«Бәйтерек» мектебі – көптің қалауы

0
289

Биіктігі бір-бірімен таласқан зәулім ғимараттар, тақтайдай түзу көшелер және соңғы талаптарға сай салынған әйбәт әлеуметтік нысандар. Бұл – құрылыс жағынан көш басындағы Қызылордаға тән көріністің бірі …

Қызылорда құрылысымен ғана емес, өсіп-өніп, жайқалған мәуелі бәйтеректей аумағымен де кеңейіп келеді. Қалада бірнеше мөлтек аудандар бой көтеріп, онда мекен ететін отбасылардың саны да артуда. Бұның өзі қуаныш емей немене?! Әр бойдағын аяқтандырып, еншісін берген сәттегідей жаңа мөлтек аудандар да жас шаңырақтардың біріндей ілгерлеуді қажет етеді. Бәйтерек шағын ауданында көпбалалы аналарға арналған көп үй де бой көтерді. Енді сондағы тұрғындарға ортақ нысандар да салынып, күнделікті өмірге қолайлы жағдайдың жасалуына мән берілуде. Тұрғындар талап қоймастан бұрын, аталған жұмыстар легімен жүзеге асып келеді.

Қызылорда-Жезқазған күрең жолының бойынан бой көтерген «Бәйтерек» шағын мөлтек ауданы 6600 отбасының орналасуына жоспарланған. Мұнда жаңадан мекен етушілердің тұрғын жайларына қатысты құрылыс қарқыны да жоғары. Мөлтек аудандағы мектеп оқушылары қала орталығындағы білім ошақтарына қатынайды. Енді бұл мәселе де шешімін таппақшы. 1,2 млрд.теңге қаржы жұмсалып, 600 орындыққа лайықталған мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бәйтеректе алдағы 3 жылдың ішінде мектеп жасындағы оқушылар саны 1500-ге артады деген есеп те назарға алынды. Нәтижесінде, орын тапшылығы болмайды.

Облыс әкімі Г.Әбдіқалықова мен қала әкімі Н.Нәлібаев «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында салынып жатқан білім мекемесінің кірпішін қалады. Кірпіш қалағандардың арасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Балайым Кесебаева мен Наталья Жұмаділдаева да бар.

Қуанышқа қарай жиналған жұртшылыққа жаңа мектептің жобасымен таныстырған қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы ондағы мүмкіндіктерді былайша сипаттады:

— Жобаға сәйкес екі қабаттан тұратын нысан заман үлгісіне сай салынады. Тоқталып өтер болсақ, мұнда мұғалімдер арнайы автотұрақпен және демалыс аймақтарымен де камтылмақ. Әртүрлі ойын алаңдары мен үлкен, кіші сыныптарға арналған гимнастикалық жаттығу алаңдар да жобада бар. Мектеп айналасына түрлі гүлдер егіледі. Оқушылардың мектепке келіп кетуін қамтамасыз ету үшін арнайы тасымал көлігі қарастырылады. Одан қалды жақында қоғамдық көліктердің бағытын Бәйтерекпен байланыстыру да жоспарлануда. Аймақ бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі.

Жобаға жауапты «Болашақ-Девелопмент» ЖШС басшысының орынбасары Айдар Әбдірахманов құрылыс материалдары отандық өнім екенін де айта өтті.

— «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша салынып жатқан мектептің құрылысына 132 адам жұмыспен қамтылып, олар екі ауысыммен жұмыс істеуде. Бізге қойылған негізгі талап – мектеп құрылысын жыл соңына дейін тәмамдау. Арнайы мекемелер күнделікті жұмыс сапасын да тексеруде. Бұл біздің мекеме тұрғызғалы жатқан алғашқы мектеп емес. Тәжірибе бар, — деді «Болашақ-Девелопмент» ЖШС басшысының орынбасары Айдар Әбдірахманов.

Бәйтеректік оқушылардың 261 мектепке қатынап оқуы салдарынан, аталмыш оқу орны үш ауысымды мектептер қатарына қосылу қаупі болып тұр. Алайда, жұртшылық шағын ауданда дер кезінде кірпіші қаланған мектеп мұндағы оқушылар үшін берекелі білім ошағы болады деген сенімде. Алда осы мекен жайдан тағы 2 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жоспарлануда.

Қуантарлығы, облыс және қала көлеміндегі білім ордаларының қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен, биылдың өзінде аймақта «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 2 мектеп салынуда. Бірі Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі 300 орындық білім мекемесі болса, екіншісі қалаға қарасты «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы 600 орындық мектеп.

Бүгінде қалаға қарасты 54 білім ошағы бар. Бұған қоса балаларды білім беруге толық қамтып, кедергісіз оқу үшін жаңа мектептер салынуда. Биылғы оқу жылына Жаппасбай батыр көшесіндегі 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Одан өзге Саяхат мөлтек ауданында 600 орындық және Е.Демесінов көшесінің бойында 500 орындық екі мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Мектеп жобасымен танысып, құрылыс жұмыстарына куә болып, кірпіш қаланған сон сала ардагері Мылтықбай Байымбетов ақ батасын беріп, болашақта ел қамы үшін еңбек ететін тұлғаларды тәрбиелейтін білім орталығы болсын деп жүрекжарды тілегін арнады.

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here