Жылу шығыны азаяды

0
301

Алдағы жылу маусымына үлгереміз деп емеурін танытқан «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-нің биылғы жылы жасап жатқан жұмыстары жетерлік. Жалпы «Бизнестің Жол картасы 2020» мен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаладағы жылу құбырлары ауыстырылуда. Құбырлардың ең басты артықшылығы — жылу ысырапшылдығын 14,1 ден 13,87 пайызға төмендетіп, барынша бір температураны ұстап тұруында. Себебі, барлық салынған құбырлардың сырты пенопласт тектес өніммен қапталған. Әдетте бұл өнімді құрылыс нысандарында жылуды іште сақтап тұру үшін қолданады. Өз кезегінде бұл құбырлар жылу жүйелерінің тозуын 42 пайыздан 41,5 ке, ал өндірістік жабдықтардың тозуын 43 пайыздан 42,3 пайызға төмендетпек.

Десе де, барлық аумақтың жөндеу жұмысына едәуір қаражат қажет. Биылғы таңда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 1 792 960,6 млн. теңге жылу маусымына дайындық жұмыстарына бөлінді. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 963,834 млн. теңге қаражат қарастырылса, 57,4 млн орталықтың өз қазынасынан бөлінген.

Мәселен қаладағы «ЛОФТ» мейрамханасының алдынан өтетін құбырларды ауыстыруға 377 млн. теңге қаралған. Негізі жылу маусымына дейін бұл құбырлардың барлығын суық сумен гидротексерістен өткізеді. Кей кездері бұл құбырлардың сыр беріп қалуы да ғажап емес. Әйтсе де, «Қызылордажылуэлектрорталығы» жылу бөлімінің басшысы Молдиманов Бақытжан бұл құбырлардың сапасы әлдеқайда мықты, біраз жылға қызмет етуге жарарлық деп жеткізді. Оның үстіне құбырлар өзіміздің Қарағанды өңірінде өндіріледі. Иә, бағасы біраз қымбаттау. Есесіне, маусым сайын су кетпейді, авариялық жағдайлар азаяды.

М.Шоқай мен З.Шүкіров көшелері қиылысында ұзындығы 1,2 шақырымды құрайтын кезекті жөндеу жұмыстары бітуге жақын. Жалпы, бесінші қазанға дейін барлығын тәмәмдап, жылу маусымына сақадай сай болу қажет.

Ең бастысы магистральды жылу құбырлары болмақ. Бұл желіге қаланың 3/1 бөлігі тәуелді. Ауқымы 720-630 диаметрлі жылу құбырларының ұзындығы 1,5 шақырымды құрайды. Жалпы құны 1,5 млрд. теңге.

Негізі қаланың жылу құбырларының 60 пайызы жаңартылған. Қалған 40 пайызды биыл ауыстырудың мүмкін емесі хақ.

Ең бастысы, мемлекеттік бағдарламалардың қажетті деген жеті жобаға қолдау көрсеткенінде. Әйдік жылу қазандықтарын жөндеуге «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 1190,2млн теңге және облыстық қазынадан 600 млн. теңге, ал орталықтың өз есебінен 127,2 млн. теңге қарастырылған.

Оңтүстік қазандықтың 1,6,9-шы түрлері күрделі жөндеуден өткізілуде. Сонымен қатар су жылыту, сорғылар мен химиялық аспаптар және электр қозғалтқыштарын ауыстырып, жөндеу жұмыстары жасалуда.

Жыл сайын ел аузында «биылғы қыс қатты болмақ» деген сөз үнемі айтылатын. Әзірге қала аумағында барлық қазандықтар мен құбырлар өз қызметтеріне дайындық үстінде. Жоғарыда айтылған жаңа құбырлар мен жылу әсерін жоғалту қаупі аз жабдықтардың барлығы ел үшін жасалып жатқан жағдай. Сондықтан, биылғы маусымның олқылықсыз болады деп сенеміз.

Д.АМАНГЕЛДІ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here