Спорт – жеңіс, мадақ, құрмет…

0
153

Еліміз әр сала бойынша ілгері дамып, қай бағытта болмасын алдыңғы көшке қадам басып келеді. Мәселен, спорт саласының да көз қуантар жаңалықтары көп. Түрлі байрақты бәсекелерде биікті бағындырамын деушілерге мемлекет тарапынан қолайлы жағдайды да жасауда. Әлемдік спорт додаларында бөрікті аспанға атардай жеңіске толы сәттерді сыйлаған спортшылардың да өзіндік ерліктерін ескерген жөн. Олар еліміздің байрағын көкте қалықтатып, қазақтың атын әлемге танытуға қосқан үлестері үшін құрмет пен алғысқа ие. Осыған орай, Қазақстанда 17 жыл бұрын тамыз айының әрбір үшінші жексенбісі «Спорт күні» болып бекітілген болатын.

  Спортшыларға ғана емес, салауатты өмір салтын насихаттаушылар үшін орны ерек бұл мерекенің биылғы жылы өз деңгейінде атап өтілмеуіне эпидахуал себеп. Алайда, Қызылорда қаласындағы сала үздіктері мен жас спортшылар ғаламтор арқылы жұртшылықтың жылы лебізін оқумен шектелген жоқ. Олар Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесіп, әкімнің арнайы алғыс хаты мен сый-сияпаттарын арқалап қайтты. Жергілікті спорт саңлақтарын қабылдаған қала басшысы кәсіби мерекелері қарсаңында олардың тұшымды пікірілері мен түрлі ұсыныстарын да назарға алды.  

— Тәуелсіздік жылдары қала спортшылары республикалық, халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымызды асқақтатып келеді. Бұл спорт саласының ардагерлері, Сіздердің еткен есіл еңбектеріңіздің және төккен маңдай терлеріңіздің жемісі деп білемін. Қала тұрғындарының, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына, спортшыларымыздың жаңа белестерді бағындыруына қосқан зор үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, — деп, қала  әкімі спортшыларды марапаттады.

Жиын барысында 78 жастағы спорт саласының ардагері Жаңабеков Алтынбектің кеудесіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тағылды.

Спорт саласының ардагері Жаңабеков Алтынбек:

— Осы салада жұмыс істеп жүргеніме 50 жылдан асты. Оның 46 жылын мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қызметіне арнадым. Өзімнің шәкірттерім бірқатар облыстық, республикалық, халықаралық сайыстардан әркез жүлделі оралып, алдыңғы қатардан көрінуде. Мен үшін еңбегімнің елеңгені олардың жетістіктерімен өлшенеді. Қала көлеміндегі спорт саласының дамуына қосқан үлесім үшін «Спорт қайраткері» төсбелгісін тағып, қала әкімі алғыс хатымен марапаттап жатыр. Спорт күні құтты болсын! Алда әлі талай жеңімпаздарды тәрбиелейміз деген сенімдеміз.

 Сондай-ақ, қала әкімінің алғысына бөленген спортшылардың қатарында қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының жаттықтырушысы Кабира Асқарова, аталған спорт клубының директоры Жамал Бозова, «Қайсар» қыздар командасының аға жаттықтырушысы, «Сейхун» қол добы клубының президенті Ким Вячеслава, Қызылорда облыстық мүгедектерге арналған спорт клубының спортшысы Ислам Салимов, №5 облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебінің спортшысы Диас Бахраддин және Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының спортшысы Айбар Қажымұқан бар.

 Марапатталушылардың қатарындағы ең жас спортшы — Айбар Қажымұқан.   6 сыныптың оқушысы Қазақстан Республикасының Чемпионатында III орынды еншілеп, Каратэ-додан 8-дәрежелі КЮ атағын алған. Сондай-ақ, Бурабайда каратэ-додан өткен Халықаралық турнирден III орыyды өз қанжығасына байлаған. Бұл — бала спортшының жетістіктерінің бір парасы ғана. Болашағынан көп үміт күттіретін Айбар кездесу барысында спорттық қабілетін ғана емес, өлеңді нақышына келтіріп оқитын қырын да таныта білді.

Айта кетерлігі,  2020 жылға қарай қалада бұқаралық спортты дамыту және онымен шұғылданушыларды 30 пайызға жеткізу мақсаты жүйелі орындалуда. Мәселен, Бүгінде «Жұмыспен қамтудың 2020-2021» Жол картасы бағдарламасы аясында жалпы сомасы 1 млрд. 334,1 млн. теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асуда. Облыстық 4 спорт мектептерін жөндеу, «Локоматив» стадионының футбол алаңына қайта жаңғырту жұмыстары мен Байдарка мен каноэ есу базасына, ойын-спорттық алаңдарына құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, Бірқазан елді мекені, Ақсуат, Ақжарма, Қосшыңырау ауылдық округтерінде дене шынықтыру алаңдарын салуға қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Бұл туралы кездесу барысында қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы атап өтіп, қала халқына салауатты өмір салтын ұстану үшін жағдай жасалып жатқанын да тілге тиек етті.

P.S: Қаламызда талай бәсекеде топ жарып жүрген спортшылар жеткілікті. Қала спортшылары үшін бүгінде қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубы жұмыс жасауда. Одан басқа спорт сарайлары еріксіз ойға оралмайды… Әрине, тізімге жекелей спорт мектептерін және облысқа тиесілі нысандарды қоспайсыз… Демек, ендігі кезекте қалаға тиесілі спорт мекемелерінің қатарын толықтыруға күш салу керек сынайлы…

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here