QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

«SYR JASTARY-2025» — ЖАҢА БАҒЫТ?..

Автор:QAA.kz

Сен 17, 2020

«Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелері ашылуы тиіс. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз»

Бұл – биылғы күздің бірінші күнінде Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы барысында атап өткен тапсырмалардың бір тармағы болатын.

Тоқаев тапсырмасы арқылы облыс әкімі Әбдіқалықованың жұмыс өлшемін бағамдайтын сатының алғашқысына да аяқ бастық. Жолдауға біздің өңірде қолдау қалай? Президенттің пәрмені облыста қай деңгейде орындалуда?

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 2 қыркүйегінде облыс әкімі Гүлшара Наушақызының төрағалығымен өткен жиын барысында аталған тапсырмалар турасында негізгі басымдықтар назарға алынып, жүйелі жоспарлар құрылған болатын. Тірліктің алғышарты да бастау алған көрінеді.

Жүзеге асатын жобалар жайында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Ахметов бүгешүгесіне дейін атап өтті.

«Азаматтық Альянс» қайта құрылды

Биылғы жылдың басты жаңалықтарының бірі осы. Бұл ұйымның негізгі мақсаты – Үкіметтік емес ұйымдардың мүддесін қорғау, дұрысы жол сілтейді. Осы негізде түйткілді тақырыптардың түйіні тарқатылады. Яғни, ортақ шешім негізде. Ескі әдісті негізге алып, жаңарған қоғамда жаңа бастамалар жүзеге асырылмақ. Мәселен, «Әлеу­меттік жобалар жәрмеңкесі». Азаматтық альянспен бірлесіп атқарар жаңа жобаларда қоғам мүшелерінің белсенділігі сарапқа салынбақ.

— Жолдауда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы» — деген болатын. Сол арқылы, кез келген мәселені азаматтық қоғаммен бірлесіп шешуді қолға аламыз, — деді С.Ахметов.

Үйірмелерге қатысушылар саны артады

Қуантарлығы, біздің өңірде балалардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік қарастырылған. Мейлі, шығармашылық салаға бағытталсын, немесе спорттық секцияларға негізделсін… Қатысамын, үйренемін, меңгеремін және жетістікке жетемін деген балаларға жағдай жасалған.

Айталық, облыс көлеміндегі 173 мәдениет үйлерінде 854 үйірме түрлері бар. Көпшіліктің талаптілегіне сай, саны да баршылық. Ендігі жоспар — осы үйірмелердің санын 1000-ға жеткізу. Соңыра, қатысушылардың көрсеткішін 11 500-ге дейін арттыру басты назарда. Нәтижесінде, Жолдауда айтылғандай жасөспірімдердің кедергісіз шығармашылық шыңға жетулеріне мүмкіндік беріп, «Балалар үйірмесі» қызметін одан әрі жандандыру.

Спорт сүйер жастар қуансын…

«Дені саудың – жаны сау» қағидасын ұстанушылар үшін де биыл қуантарлық жаңалық жеткілікті. Мемлекеттік — жекешелік әріптестік аясында 12 жобаның 5-еуі жүзеге асқан. Облыс бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің саны 21-ді құрайды. Ондағы қатысушылар 20 147-ге жеткен. Бүгінде жеткіншектер 45 спорт түрімен тегін шұғылдануда.

Айта кетейік, өңірде соңғы екі жыл бойынша 16 спорт кешені пайдалануға берілген болатын. Облыс орталығында салынып жатқан бүгінгі спорттық алаңдар да көз қуантады.

Салаға бағытталған ендігі жоспар – спортқа жастардың ынтасын арттыру, қатысушылар санын еселеу және шымыр болуға сеп болатын кешендер қатарын көбейту.

«SYR JASTARY-2025» әзірленеді

«Біздің қоғам еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгертуі керек. Жас буынға еңбекті бағалауды, оны абыройлы және абыройлы емес деп бөлмеуді үйреткеніміз жөн. Өкінішке қарай, жастарымыз әп-сәтте байып кеткісі келеді. Олардың лотереяға, бәс тігуге және букмекер агенттіктеріне жаппай әуестігінің себебі осында», — деген Президент Жолдау аясында жастарды еңбекке баулуды да жүктеген болатын.

Қоғамның қозғаушы күштеріне қандай бастамаларды қолға аламын десе де болады. Тапқырлықпен ойға келген мардымды жобаның жоспарын жүзеге асырып, аймақ көлеміндегі негізгі мәселелерді шешу мақсатында небір мақсаттарды орындауға оңтайлы сәт те келген секілді.

5 бағыт, 29 индикатордан тұратын жол картасы жастар саясатына жаңа серпін бола алады. Бес жылдық жоспар айқындалса, шығар шыңның көрсеткіші биік болары сөзсіз. Біріне тоқталайық. «Syr Jastary-2025» жол картасы арқылы 6 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бұл жобаны «Жасыл ел», «Жас құрылысшылар» бағдарламалары аясында жүзеге асыру жоспарлануда. Одан өзге алдағы 5 жылдықта тұрақты түрде облыстық еңбек лагері ұйымдастырылмақ.

«NEET» жастар назарға алынды

Білім алуда құлықсыз, жұмыс істеуге жігерсіз жастар саны жыл санап артқаны мәлім. Олардың қоғамда өзіндік орындарын тауып, аталған санат тізімінен шығару бертіннен емес, бұрыннан күрделі мәселе болатын. Бұған дер кезінде тиісті шаралар жасалмай келеді деген сөз емес…

NEET көрсеткіші 8,4%-ды құрайды. Нақты статистика бұнымен шектелмесі де мәлім. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде бұл пайыздың төмендеуіне уәдесін де берді.

Сонымен қатар, облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында сөз алған Серік Ахметов жергілікті тұрғындарды карантиндік талаптарды сақтауға шақырды.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *