ӘЙЕЛДЕР БЕЛСЕНДІЛІГІ КӨПТІК ЕТПЕЙДІ

0
293

Облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Р.БАЙНАЗАРОВА:

ӘЙЕЛДЕР БЕЛСЕНДІЛІГІ КӨПТІК ЕТПЕЙДІ

Әйелдер кеңесіне төрайым болып келгеніне көп уақыт бола қоймағанымен, әйелдер тақырыбы оған жат емес. Бірнеше жыл қатарынан білім қызметкерлері кәсіподағын басқарды. Бірнеше шақырылым облыстық мәслихат депутаты болып сайланды. Соңғы шақырылымда да депутат ретінде ана мен бала, әйел мәселесіне ыждағатты назар аударып, мүгедек балалардың жағдайын жақсартуға, жеке балабақшалардың жұмысын жандандыруға барынша атсалысты.

— Бүгінгі қоғамдағы әйелдер қауымының алар орны қандай?

— Қазіргі қалыпта әйел, ер деп бөліп жатқан артықтау болар. Дегенменен, қазір әйелдер қауымының белсенділігі артты. Қызметте те, отбасында да. Ер адамдар кәсіпкерліктің, шаруашылықтың әр саласында қалыптасқаны анық. Сол сияқты әлеуметтік салада, тұрмыстық мәселелерде әйелдер сөзі өтімді. Алайда, үлкен саясатта бірлі-жарым болмаса, жалпы әйел көріп тұрғаным жоқ.

— Райкүл Мансұрқызы, біз әйел дәстүрді жалғастырушы, ұлттық құндылықтарымызды сақтаушы демейтін бе едік…

— Ия, ұлттық код әйелден тарайды. Бүгінгі күн талабына орай отбасының да берекесін келтіріп, қызметті де ұйымдастырып, тіпті қоғамдық істердің де туын ұстап жүрген нәзік жандылар жетерлік. Қоғамның қозғаушы күшіне айналған қыз-келіншектер сезімтал, қандай да бір мәселені болмасын жүрекпен қабылдайды. Мәселен, пандемия кезіндегі карантин қиыншылықтары: аурудың көбеюі, дәрі-дәрмектің жетімсіздігі, дәрігерлердің дәрменсіздігі, жұмыс орны сақталғанменен де отбасына кіретін табыстың азаюы әйелдер қауымын қинап жіберді. Содан да қатаң талап қоюға, даусын қатаңдатуға мәжбүр. Билікке айтары да, шатағы да, бұзығы да көп. Алайда талабы, айтар әңгімесі негізсіз емес. Бүгінгі күннің тағы бір шындығы ел қарар ер азаматтар кейінге ысырылып келеді. Көңілге қауіп ұялататыны: ері, қосағы бола тұра көп әйел көп нәрсені өзі шешеді. Жеке өз атынан сөйлейді, кесіп айтады, шешім шығарады. Байқайсыз ба, мен айттым, мен құда шақырдым, мен қыз ұзаттым деп, тек бірінші жақта сөйлейтіндер, билік айтатындар қатары көбейіп келеді. Елге белгілі Ж.Айжанованың шағын қойылымдарына зер салсаңыз баласына әйелді табатын да, шалдың аузын жабатын да өзі, сол отбасының “командоры”.

— Отбасындағы биліктен бөлек ел басындағы билікке де келе жатырмыз…

— Шешiм қабылдайтын орындарда әйел үлесi жоқтың қасы. Бұл тұстарға әйелдердi жiбермейдi. Елiмiздегi экономикалық жағдайдың күрт түскеніне, өмір сапасының төмендеуіне мүмкін жағдайларға бірде-бір әйелдің қатысы жоқ.

Несін жасырамыз, халықтың немқұрайлылығынан сайланбалы орындарға таңдау да билікте болып келді. Елде қайсыбір мәселе орын алса да, ел бірден Парламентке тиіседі. Депутаттар неге 1 млн. теңге айлық алып отыр дейді. Өйткені ананың бала үшін алатын жәрдемақысы төмен, күнкөріс деңгейі төмен, керек десеңіз, билік партиясының кешегі берген көмегі де 50 мыңнан аспайды, Үкіметтің де көмегі 42 мың теңге. Осындай жағдайлар амал жоқ әйелдерді белсенді етіп отыр. Әйелдер белсенділігін айтқанда олардың мәдениеті жөнінде де айтқанымыз дұрыс шығар. Белсенділік деген — өз азаматтық позицияңды білдіру. Осы жерде белсенділік пен сойқандыққа (бетпақ дегеніміз өрескел болып кетер) тоқтала кетсек, қалай болса солай сөйлеу, айналадағы болып жатқан оқиғаларға сауатсыз баға беру әйелге жараспайды. Әйелдің айқайлап болмаса дөрекі сөйлеуі — жаратылысына, табиғатына қарсы нәрсе. Екінші жағынан не істесек те, біз балаларымызға үлгіміз, кішілер үлкендерге еліктейді. Жалпы қарымқатынас мәдениетін жоғалтпауымыз керек. Айқайлап сөйлейтін әйелдің үйінде береке болмайды дейді, халықта. Былтыр Ұлттық кеңес отырысында Ермек Тұрсынов қоғамдағы мәдениет жөнінде өте жақсы мәселе көтерді. Ал осы тұста әйелдердің орны өте зор. Айтайық, кәзір қарттар үйінде қазақ кісілердің көбейгені мәлім. Бұған не себеп? Біріншіден, сол тапсырып отырған балаларына кезінде отбасында дұрыс тәрбие бермегені. Екіншіден, келін мен атаенесінің, бала мен әке-шешесінің қарым-қатынас мәдениетінің жоқтығы. Мәдениет тәрбиемен келеді. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», — деп бекер айтпаған. «Бала айтқаныңды емес, істегеніңді қайталайды. Сондықтан алдымен өзіңді жөнде»- деп те айтады. Қазір бәлеқорлық кең жайылып бара жатыр. Бүгінгі арыз жазып, бейнежазбаға түсіріп, оны әлеуметтік желіге салып, айқай шығарып жүрген әйелдерді көргенде, бірінші кезекте қасына ертіп жүрген баласы қандай азамат болып қалыптасады екен деп жаным ауырады.

— Қоғамдағы әйелдер белсенділігі сайланбалы орындардағы әйелдер үлесін арттырады ма?

— Бүгін қоғам оянды. Диваннан айтады ма, алаңнан айқайлайды ма, көшеге шығады ма, әйтеуір жұрт ойындағысы бұрынғы “асханалық әңгіме” деңгейінен асып кетті. Жоғарыда айтып кеткендей шатағы көп бұзық әңгімелер де бар шығар. Сондай-ақ ақылды, елге жаны ашитын жандар да аз емес. Алда болатын сайлауларда әркім де өз құқығын пайдаланып таңдауға түссе, немесе өз таңдауына дауыс берсе құба-құп.

— Сайлауда ел таңдауына ұсынатын әйелдер көп пе?

— “Nur Otan” партиясы жақсы бастама көтеріп отыр. Әйелдерге мүмкіндік бермекші, әрі сайлаудың алдын-ала праймерз өткізеді. Таңдау тәртібі ашықтыққа сай. Әр ауданның өзі өткізетіні де жақсы. Өз күшіне, беделіне сенген әрбір жан бағын сынап көруге болады. Сол сияқты басқа да партиялар осы бастаманы құптап, әйелдерге жол ашса кәнекей. Карантин кезінде сауда орындары, шаштараз, мейрамхана сияқты әйелдер көп жұмыс істейтін орындар жабылды. Өндіріс қысқарды. Табыс азайды. Осындай қиындықтан шығу үшін де әйелдер ел өміріне араласуы керек. 90-жылдары ел тығырыққа тірелгенде ел әлеуетін көтерген, қап арқалаған әйелдер екенін Президент те, қоғам да мойындады. COVID кезінде де дәріхана жағалап, кислород тасып жүгірген де, елді ортақ іске ұйымдастырған да, тағы сол әйелдер. Оның үстіне отбасы бюджетіндегі әр тиынды тиімді жұмсап, бала-шаға болашағына оң шешім қабылдауға бейім әйелдер ел қамына қалай бей-жай қарасын… Депутат әйелдер көп болса жергілікті мәслихаттарда да халық жағдайын жақсартуға бағытталған шешімдер де көп болар еді. Қанша дегенменен әлеуметтік сала, білім, денсаулық әйелдерге өте жақын ғой.

— Әйелдер әйелдерге дауыс беруге ықыласты емес дейді ғой…

— Үгіт жұмыстарын күшейту керек. Олардың жағымды, тартымды бейнесін көп насихаттау қажет. Әйелдер кеңестері, тағы да басқа қоғамдық ұйымдар мұрындық болып, бірігіп, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қолдау көрсету керек.

— Сұхбатыңызға рахмет.

С.МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here