ЖАРЫС БАР ЖЕРДЕ НАМЫС БАР

0
108

Праймериз деген термин ағылшын тілінен тарапты. Алғаш рет 1901 жылы Американың Флорида штатында Праймериз жөнінде заң қабылданған. Россия тарихында праймериз бірінші рет 2000 жылы қолданған. Енді міне біз де соның куәгері болып отырмыз. Біздің түсінігімізше барлық сатыдағы сайланбалы орындарға сайлану алдымен лайықты кандидатты таңдау праймеризіне қатысу арқылы анықталмақшы. Көріп отырғанымыздай мұның өзі жарысқа ұқсайды. Жарыс болғанда бәйгеге түскен ат жарысы емес, депутат болу үшін жарысқа түскен адам жарысы сияқты. Хош, солай-ақ болсын. Ойымызды толық білдіру үшін өткеннен көргенімізді бүгінгі жарыспен салыстыра баяндамақпын. Өйткені кешегі кеңес дәуірі кезіндегі депутат сайлауына қатысқанбыз. Ол кезде ауылдық кеңестің депутаты 25 адам, аудандық кеңестің депутаты 75 болатын. Осылайша облыстық кеңеске, сосын Жоғарғы кеңеске тиісінше адам сайланатын. Олар да қазіргідей партиядан ұсынылатын. Ұсынылатын кандидатқа қойылатын талап: Қандай салада еңбек етіп жүрсе де өз ортасында еңбегімен, еңбекқорлығымен дараланған, іскерлігімен көзге түскен, қоғамдық жұмысқа белсене араласатын, өзін халықпен байланыста ұстайтын адамдар ғана ұсынылатын. Өткен кезеңнен бірнеше мысалдар келтірейін. Мысалы, 1968 жылы облыстан Одаққа, яғни КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа облыс бойынша бірақ кандидат дауысқа түсетін болған. Сол кезде коммунистік партиядан Аққұм кеңшарының күріш звеносының 28 жастағы жетекшісі Қазына Жусупова ұсынылды. Ол кім еді, қандай еңбегі үшін таңдап алынды? Айтайын: Ауылда туып, ауылда өсіп, ауыл мектебін бітіріп, ауылда болып жатқан науқанды жұмыстарды көзімен көріп өскен Қазына еңбек жолын 1956 жылы егіншілік саласында жәй қарапайым жұмысшы болудан бастайды. Жастайынан саф алтындай кең дала төсінде өскендіктен бе бой жазып еркін жүргенді ұнатады. Кластастарына ермей, жоғары оқу орнына түсуге бармай, ауылда қалып күрішші болуды мақсат етті.

Звено жетекшісінің қарамағында 7 адам, 4 көлік бар. 105 гектар жерге күріш егеді. Кішігірім ұжым. Бұларға басшылық жасайтын Қазына. Басқару оңай шаруа емес. Сенімді ақтау үшін жұмысқа етене берілген Қазына мол өнім алу сыры ең алдымен еңбекте екендігін звено мүшелеріне жеткізе де білді, жұмысты ыждағаттылықпен ұйымдастыра да білді. Соның арқасында 1971 жылы 20 гектар күріш егіп, оның әр гектарынан 105 центнерден өнім алды.

Бір ақынның:

Еңбек қана еліңе сүйікті етер,

Еңбек етсең, кетпейсің күйіп бекер,

Еңбек қана есеңді түгендейді,

Еңбек қана еңсеңді биіктетер,

— деп жырлағанындай Қазына Жусупова депутаттыққа кандидат болып ұсынылып, сайлауда жеңіп шыққан еді.

Ол сайлаушылардың сенімін ақтады. Атап айтатын болсақ облыстың егін шаруашылығы кеңшарларында полевойстан салуға өз үлесін қосты. Оны егінші қауым әліге дейін пайдаланып келеді. Мұны депутаттан қалған із деуге болады.

Екінші мысал. 1989 жылы болған сайлауда КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып Тұрғанбай Маханов сайланған болатын. Ол кезде ол облыстық аурухананың бас дәрігері. Сайлаушылар сеніміне ие болған Тұрғанбай Маханов олардың сенімдерін ақтаған депутат болды. Мәселен, қазіргі облыс орталығындағы облыстық медициналық орталықтың салынуының басы-қасында болған бастаушысы екендігін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Мінекей, депутат еңбегі деп осыны айтады. Ал, қазіргі мәжіліс депутаттарынан мынадай із қалды дегенді әзірге көргеніміз де, есіткеніміз де жоқ. Мүмкін ізі қалатын депутаттар праймеризге қатысқан үмiткерлердiң арасынан шығар?.. Қарап отырсам праймеризге «Nur Otan» партиясынан қатысушылар саны 473 болыпты. Мұны аз кандидат деуге болмас. Олардың ішінде бұрын облыс, аудан әкімдері болған, облыстық департаментті басқарғандар мен журналистер, кәсіпкерлер, мектеп директорлары, басқару қызметіндегі дәрігерлер, мәдениет қызметкерлері, басқа да саланың мамандары бар. Құрамы жағынан ана саладан қалып қойыпты ғой деп айта алмайсыз. Әдеттегідей зейнеткерлік жасынан өте асып кеткендер қатыспапты. Бұл да болса алдағы уақытта ұйықтап отыратын депутаттар болмайды дегеннің белгісі болса керек. Сондай-ақ үміткерлер арасында жанға жайлы орын іздейтіндер де бар сияқты.

Праймеризге қатысып жеңіске жеткендердің ішінен еліне, отанына адал қызмет ететін қайраткерлердің шығатындығына күмән келтіруге болмайды. Осы орайда бұрыннан білетін, бүгінгі күні праймеризге үміткер болып қатысып отырған Жалағаш ауданында аудандық Әділет басқармасының бастығы болып қызмет атқарған кезде аудан халқының жылжымайтын мүліктерін заңдастыру, азаматтарды құжаттандыру және тіркеу бойынша атқарылған жұмыс нәтижесі арқылы тұрғындардың ризашылығына бөленген, содан кейінгі жылдары «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры және «Казпочта» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры қызметтерін абыроймен атқара жүріп, елмен, халықпен тығыз араласып, өзінің іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетінің ауқымдылығымен, еңбексүйгіштігімен, жаңашылдығымен, қоғамдық пікір білдіруде көшбасшылық роль атқара алатындығымен танылып отырған Әбибуллаева Аида Ибрагимқызы, ОМЦ-ның кардиология орталығының басшысы Даутбаев Берик Русланович, Интегрострой ЖШСтің директоры Искаков Бақдәулет Кулбекович, КАТМОЗ ЖШС-тің атқарушы директоры Искаков Жангелді Ойшыұлы, «Жігер» шаруа қожалығының төрағасы Сарбасов Самат Қалдыбекұлы, тағы да басқа аймаққа айбын болып жүрген азаматтар депутат болуға лайықтылар.

Жалпы праймеризге қатысқан үміткерлерге қойылатын талап біреу. Ол — халқына, отанына адал қызмет жасау. Осылайша ойымызды білдіре отырып праймеризге қатысушыларға сәттілік тілейміз.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ Қазақстан Журналистер одағы мен Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here