ПРАЙМЕРИЗ МЫҚТЫ КӨШБАСШЫЛАРДЫ АНЫҚТАЙДЫ

0
228

«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Л.ТӨРЕШОВА: ПРАЙМЕРИЗ МЫҚТЫ КӨШБАСШЫЛАРДЫ АНЫҚТАЙДЫ

Саяси науқан басталды. Елге келген жұқпалы індет салдарынан көптен оқшауланып, тым-тырыс жатқан жұртқа қан жүгіре бастағандай. Праймериз аталатын бұл саяси науқаннан көп хабардар болмаса да көп жұрт мен праймеризге құжат тапсырдым деп ертеңгі күні үлкенді-кішілі жергілікті мәслихаттарға депутат болғысы келетін ойын ашық айтуда. Осы ретте «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Л.ТӨРЕШОВАмен сұхбат жасадық.

— Әлгі жаңа қызметке келгенде 30, 40 күн болды деп жатамыз. Сол сияқты сізге де екі айдан асып барады. Бүгінгі уақыт өлшемімен аз мерзім емес. Өңірдің саяси ахуалын қалай бағалаймыз: тұрақты,болмаса …

— Әрине екі ай мерзім аз мерзім емес. Сонымен бірге бұл кезең коронавирус пандемиясының еліміз бен аймағымызда өршуі және партияның праймериз жұмыстарына дайындық кезеңдерімен сәйкес келді. Мұндай уақытта әрбір сағаттың қымбат екені түсінікті. Сондықтан жұмысқа бірден кірісіп, көптеген шаралардың бел ортасында жүруге тура келді. Халқымыздың ауызбірлігі мен облыс басшылығының тиімді басқаруы арқасында пандемияның көп қиыншылығы артта қалып, жағдай тұрақталып келеді. Көптеген азаматтар, оның ішінде партия мүшелері болып табылатын депутаттарымыз бен басқа да партия белсенділері нақты қолдауларын көрсетті. Осы орайда індетпен күресте ерекше белсенділік танытқан жерлестерімізге облыстық партия филиалы атынан шын жүректен алғыс айтамын.

Өңірдегі саяси ахуалда тұрақты. Алаңдаушылыққа еш негіз жоқ. Өз тарапынан партия филиалы да өңірдің саяси ахуалының тұрақты болуына ат салысуда. Кездескен сұрақтар облыстық партия филиалы басшылығының және партиялық бақылау мен қоғамдық қабылдау қызметтерінің уақытылы араласуымен оң шешім табуда.

— Саясатқа төтеннен бүгін келген жоқсыз. Қалалық ішкі саясат бөлімі басшылығынан бастап талай баспалдақтардан өттіңіз. Дегенмен саяси партия жұмысын үйлестіру-жаңа міндет, басқаша қызмет болса керек. Осындай қиын кезеңде билік партиясы басшылығына келуге қалай тәуекел еттіңіз? Қанша дегенмен бұрынғы қызметіңіз бұдан тыныш еді ғой.

— Шынында қазір партия үшін ғана емес, еліміз үшін де қиын кезең. Дегенмен менің ойымша елге қызмет жасаймын деген азамат үшін тыныш қызмет деген ұғым болмауы қажет. Қандай жұмыс, қандай сала болмасын әрқайсысының алдында тұрған өзіндік мақсаты мен міндеттері бар. Сондықтан кез келген азамат өз жұмысын кәсіби тұрғыда адал да, белсенді жүргізуі керек. Ал мемлекеттік қызметтің алдында тұрған міндеттер мен жауапкершілік туралы айтпаса да түсінікті. Мұны мен мемлекеттік қызмет, соның ішінде ішкі саясат саласында жұмыс жасаған көпжылдық тәжірибемнен айта аламын.

Ал енді партиялық қызметке келсек. Әрине партиядағы қызмет маған жаңа міндеттер мен жауапкершіліктер жүктейді. Ең бірінші кезекте халық пен биліктің арасындағы алтын көпір байланысын жақсы жолға қоюымыз керек. Бұл бағытта партияның ашық әрі қолжетімді болуымен қатар тұрғындармен кері байланысты барынша күшейту маңызды. Бұл тұрғыда облыстық филиал өзінің партиялық жобалары мен қоғамдық қабылдау және бақылау қызметі арқылы өз жұмысын жетілдіре түсетін болады.Партияның жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізіліп, праймериз өткізу басталды. Алда тұрған жауапты да ауқымды міндеттер бар және олардың аймақтағы бастауыш партия ұйымдары мен партияның белсенді мүшелерімен жоғары деңгейде атқарылатынына сенімдімін.

— Аймақта саяси-әлеуметтік жағдайды тұрақты зерделеп, мониторинг жасап отыратын бір социологиялық құрылым керектігі айтылып жүр. Көп реттерде орталықтан жасалатын әлеуметтік сауалнамалар қорытындысы нақты жағдайдан алшақ кетіп жатады.

— Ия сұрағыңыз өте орынды. Алайда 2019 жылы облыстық ішкі саясат басқармасы жанынан «Ақпараттық талдау орталығы» коммуналды-мемлекеттік мекемесі құрылды. Облысымыздың саяси-әлеуметтік ахуалына ұдайы мониторингтік зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырады. Ал партия тарапынан келетін болсақ, «Nur Otan» партиясының жанында арнайы қоғамдық саяси институы мен коммуникациялар және талдау департаменті жұмыс жасайды. Аталмыш құрылымдар күнделікті тұтас елдегі қоғамдық саяси ахуалға әлеуметтік сауалнамалар мен партияның аймақтардағы құрылымдық бөлімшелері арқылы бақылау жасап мониторинг жүргізіп отырады. Әрине, жалпы республикалық деңгейде жүргізілгендіктен кейбір зерттеулер қорытындысы солай көрінетін болуы керек.

— Әдетте сайлау мерзімі жақындаған кезде саяси партиялардың белсенділігі артады. Жұрт та топтаса бастайды. Алдағы сайлауға дайындықты праймеризбен бастадыңыздар. Ерекшелігі, ұтымдылығы?

— Дұрыс айтасыз, праймериз сөзі қарапайым тұрғынға беймәлім. Себебі, бұрын-соңды біздің партиялық-саяси жүйенің тарихында мұндай шара кең көлемде өткізілмеген. Бұл алдын ала партияішілік іріктеу дегенді білдіреді. Партия праймериз өткізу арқылы ел арасынан мықты көшбасшыларды анықтайды. Яғни, түрлі деңгейдегі депутаттық фракцияны қалыптастыру үшін қолға алынып отырған жаңашылдық ең алдымен еліміздегі өкілетті органдардың тыныс-тіршілігіне жаңа серпіліс әкелері сөзсіз.

Ерекшелігі, ұтымдылығы дейтін болсақ, праймеризге партия мүшелері ғана емес, партия қата­рына қосыламын деген азаматтардың да қатыса алуы. Әйел азаматтар мен жастарға арнайы квотаның қарастырылуы. Сонымен бірге пандемия жағдайы ескеріліп, онлайн форматта дауыс беру мен үміткерлер үшін үгіт жұмыстарын онлайн жүргізу механизмдерінің қолданылатындығын атап өтуге болады.

Жалпы «Nur Otan» партияcымен праймериз өткізу туралы шешім бір күнде немесе бүгін қабылданып отырған жоқ. Себебі праймериз Елбасы бастамасымен партия жұмысын «қайта жандандыру» мақсатында 2019 жылы қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі. Сонымен бірге өткен жылы партиямен праймериз өткізудің пилоттық жобасы барлық өңірлерде өткізілді. Пилоттық жоба біздің облысымыз бойынша Сырдария ауданында ұйымдастырылып, оған 47 үміткер қатысты. Бұл жобаны жүзеге асырудағы тәжірибе бізге қазір көмегін тиігізетін болады.

— Жастар мен әйелдерге бұрынғыға қарағанда басымдық берілетіні көпке ұнауда.

— Жоғарыда атап өткендей Елбасымыз еліміздің сайланбалы органдарында әйел азаматтардың үлесін 30%-ға жеткізуді тапсырды. Бұл партияішілік іріктеу праймеризде ескеріліп отыр. Яғни, партиялық тізімдердің сапалық құрамында әйел азаматтардың үлесі кем дегенде 30%, сол секілді 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20% болуы шарт. Көпбалалы аналардың, қандастардың, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері сайлаушылардың өңірлік құрылымына сәйкес енгізілмек. Бұл праймериз шартының басты ерекшеліктерінің бірі. Яғни түрлі әлеуметтік топтар, әсіресе әйелдер мен жастар үшін бірдей мүмкіндіктер ұсынылған. Тізімдерді қалыптастыру кезінде одан әрі іріктеу үшін әрбір әлеуметтік топ бойынша рейтинг жасалатын болады.Бұл болашағынан үміт күттіріп жүрген жастарымыз бен қоғамдық өмірдің қай саласы болмасын ерлермен бір қатарда белсенді қызмет жасап жүрген қыз-келіншектер үшін мол мүмкіндік.

— Алайда ел таңдауына сай келетін тұлғалар табу оңай ма?

— Бізге халық арасынан шығып, қоғамда қалыптасқан жағдайды білетін және қолынан іс келетін беделді азаматтарды партия қатарына тартып, елді дамыту мәселелеріне іс жүзінде атсалысқаны керек. Сондықтан да праймериз «Мықты лидер – мықты партия» қағидасын ұстанып отыр. Праймериздің ашық өтуі де елдегі креативті, білімді, білікті, елдің ішіндегі өзекті мәселелермен таныс және оның шешілу жолдарын ұсынатын азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді деп есептеймін және мұндай азаматтар ашық додада сыналғандықтан партияластар олардың ең мықтысын анықтайтындығына күмән жоқ.

Мұнан бөлек праймериз партия қатарында жоқ азаматтарға да қоғамның мүдделерін білдіруге мүмкіндік беріп отыр.Бұл тұрғыда праймериз өткізуді қазіргі қазақстандық қоғамды үдемелі демократияландыру процесінің айғағы деп айта аламыз. Сондықтан барлық бастамашыл және белсенді жерлестеріміз бұл мүмкіндікті пайдаланып аймақ пен елді дамыту мен өркендету мақсатында праймериз жұмыстарына белсенді қатысады деп ойлаймын.

— Әлеуметтік желіде билікті сынайтындар бүгінгі күн батырына айналды. Бұдан бөлек бар тірлігі, айтары, көрсетері де әлемжелідегілерді қоғам белсендісі дейтін болдық. Ал әлемжеліде айқайламай-ақ қоғам дамуына үлес қосып жүрген жандарды қайтеміз?

— Дұрыс айтасыз, әлемжеліде айқайламай-ақ қоғам дамуына үлес қосып жүрген азаматтарымыз жетерлік. Мұны кешегі коронавирус пандемиясының өршу кезеңінде де байқадық. Көп жерлестеріміз жариялап, көрсетпей-ақ халыққа көп көмегін тигізді.

Сондықтан әлемжеліде айтып, жазып, көрсетіп жүрген белсенділер ғана емес, басқа да белсенді, жауапкершілігі мол азаматтар да праймериз барысында назардан тыс қалмайды деп ойлаймын. Праймериз мақсаты да сол. Тек мәселені айтатын адамды ғана емес, сол мәселені шешуге шын мәнісінде қабілетті көшбасшы азаматтарды таңдау.

— Онлайн дауыс беруде әділеттілік толық қамтамасыз етіледі ме?

— Праймериз коронавирус пандемиясы кезеңімен сәйкес келуіне орай ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, «Nur Otan» партияcының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен партияішілік іріктеуге арналған шаралардың басым бөлігін онлайн форматта өткізу тапсырылды. Халықтың қазіргі жаңа цифрлық мүмкіндіктерді қарқынды қолдануын ескерсек онлайн-формат – партияның ашық әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ететін болады. Халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған партия басшылығының бұл шешімі тұрғындармен кері байланысты барынша күшейтуге де мүмкіндік береді.

Жалпы партия қызметін цифрландыру бойынша жүйелі жұмыстар 2014 жылдан басталып, «Nur Otan» елімізде алғашқы болып «Электронды партия» ауқымды жобасын іске асыруға кірісті. Партияның орталықтандырылған деректер базасы, онлайн қоғамдық қабылдауы, веб-порталы жасалып, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жаңа коммуникация арналары енгізілді.

Осы «Электронды партия» жобасы веб-портал мен мобильді қосымшадан тұратын «Праймериз» ақпараттық жүйесін әзірлеуге негіз болды. Бұл ретте партия шетелдік озық тәжірибелерді зерттеп, тиісінше қолдануда. Бұл ақпараттық жүйеде жеті базалық қағидат басшылыққа алынып отыр. Атап айтқанда, олар қолжетімділік, автономдылық, айқындық, сенімділік, легитимділік, көп функционалдық және қауіпсіздік қағидаттары. Бұлар жүйені қолдануды жеңілдетіп, ақпараттық қауіпсіздікті, сайлаушының «таңдау құпиясын», сырттан араласу мен бұрмалау тәуекелдерінен қорғауды қамтамасыз етеді.

Сондықтан онлайн дауыс беруде әділеттілік толық қамтамасыз етіледі деп сеніммен айта аламыз.

— Сұхбатыңызға рахмет.

С.МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here