар абыройлы ана болуы үшін тәлім беріп жатқанын алға тартты, артынша оның заман талабына сай білімді болуы үшін жағдай жасап жатқанын айтты. Сондай-ақ, өзге үйдің түтінін түтетіп отырған өз қызының барған жерінен үнемі мақтау сөз бен алғысты жиі еститінін мақтанышпен жеткізді. Рас, бұл да болса ананың өмірлік бір міндетінің орындалғаны екені де айқын.

«Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қоры, облыстық «Аналар кеңесі бірлесіп өткізген шара Шиелі ауданына да бағыт алды. Мұнда да келелі тақырыптар талқыланды. Аудандағы аналарға тиесілі әрқилы мәселелердің шешім табуына әркез үлесін қосып, олардың рөлі биікте болуы үшін мұрындық болатын Баян Нәлібаева кездесу барысында сөз алып, пікір білдіргендердің бірі болды.

— Аналардың мәселелерін ортақ шешіммен бірлесіп жүзеге асыруға оңтайлы жол қарастыруымыз керек. Осы кездесуді пайдалана келе, біздің аудандағы негізгі мәселелерге тоқталғаным жөн болар. Баспанаға қолжетімділікті алға тартып жүрген көпбалалы аналарымызға қолдау көрсетіп, балалардың жылы, әрі қауіпсіз үйде мекен етуіне қолғабыс етуді қолға алсақ деймін. Ол үшін бүгінгі мүмкіндіктерді тиімді жүзеге асырып, қор ашсақ деген ұсынысым бар. Сондай-ақ, аудандағы медиатор қызметін атқарып жүрген ақ жаулықты аналарымызға алғыс білдіріп, олар тыңдырып жүрген игі істерді әркез ел алдында ақпараттандырамыз, — деді Шиелі ауданындағы Аналар кеңесінің мүшесі Баян Нәлібаева.

Жаңақорған ауданында қыз-келіншектердің тек үй шаруасымен шектеліп қалмай, өз саласында еңбек етудің пайдалы тұстары сөз болды. Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Баян Божбанбаева жиында осы тақырыпты ортаға салды. Ол аудандағы жұмыссыз әйелдердің басын жиі біріктіріп, оларды оқыту мен еңбекке баулу керектігін алға тартты. Сондай-ақ, мәні мен маңызы басым бұл кездесу Сырдария ауданында да ұйымдастырылып, ондағы қыз-келіншектер толғандырып жүрген сауалдар турасында да түрлі ұсыныстар айтылды. Аналар тарапынан салт-дәстүрлердің, ұлттық нақыштағы бұйымдардың тұрмыс жағдайындағы маңызы талқыланды.

Аналар кеңесінің мүшесі, ардагерұстаз, жеке кәсіпкер Алтын Нұртаева аталған бұйымдарды тігіп, жұмыс істейтінін жеткізді. Оны бүгінгі әйелдердің еңбектенуі ғана емес, аналардың күнделікті бала тәрбиесі мен үй тірліктеріндегі қателіктері толғандыратын көрінеді. Осындай олқылықтар дер кезінде үлкендер тарапынан айтылып отырса, ұлттық құндылықтарымыз келешекте өз мәнін жоғалтпайды деген пікірде.

Осы сарында өткен бұл басқосудың негізгі міндеттері мен мақсатын «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қорының басшысы, облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Рахима Ахметова атап өтті.

«Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қорының басшысы, облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Рахима Ахметова:

— Жалпы, бұл жобаның «Ақ орамал» деп аталуының өзінде үлкен мән бар. Барлық жақсылық атаулының нышаны іспеттес, аналардың сұлулығы мен ажарын айшықтайтын ақ орамалдың біз үшін маңызы басым. Бұл кездесулерде әртүрлі тақырыптар ортаға салынды. Ендігі кезекте облысымыздағы әр ананың бақытты болуы үшін игі бастамаларды көтереміз. Отбасының берекесін келтірер ақ жаулықтыларымыз аман болып, сүйікті жар, ибалы келін, аяулы ана бақытын ғана сезінсін деп ізгі лебізімді арнаймын.

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here