ДОМАЛАҚ АРЫЗ КЕТТІ ДОМАЛАП…

0
972

Қазір бірдеңеге таңкалуға, қалай бұлай болуы деуге келмейтін кезең болды. Шынын айту керек ақпараттан бұрын ақпараттық технологиялардың дамыған уақыты бәрін де мүмкін етті. Әзірге жақсылығы мен жамандығы кезек алмасып жатқан жаңалықтар жаршылары да бұрынғылардан өзгерек…

Жуырда әлемжеліде Қызылорда облысы тұрғындарының бір тобының атынан жарияланған аты-жөні жоқ домалақ бір арыз елді ойландырып тастады. Арызсыз ел жоқ. Алайда, арыз жазушылардың қызылордалықтар атынан сөйлегені күні кеше елге қызмет етіп, бүгінде зейнетке шығып, ақсақал болып жүрген үлкендер үшін де ауыр сын болды. Қызылордалықтар үшін “аймақ билігін қаралаған домалақ арыз иелері қатарында қалғандарына қапалы болғаннан бөлек, ел арасына іріткі салмақшы болғандардың ел қасиеті ауызбіршілікке ауыз салғаны расында да, абыройсыз іс болды.

Әркім әрқалай пікір білдіруде. Көпшілік көп талқысына шыққан осы жайға орай өзге өңірлер арасында Сыр бойының сынына селкеу түсіргендерге сынай қарауда. Мәселе облыс әкімі Г.Әбдіқалықова да, немесе, қала әкімі Н.Нәлібаев та емес. Пікір білдірушілер мәселенің мәнісі ел арасына жік салып, “Алаштың анасы атанған Сыр бойына” сенімсіздікке әкелетін домалақ арыздың артында тұрғандардың лас тірлігінде, қасиетсіздігінде дейді.

Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» Бақберген ДОСМАНБЕТОВ: АРЫЗ ЖАЗҒАННЫҢ АРТЫ ҚУЫС…

Елді жік-жікке бөлетін осындай жағдайдың орын алғанына сенгің келмейді. Домалақ арызды әдетте кім жазуы мүмкін? Өз қажеттілігі бар адам осындай қадамға барады. Кейбіреулер оның менен несі артық деп ойлайды. Өз мүмкіндігін жоғары бағалайтындар да жоқ емес. Жалпы, домалақ арыз кеңестік кезеңнен қалған мұра. Алайда, Сыр бойында бұндай жағдайлар бұрын орын алмаған. Басшылыққа, билікке сын айтылмасын деуге болмайды. Бірақ сын орныменен, жөніменен болу керек. Әйтпесе, ой-өрісі төмен, бос кеуде, мансапқор адамдардың дегенімен жазылған домалақ арыздардың жетегінде кете берсек, не болады? Әдетте, арыз жазушы біреу, немесе ұйымдасқан топ болуы да мүмкін.

Облыс және қала әкімі де жұмыс істеп жатыр. Гүлшара Наушақызының облысқа басшылыққа келгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Пандемияның өршіп тұрған кезеңінде аудандарды аралап, елдің жағдайымен танысып, халыққа болсын деп жүр. Әйтпесе, коронавирусқа орай қашықтықтан ел басқарса да болады. Кез-келген ортада ойын ашық айтатын, талап қоя алатын менмендігі жоқ ашық басшы. Республика көлемінде қаншама қызметтер атқарды. Бірде бір рет артынан сөз ерген жоқ. Президент те оның тазалығына, мейірімділігіне сүйеніп, шешім шығарған болар. Біз мақтаныш етуіміз керек, бірінші әйел әкім Сыр бойының тумасы.

Облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың қалауымен қала басқарып отырған Нұрлыбек Машбекұлы да жас кезінен елге танымал болды. Мемлекеттік қызметке келмес бұрын бизнеспен айналысты. Мұнай компанияларында басшылық қызметте болды. Ақшаға қызыға қоятын адам емес. Мемлекеттік қызметке келгелі бері бірнеше әкіммен қызметтес болды. Олардың қай-қайсысы болмасын елге танымал жандар. Егер де Нұрлыбек Машбекұлы таза, іскер, жауапты болмаса онымен олар қызмет істемес еді. Сондай-ақ кім қалай айтқанда да қала әкімі аймақ басшысына бағынышты, оның қарамағындағы қызметкер.

— Дегенменен, домалақ арыз домалап біраз жерге барды. Жұрт үшін кімнің неге жазғаны жұмбақ.

— Мен де авторларын Қызылордадан таба алмадым. Қызылордалықтардың атынан деп тұрғанменен, көбіне сыни пікір айтатын үлкендерді де ойша саралап, ондайға барады деген жан таппадым. Жалпы, ел арасына іріткі салу мақсатында жазылған арызбенен ешкім де лауазымды қызметке бара алмайды. Облыс басшылығына ренжулі бір топтар болуы да мүмкін. Жалпы, өмірге келгеніне ренішті, ылғи бүйректен сирақ шығарып жүретіндер кездеспей қалмайды емес.

Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» Ж.ШАРИПОВ: ЖҰРТ АТЫН ЖАМЫЛҒАН БӘЛЕҚОРЛЫҚ…

— Әйел билігіне қалай қарайсыз?

Билік деген біреудің меншігі емес қой. Ой, өрісі, деңгейі, қабілеті, іскерлігі жетіп тұрса кім болса да, мейлі ол әйел болса да билікке келе берсін.

— Әйелдің билікке келгенін жақтырмайтындар аз емес сияқты ғой.

— Ол енді билік басына келген тұлғаның қызметіне байланысты. Халықпен ашық, біртұтас, елмен ойласып, жұрт қалай ойлайды, қалай қабылдайды деп он ойланып, мың толғанып ел мүддесіне қызмет етсе халық кім-кімді де құптайды, қолдайды. Айта кетейік, билікке ер адам отырса да, әйел адам отырса да, айырмасы жоқ, бір міндет, бір талап, бір жауапкершілік, бір көзқарас. Әрине, билікке алғаш келгенде кімкімге де оңай соқпасы анық. Алайда, қайсыбір биліктің болмасын ел алдындағы адал бір парызы халықтың болашағына жұмыс істеу керек, жергілікті жерден болашақ ел басқарушыларын жұрт алдына шығару керек. Қайсыбір өңір болмасын іскер, қабілетті жандар жетерлік. Жас кезімізде өзімізді де сол кездегі басшылар желкемізден тартып тұрып қызметке әкелді, елге қызмет етуге тәрбиеледі.

— Дұрыс, елге тәлімді әңгіме айту, бағыт-бағдар беру кешегі ел басшылығында болған, бүгінгі ел ақсақалы ретінде ел жағдайына бей-жай қарай алмайтын өздеріңіздің абзал борыштарыңыз. Дегенменен, соңғы кездері домалақ арыз жазғыштар көп болып кетті. Бұл да бір парыз ба?

— Қай арыз?

— Ешкімнің аты-жөнін көрсетпеуді сұрап, орталықтағы сайттардың біріне облыс тұрғындарының атынан жазылған арыздың арасында сіз де барсыз ба?

— Құдай сақтасын. Бүгінгі күнге дейін айтарымды бетке айтып келе жатырмын. Бір жағдай болды. Онда аты-жөніміз жазылып, қолымыз қойылды. Ал енді сіз айтып отырған жайға келсек, қай кезде де билікке наразылық болады. Ел басқарған адам барлық жағынан ел ойынан шыға бермеуі мүмкін. Әралуан жағдайға байланысты халықтың пікірі 100% жақсы болды десек қателесеміз. Өзім қызметке араласқалы 13 әкімді танып, білген екенмін. Бірақ, бұған дейін мұндай шектен шыққан жағдай болған жоқ. Тіпті, жұрт атынан екі әкімнің арасына ши жүгірткендерге ашуым келді. Бұл не басынғандық?..

Мен де қала әкімі болдым. Құқық қорғау органдарына қала әкімі билігі жүрмейді. Олардың өз басшылығы бар. Оларға бұйрық бермек түгілі, ескерту жасау да қиын.

Бұрынғы облыс әкімі Ысқақовтың қамалуына қала әкімі себепші дегенге де келісуге болмайды. Аймақ басшысы республикалық масштабтағы адам. Оған Қызылорда сияқты кішкентай бір қала әкімінің шамасы қайдан келсін. Бүгінгі күндері Батыс Қазақстан облысында да Арысқа көмекке деген 50 млн. теңгенің қолды болғандығы жөнінде ақпарат тарап жатыр. Демек, біздің облыстан басқа өңірлерде де бұл мәселе бар деген сөз.

Ал, енді Жаңақорғандағы жағдайға келер болсақ, есі бар адам ондай адамға жақындамайды, әрі ондай лас іспен айналыспайды.

Бүгінгі күні мемлекетіміздің үлкен саясаты — кәсіпкерлікті дамыту. Кәсіп ашқандарды үкімет көтермелейді, қолдайды, марапаттайды. Ал, енді кәсібі бар, тірлігі бар деп кінә тағу – нағыз топастық. 10 мың қойы бар деп біреуді кінәламас бұрын алдымен өзі сол қойды бағып көрсін, кәсіп істеп көрсін. Қазір кәсіпті кім жүргізбейді, полицияда кім жұмыс істемейді? Бұл бір қол жетпес нәрсе емес қой. Кімнің туысқаны кәсіп ашпай жатыр? Кімнің туысқаны полицей болмай жатыр? Жалпы қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев мемлекеттік қызметке жалаңаяқ келген жоқ. Үлкен бизнестен келді. Өзінікі өзіне жетеді. Әкімге тиесілі деп жоқты бар етіп, бірді екіге, үшке көбейтіп, қаладағы кейбір нысандарды көрсетіпті. “Тисе терекке, тимесе бұтаққа” дегендей, жала жапқан әдіс қой бұл. Егер де қала әкімі мемлекеттік мүлікті жеке меншігіне өткізіп алса, тартып алса, мемлекет қаржысын өз қалтасына салып алса, міне бұл қылмыс, күнә. Ал, енді ондай бірде-бір факті жоқ. Бұны не дейміз? Айта кетейін, кәсіпкерлікке байланысты көре алмаушылықтан, қызғаныштан қолынан іс келетін азаматтар іс бастауға тәуекел ете бермейді. Тәуекелі жеткендерді де жайына қоймаймыз. Жалпы бұл жұрт атын жамылып жасалған бәлеқорлық дер едім.

— Біздің аймақтың бір топ тұрғындары домалақ арызды домалатты дегенге сенбейсіз бе?

— Сенбеймін. Бұл басқа біреулердің әрекеті. Бұған дейін де біздің жұрт мұндаймен айналыспаған. Айналыспайды да.

— Кім болса да мақсаты қандай?

— Біріншіден билікке талас. Облыс әкімі мен қала әкімінің аражігін ашу. Екіншіден барды көре алмау, үшіншіден жолды байлау. Ойлап қаралық, қала әкімі болғанына 7 жыл болыпты. Содан бері мұндай жала жабылмаған әкімге енді біреулер қара күйе жақпақшы. Негізі қала әкімі болу адам істейтін жұмыс емес. Жұмыс нәтижелі болып, ел көңілінен шықса, абырой облыс басшысына тиесілі. Нәтиже нашар болса, қала әкімі абыройсыз. Күн, түн дамыл жоқ. Түнде де. Таң ата да жоғары басшылықтан да, жұрттан да дамыл жоқ. Ауданда тыныш, ауыл халқы қалалықтардай емес, момын, әрі бақылап тұратын облыс басшысының аяғы, қолы жете бермейді.

Бәрінен қиыны осындай домалақ арыздар елді бүлдіреді, берекені алады, билік басындағы азаматтардың талап тауын қайтарады. Жауабы жоқ бір сұрақ бар, ақыры жазғаннан соң неге өз аты-жөндерін көрсетіп, қолдарын неге қоймады? Неден қорықты?

Қызылорда облысының “Құрметті азаматы” Тұрғанбай МАХАНОВ: БЕРЕКЕҢ КЕТСЕ, НЕҢ ҚАЛАР…

— 1980-ші жылдары қызмет бабындағы іс-сапар барысында Машбек ағамыздың отбасында болудың сәті түсті. Үйі таза, тәртіп бар екені байқалады. Ол кездері Нұрлыбектер бала шығар. Алайда, бүкіл ауыл-аймақ Машбек ақсақалдың еңбекқорлығын біледі. Балаларын да солай тәрбиелеген. Машбек ақсақалдың қай баласы болмасын еңбекшіл, жауапкершілігі мол болып қалыптасқан. Есіме түспей отыр, Нұрлыбек Машбекұлы бір әкімге орынбасар болды.

— Имамадин Оңғарбаев болар?

— Сол кездерi бiр iс-шара өтті. Соның басы-қасында осы Нұрлыбек жүрді. Жиналғандар оның жұртпен қарымқатынасына, іскерлігіне риза болып, мына жігіттен бірдеңе шығады дейтінбіз. Кейіннен Шиеліге әкім болып кетті.

Өткен жылғы қала әкімінің есеп беру жиынына қатысқанда да ел жақсы баға берді. Көпшілік риза болып қайтты. Жасыратын несі бар, көптеген басшылар қағазсыз, тіпті қағазбен де не айтып, не қойғанын білмейді. Қағаздағыны ежіктеп оқитынды да көріп жүрміз.

Әрине басшыға сын көп. Жаңа ұғым, жаңа талап пайда болуда. Жаңа заманға бейімделген қаламыз өсіп-өркендеп келеді. Күн сайын қаладан қылтиған жаңа бір жаңалық көремін. Ең аржағы жаңа аялдама болса да. Дәрігер ретінде тазалыққа қатты мән беремін. Өмірі тазармайды деген қала, адамына кездессе тазарады екен деп жүргеніміз жоқ па?

— Біреуге ұнаған баршаға ұнай бермейді ғой…

— Дұрыс. Егер нақты сын болса, мінін тауып айтып, жазып жатса әңгіме жоқ. Алайда, біреуді аяқтан шалуды көздеп, бәле жабу халық арасында алауыздық туғызып, қайырымсыздыққа жол ашатын құбылыс деп білемін. Ауыр болса да айтайын, бұрынғы жақсы құндылықтар әлсіреп, жаман мінез, әдет салтанат құрып бара жатқан уақыт келді. Ой-өрісі кең емес, аржағы дұрыс емес адамдардың айтқанымен басшыны сынау да, мінеу де оңай. Аяқтан шалу да жеңіл. Қазақта “Атқа міндің, бәлеге қалдың” демей ме?

— Аймаққа айбат болар ақсақалдардың бірісіз. Домалақ арыз жазып, елге іріткі салып жүргендердің айыбы қандай болар?

— Ақсақалдық басқа түскеннен кейін де осы әңгімелерді айтып отырмын. Елдің бірлігін бекем ұстау, кейінгілерге дұрыс сөз айту, оларға үлгі қалдыру, ол енді біздің міндет. “Ерім дейтін ел болмаса ер қайдан шығады?” Халық домалақ арыз жазатын 10-15 адам емес. Жақсының да, жаманның да бағасын беретін халық. Ал, елге қызмет етіп жатқан билікті, басшыны қаралап, елге жағымсыз етіп көрінгісі келетіндер дәрігер тілімен айтқанда – науқас жандар. Сол баяғы қазақтың қанында бар қызғаншақтық, көреалмаушылық дертке шалдыққандар.

Бұндай жағдайлар талай бастан өткен. Кейде, сол домалақ арыздардың дүмпуімен халық арасында абыройың көтеріліп те қалады. Өйткені, оның негізсіздігі, жөнсіздігі бәрібір бетке қалқып шығады ғой. Адамда жақсы қасиет болмаса бақ та, байлық та тұрмайды дегенді айтқым келеді.

Өмір өзгерістермен өрнекті дегендей басшылықтың жаңа жүйесі, жаңа ағымы т.б. жаңалықтарға сай жұмыс атқару оңай шаруа деп айта алмайсыз. “Басшының жауы көп” деген бар. Бұрынғылар ақты ақ, қараны қара деген. Қазір заман өзгерді, адамның сана-сезімі, құлқы өзгерді.

Ия, ол қала әкімі болды ғой дей салатындар бар. Реті келсін, келмесін сынға алатындар бар, аяқтан шалатындар да бар. Бірақ қиянат жасауға болмайды. Міне, осы орайда арыз жазғандар қаралап отырған Нәлібаев мықты қала басшылығына сай жұмыс жасауды көрсете білген азамат деп білемін. Елдің қамын ер ойлаған. Менің түсінігімде Нәлібаев іскер басшы, қасиеті мол, өз жұмысын жақсы меңгерген, қала тұрғындарының қамын ойлап жүрген Азамат деп білемін. Қаланың келбеті, тазалығы, өркендеуі осы ойға жетелейді. Осыған тікелей басшылық жасап отырған кім? Ал енді ол туралы айтылған алыпқашпа сөз халықты алауыздыққа шақырады деп білемін. Қазақта мынадай мақал бар: “Бетеге кетсе бел қалады, Берекең кетсе нең қалады?”

Сұхбаттарды әзірлеген

С.БИХОЖАЕВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here