Ертеңді күтпей, бүгіннен қалыс қалмауда

0
403

КӨРКЕЙДІ, КӨНЕРГЕН БІЛІМ НЫСАНЫ…

Елдегі эпидахуалға байланысты біршама саланың жұмыс қарқыны баяулағаны жасырын емес. Кей жобалар онлайн жүзеге асырылса, енді бірі мерзімінен кешігуде. Әйткенмен, қала тіршілігіндегі қыруар шаруа ертеңді күтпей, бүгіннен қалыс қалмауда… Карантин деп кешеуілдетпей, бөлінген қаржы уақытылы игерілуде. Қаржы дейтініміз, Қызылорда қаласындағы көнерген ғимараттарды қайта жаңғыртуға, кедірбұдыр көшелерді тегістеуге және бірнеше жыл қатарынан әк көрмеген нысандардың күрделі жөндеуден өтуіне мемлекеттік бағдарламалар сеп болуда. Айталық, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламалары аясында қаланың бүгінгі келбеті көз тоярлықтай күйге еніп келеді.

Өскелең ұрпақтың ілімді талапқа сай меңгеруі үшін білім ошақтарының да сапалы болуы елеулі рөл атқарады. Осы орайда, қаладағы бірқатар білім нысандарының жаңалануына басымдық берілуде. Мәселен, № 43,112,173 мектептер мен «Жұлдыз» балабақшасына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, №23 мектеп пен Белкөл кентіндегі «Балапан» балабақшасы күрделі жөндеуден өтуде.

«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысандардың бірі – Ж.Қизатов атындағы №23 мектеплицейі. 1985 жылы негізі қаланған білім ошағында бүгінде 1942 оқушы білім алады. Бұл білім ғимаратындағы жөндеу жұмыстарына жауапты – «Иман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі таңда аталмыш мектептің ішкі қабырғалары жаңарып, фасады, терезелері, едендері, есіктері және кәріз жүйесі ауыстырылды. «Жұмыстың басым көпшілігі артта қалды. Межеленген уақытында жаңарған білім нысаны толығымен пайдалануға беріледі», — деді мердігер компанияның маманы.

«Иман» ЖШС прорабы Е.Қараев:

— Жоба 6 ай көлемінде жүзеге асырылуы тиіс. Мамыр айынан басталған жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес, қараша айына дейін аяқталады. Қазір жөндеу жұмыстарының 75 пайызын тәмамдадық. «Жол картасы» бағдарламасы аясында 50-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Олар 90-120 мың теңге аралығындағы жалақыларын алуда.

Сондай-ақ, аталмыш бағдарлама аясында Ж.Маханбетов атындағы №43 орта мектебіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Пайдалануға берілген 1987 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген бұл нысанда 1525 оқушы білім алады. Бұл ғимараттың фасады боялып, ішкі қабырғалары қайта сыланды. Ескірген едендер мен есіктер де жаңаланып, тәуір терезелер орнатылды. Жөндеу жұмыстарына «Дарен Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты.

Айта кетейік, бұл мердігер мекеме 112-і мектептің де жөндеу жұмыстарын жүзеге асыруда. Мұнда ғимараттың шатырын ауыстырып, электр желісін жаңалады. Ішкі қабырғалары мен сыртқы келбетіне де тиісті өзгерістерді енгізді. Сондай-ақ, едендері мен есіктерін де заманға сай үлгімен алмастырды. 1952 жылы негізі қаланған бұл білім ошағында бүгінде 751 оқушы білім нәрімен сусындауда.

«Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы негізінде Ә.Молдағұлова атындағы 173 орта мектепке де қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «ДГУ сервис» мердігер мекемесі жөндеп жатқан бұл мектепте бүгінде 1587 оқушы білім алуда. 1976 жылы пайдалануға берілген білім нысанының мектеп терезелері ауысып, ішкі қабырғалары қайта сыланып, едендері мен есіктері жаңарды. Сондай-ақ, ғимараттың сыртқы қоршауы да жаңа күйге енді.

«Қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандардың қатарында мектептерден бөлек, балабақшалар да бар. Мәселен, Белкөл кентіндегі «Балапан» балабақшасы пайдалануға берілген 1991 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Бүлдіршіндер мен тәрбиешілерге қолайлы жағдай жасалып, балабақша маңынан ойын алаңдары да салынады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда нысанның есіктері, терезелері, едендері жаңарса, ішкі және сыртқы қабырғалары әрленді. Одан өзге су, кәріз және жылу жүйелері ауыстырылуда.

Белкөл кентінің әкімі Ардақ Ибраимов:

— Балабақшаның ішкі және сыртқы келбетіне толықтай өзгерістер енгізіледі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы 40 адам жұмысқа орналасты. Негізінен бұл балабақша 140 орындыққа лайықталғанымен, алдағы уақытта қосымша 2 топ қосылады деп жоспарлануда. Мердігер мекеме жобаны уақытылы тәмамдайды.

Сондай-ақ, 1990 жылы пайдалануға берілген 233 орындық «Жұлдыз» балабақшасы да қайта жаңғыртылуда. «БурводСтрой» Жауапкершілігі шектеулі серіктесігі бұл білім ошағының өрт сөндіру баспалдағын қалпына келтіру жұмыстарын негізгі басымдыққа алуда.

«Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы негізінде Ақсуат ауылдық округіндегі №143 орта мектебіне де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Таяуда нысан толығымен пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. 1982 жылы салынған мектеп жөндеу жұмыстарының шарапатын мемлекеттік бағдарламалар арқылы көруде. Ғимараттың сыртқы бейнесі мен шатыры жаңарып, ішкі және сыртқы қабырғалары әрленді. Одан қалды есік пен еден де назардан тыс қалмады. Кәріз жүйелері де жоба аясында жаңарғанын айтпай кетуге болмас. Осы орайда, «жаңа оқу жылы басталған сәтте жөндеуден өтіп жатқан мектептерде білім беру жүйесі қалай жүзеге асады?» деген сауалдың туындауы заңдылық. Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Парасат Жаңабергеновтың айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жөндеу жүріп жатқан 2 білім нысаны кезекші сыныптарды 2-тоқсаннан бастап қабылдайтын көрінеді.

— Жаңа оқу жылында қаладағы 50 мектеп қашықтан оқыту форматында, ауылдық 4 мектеп барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра дәстүрлі оқыту жоспарлануда. Сонымен қатар, бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылды,деді қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Парасат Жаңабергенов.

Айта кету керек, қала бойынша жалпы білім беретін 54 мектеп, 240 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары және 27 мемлекеттік балабақша бар. Бұл тізім көп ұзамай-ақ толығады. Себебі, «Бәйтерек» шағын ауданынан 600 орындық мектеп, «Саяхат», «Сырдария» мөлтек аудандарында жеке инвестор қаржысымен 800 орындық 2 жеке мектеп құрылысы салынуда.

Мемлекеттік бағдарлама аясында қаланың қақ ортасында орналасқан № 4 мектеп интернаты, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі және «Дарын» қосымша білім беру орталығының ғимараттары күрделі және ағымдағы жөндеуден өтуде.

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here