Алғыс арқалаған азаматтар марапатталды

0
255

 Еліміз бойынша эпидахуал күрделеніп, саулық үшін бірігуді талап еткен тұста ынтымақ пен ауызбіршіліктің куәсі болғанымыз бар. Әсіресе, Қызылорда қаласында «бір жағадан  бас, бір жеңнен қол шығару» керектігін қаперде ұстап, ел үшін етікпен су кешкен азаматтар аз болмады. Бірі қалтасындағы соңғы теңгесін шығарса да, құрылғылардың жеткізілуін қолға алды. Енді бірі көпшілік шоғырланған нысандарға жылдам, әрі оңтайлы жолмен дезинфекциялық жұмыстардың жүргізілуін қадағалады. Сондай-ақ, бұл мақтаулы тізімге қала тұрғындары үшін қолжетімсіз болған кезеңде арнайы бетперделер тіктіріп, тегін таратқан еріктілер де, тазалық пен тұрғын үйлердегі түрлі ахуалдарды реттеген мамандар да кіреді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ел-жұрт үйден шықпай, індет белең алғанда көше кезіп қауіпсіздікті қамтамасыз еткен біршама азаматтардың еңбегі ескерусіз қалмады.

 Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы орайы келгенде мақтау мен марапатқа лайық тұлғаларды қабылдап, қала тұрғындарының саулығы үшін аянбағандарға алғысын жеткізді.

— Төтенше жағдай жарияланған кезеңде өз өмірлеріңізді қауіпке тігіп, барлық сақтық шараларын сақтай отырып халыққа қызмет еттіңіздер. Сіздердің ерең еңбектеріңізді, әрбір жағдайда табандылық танытқан жауапкершіліктеріңізді білеміз. Осы орайда, Қызылорда халқының ризашылығы мен алғысын жеткіземіз,деген Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық алғысы» медалімен 12 азаматты марапаттады.

Олардың қатарында қала еріктілерінің басын біріктірген Сабыржан Кеңшілік те бар. Кеудеге медаль тағылып, көкейді қуаныш кернегендердің қатарында жасы кіші болғанымен, атқарған ісі қомақты-ақ…

«Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Сабыржан Кеңшілік:

Індет белең алғанда қала еріктілері бірігіп, тегін бетперделер мен сақтық шаралары туралы жазылған үнпарақшалар тараттық. «Феи-Швеи» жобасы аясында 1000-ға жуық көпреттік бетперделер тіктіріп, ҰОС ардагерлері мен тыл ардагерлеріне және жағдайы төмен отбасыларға да үлестірдік. Бұл жұмысқа қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттердегі еріктілерді де қамтамыз етіп, өз ауылдарындағы тұрғындардың сақтығы үшін аянбауға шақырдық. Одан бөлек, Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы күрделі сәтте оқиға орнына біздің қаланың еріктілері де төбе көрсетті. Сондай-ақ, «Цифрлы еріктілер» жобасын жүзеге асырып, Халыққа қызмет көрсету орталығында атқарылуы тиіс жұмыстарды тұрғындар үшін жеңілдеттік. Бұл біз күнделікті атқарған жұмыстардың бір парасы ғана. Еңбекті елегендерге ризашылығымызды жеткіземіз. Бұл медаль жеке өзіме емес, қала еріктілеріне ортақ алғыстың төресі екені де айқын.

Карантин жариялаған сәттен бастап қала тұрғындарының сақтық шараларды назардан тыс қалдырмасы үшін тік тұрып қызмет еткен әкімдіктің қызметкерлері де бұл алғыстан құр қалмады. Мезгілге бағынбастан, қауіпті індетке қарамастан халықтың амандығы үшін тер төккен маманның бірі – Индира Сансызбайқызы. Минут сайын өзгеріп отыратын ақпараттардың көпшілікке қолжетімді болуы мен оның шынайылығына жауап беріп, секунд сайын үзіліссіз шырылдаған телефондардан түскен түрлі күрделі ұсыныстардың сол сәтте реттелуіне тікелей жауапты болды. Ол атқарған еселі еңбекке көпшілік куә. Ешкімнің күмәні болмасы да айқын.

Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімінің басшысы Индира Ақжігітова:

— Төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап қала әкімдігі жанын жедел штаб құрылды. Аналитикалық талдауды басты назарға алатын мониторингтік топқа жетекшілік жасадым. Call-орталыққа келіп түскен ақпараттардың өнделуіне,  тұрғындар тарапынан байланыс телефондары арқылы түскен шағымдар мен мәселелердің жедел, әрі нәтижелі шешім табуына үлесімізді қостық. Штабтың жұмысын үйлестіруге қатысты жоспарлардың жүйелі істелуіне септігімізді тигіздік. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қажетті қадамдарды ескере отырып, қаланың бас санитарының қаулысына тиесілі ұсыныстарды әзірледік. Сол тұстарда блок бекеттерден жеке, заңды тұлғалардың өтуіне байланысты ақпараттық жүйенің жұмысын үйлестіруге арнайы топ жасақтадық. Қала тұрғындарына тиесілі шектеулер мен рұқсат берілетін ережелер біздің қалалық штабтың жанында үйлестіріліп отырды. Рейдтке қатысты жұмыстарды үйлестіру мен штабтың жұмысын күшейтуге байланысты қажетті ұсыныстардың барлығын орталықтан жүйелі түрде жүзеге асырдық. Сол сәтте бірлесіп атқарған жұмысымызды ескеріп, «Халық алғысы» медаліне лайық деп тапқандары үшін алыс білдіреміз. 

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here