МЕН СПОРТ ЖАНАШЫРЫМЫН…

0
337

Тән мен жан сұлулығы үшін спорттың алар орны ерек. Денсаулықтың қадірін ұғынып, спортпен шүғылданушылардың рухани әлемі де жоғары деңгейде болары сөзсіз. Бұл ретте әуесқой емес кәсіби мамандарды да ескерусіз қалдыруға болмас. Білгенімен бөлісіп, спорттың қыр-сырын меңгертетін жаттықтырушылар мен бірнеше додалардан жеңіс тұғырынан көрінген үздіктер құрмет пен қошеметтің иелері. Оларға жол мен жөн сілтейтін сала ардагерлері қала емес, тұтас ел мақтанышы. Спорт күні саңлақтар тағы бір мәрте мақтауға лайық деп табылған болатын. Одан қалды қалада аталған салаға қатысты біршама жаңалықтар да бар. Кеңірек білу мақсатында қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сыздықов Семсер Зұлпыхарұлымен әңгімелестік.

Қызылорда қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы
Семсер СЫЗДЫҚОВ

— Карантин режимі біраз спорттық шаралардың өз деңгейінде өтуіне мүмкіндік бермегені рас. Бірақ, онлайн жарыстардан да белсенділік байқалмайтын секілді?

— Иә, адамдардың қауіпсіздігі мен негізгі талаптарды басымдыққа алуымызға тура келді. Төтенше жағдай мен карантин режиміне байланысты биылғы жылы бекітілген жылдық жоспарға сәйкес, ісшараларымыз толығымен өткізілмей отыр. Алайда, біздің бөлімнің жұмысы толығымен тоқтап тұр деуге де келмейді. Мәселен, ағымдағы жылдың жарты жылдығында бұқаралық спорттық ісшаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес және онлайн түрде 28 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 3095 адам қамтылды.

— Спортшылар карантинде немен айналысуда? Жаттықтырушылардың да жұмысы әдеттегідей емес қой, күнкөрістері қалай?

— Карантин басталғалы спортшыларымыз үй жағдайында және ашық алаңда карантин талаптарын толықтай сақтай отырып, жаттығуларын жүргізуде. Жаттықтырушылардың жұмыстары тоқтаған жоқ. Соған орай, жалақылары да толық төленуде. Күнкөріс жағдайлары да жақсы.

— Спортшылардың кәсіби мерекелері қарсаңында қала көлемінде қандай шаралар өткізілді?

— Қаламыздың атынан аттанып, талай жарыстарда топ жарып, жүлделі оралып жүрген спортшыларымыздың ел намысы үшін жасап жүрген ерліктері, қоржынымызды қанжығаға майлаған еңбектері әркез бағалы. Осыған орай, «Спорт күні» Қызылорда қаласының әкімі Н.Машбекұлы ардагер және жас спортшыларымызды қабылдап, ыстық ықыласын білдіріп, Алғыс хатпен марапаттады. Кездесу барысында спорт ардагері Алтынбеков Жаңабек ағамыз Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін және қала әкімінің Алғыс хатын алды. Өзге спортшылар да қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аталмыш мерекеде іс-шаралар онлайн түрде жүзеге асуда. Қазақстан Республикасының «Спорт күні»мерекесіне орай шахматтан жастар арасында «lichess, org»сайты арқылы жарыс, Джамп-роуптан (секіртпемен секіру түрінде) жастар арасында «ZOOM» бағдарламасы бойынша жарыс, допты ауада тебу «Жонглирование» спорт түрінен және ұлттық спортымыз ләңгі тебуден де онлайн жарыстар өткізілді. Сондай-ақ, «Абай күніне» орай тоғызқұмалақтан «a game centre»сайты негізінде де онлайн жарыс өткен болатын.

— Өзіңіз басқаратын бөлімге қатысты қандай жағымды жаңалықтармен бөлісесіз?

— Бүгінгі күні «Жұмыспен қамту 2020- 2021» Жол картасы бағдарламасы аясында спорт саласына байланысты 10 жоба жүзеге асырылуда.Қалаға қарасты ауылдар да тыс қалған жоқ. Мәселен, Бірқазан елді мекені, Ақсуат, Ақжарма, Қосшыңырау ауылдық округтерінде дене шынықтыру алаңдарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Тасбөгет кентінен салынатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жоба сметалық құжаттарын әзірлеу мен мемлекеттік сараптамадан өткізуге қаржы қаралғанын да айта кетейін.Сонымен қатар, Қызылөзек және Қосшыңырау ауылдық округтеріндегі спорттық үйірмелерге 2 күрес кілемі сатып алынды. Кенже қалған спорт түрлерін дамыту бойынша облыстық жобалық кеңсеге үстел теннисі ұсынылған болатын. Бұл жоба да қолдау тапты және ағымдағы жылы қаламыздың 15 мектебіне 40 үстел теннисі орнатылмақ.

— Қызылорда қаласы 6 жыл қатарынан спорт саласы бойынша алдыңғы қатардан көрінгені белгілі. Биыл бұл көрсеткіште өзгеріс бар ма? Нендей жетістіктерді тізіп айта аласыз?

— Рас айтасыз, қалалық, аудандық дене шынықтыру- сауықтыру, спорттық бұқаралық жұмыстарды жолға қоюға бағытталған облыстық байқау бойынша соңғы 6 жылдың қорытындысымен Қызылорда қаласы І орында келеді. Бұл – жетістіктердің төресі. 2020 жылы бөлімге қарасты Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының спортшылары ҚР чемпионаттары мен кубоктарында 21 рет жеңіс тұғырына көтерілді. Қазіргі таңдағы болып жатқан карантин жағдайына байланысты сайыстар уақытша тоқтатылды. Сондықтан, спортшыларымыз биік белестерді бағындыра алмай отыр. Алайда, біздің мақтаныштарымыз жыл сайын жақсы жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

— Жалпы қала бойынша спорттық үйірмелердің саны қанша және оларға тұрғындар қаншалықты қамтылуда?

— Қызылорда қаласының дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде спорттың 11 түрінен ақысыз негізде үйірмелер жүргізіледі. Атап өтер болсам, Каратэ, Джиу-джитсу, ПанкратионГрепплинг, Қазақ күресі, Еркін күрес, Дзюдо, Таеквондо, Президенттік көпсайыс, Футбол, Бокс, Пара пауэрлифтинг түрлері бойынша. Оған қоса, Үкіметтік емес ұйымдар арқылы тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту бойынша бөлім «Қайнар» спорт клубы қоғамдық бірлестігімен тығыз жұмыстар жүргізуде. Қоғамдық бірлестікте 49 спорт нұсқаушысы жұмыс жасайды. Олар қала мен қалаға қарасты барлық кент, ауылдық округтердегі тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту бойынша жоспарға сәйкес жұмыстарды атқарып келеді. Мұнда 9 спорт түрінен ақысыз негізде үйірмелер жүргізіледі. Ол үйірмелердің қатарын футбол, волейбол, баскетбол, жекпе-жек, қазақ күресі, кик боксинг, каратэ, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат құрайды. Қала мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерді спорт үйірмелерімен толық қамту мақсатында біздің бөлім Белкөл кенті мен Ақжарма, Қосшыңырау, Қызылөзек ауылдық округтерінен грэпплинг, жекпе-жек, каратэ, еркін, қазақ күрестерінен, қала орталығынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған парапауэрлифтингтен, соқырлар қоғамы жанынан тоғызқұмалақ, дойбы, шахматтан үйірмелерді де ұйымдастырды. Қазіргі таңда қалада 3583 спорт үйірмелері ұйымдастырылса, спорт мектептері мен клубтары бойынша 128 спорттық үйірмелер бар. Айта кетейін, барлығы ақысыз негізде жүргізіледі. Сондықтан, қала тұрғындарын салауатты өмір салтын сақтауға шақырамын.

— Ұлттық спорт түрлеріне неліктен басымдық берілмейді? Әлде, қала тұрғындары тарапынан қызығушылық таныту деңгейі төмен бе?

— Керісінше қала тұрғындары тарапынан қатысу деңгейі өте жоғары деп айта аламын. Себебі, әр мереке сайын қазақтың ұлттық ойындарынан түрлі жарыстар өтеді. Сонымен бірге, қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Қажымұқан» спорт клубы мен «Қайнар» ҚБ-де тоғызқұмалақ, қазақ күресі, жекпежек ұлттық спорт түрінен үйірмелер ашылып, қала тұрғындары қамтылуда. Мұның өзі ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықтың бір сатысы деп білер едім. Ал, Қызылорда облыстық спорт басқармасына қарасты «Ұлттық және ат спорты түрлері бойыншы клубы» КММ-де қазақ күресі, Ұлттық жекпе-жек, асық ату, тоғызқұмалақ, теңге ілу, көкпар, жамбы ату, аударыспақ ұлттық спорт үйірмелері ұйымдастырылып, 322 спортшы қамтылып отыр. Ағымдағы жылы Қызылорда қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қазақ күресі тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық ашық турнир өтті. Бұл турнир Қызылорда қаласында 8-ші рет ұйымдастырылды. Додаға Өзбекстан, Қырғызстан республикаларынан және еліміздің барлық аймақтарынан 17 команда қатысып, 220 спортшы бақ сынаған болатын. Жыл сайын Қызылорда қаласында қазақтың қанына сіңген қайсар қасиетінің, биік рух пен намыстың күшін ортаға салып, боз кілемде белдесу үшін жас палуандарымыз бас қосып, ұлттық спортымызды паш етуде. Сондықтан, ұлттық спорт түрлеріне сұраныс та, қызығушылық та өз деңгейінде.

— Өзіңіз спортқа қаншалықты жақынсыз, әрі бейімсіз?

— «Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы ғой. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүру үшін де спорттың орны маңызды. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенер болсақ, спорт адамды шат-шадыман өмір сүруге де жетелейді екен. Мен спорт жаттығуларымен күнделікті шұғылданып тұрамын. Оның ішінде дойбы, шахмат, баскетбол, суда жүзу, бильярд, күрес түрлеріне бейіммін.

— Спорт жанашыры ретінде бұл салаға енді ғана аяқ басқан балаларға, жасөспірімдерге, жастарға қаншалықты жанашырмын, қай деңгейде қолдау көрсетудемін деп айта аласыз?

— Мен қаламыздың атын шығарып жүрген спортшыларымызға әрдайым жанашырмын деп айта аламын. Барлық уақытта да ұсыныстарын назарға аламын, қолдауға дайынмын.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here