Отбасылық — демократиялық саясаттағы әйелдердің орны

0
95

Мемлекетімізде гендерлік саясат мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Әйелдер арасында шағын және орта кәсіпті дамыту, әйелдердің жағдайын жақсарту, зорлық-зомбылықтан қорғауға арналған шаралар, бұл мәселенің шешімін табуға бағытталған бірқатар нақты жұмыстар атқарылды.

Бүгінде елімізде әйелдер саясатта, бизнесте және экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың әр түрлі салаларында, ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктілігін, қабілет-дарынын, іскерліктерін көрсетіп келеді. Олар мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне азаматтармен қатар сүбелі үлестерін қосып жүр. Отан – отбасынан басталады деген ұғымға сәйкес, әйелдің қоғамдағы рөлі ерекше. Өйткені, отбасының құты болған әйел Отанға да адал қызмет етеді. Көптеген қыз-келіншектер мемлекеттік басқару жүйесін, мәдениет, денсаулық саласын, білім мен ғылымды, медицинаны дамытуға атсалысып жүргенін атап өтуге тиіспіз. Сонымен қатар, олар бұл күнде әр аймақта ірілі-ұсақты үкіметтік емес ұйымдарын құрып, бірқатар әлеуметтік жобалар бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

«Саясат пердесін жамылғанымен саясатқа сия бермейтін жайларды түсінуге әйел ойы зерек келеді» деп жазушы, қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов айтқандай, ел экономикасын өркендетуде әйелдер қауымының қосар үлесі зор.

Қазақ халқында әйелдерді ана деп құрметтеп, қарындас деп еркелетіп отырған. Бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болған ханымдардың есімі ел тарихында ерекше дараланады. Тұмар, Қызай ана, Домалақ ана, Айғаным, Бопай, Ұмай аналарымыздан бастау алатын даңқты әйелдер қауымының жалғасы әр дәуір сайын артпаса, кеміген емес. Ұлы Отан соғысында Алия, Мәншік, желтоқсанның жалынды жастары Ләззат, Сабиралар елі үшін жаны құрбан болған нәзік жандылар. Ақын Олжас Сүлейменов: «Түркілік қоғамда әйелдерге кең құқықтар берілген, олар мемлекеттік істерге белсене араласқан. Тақтың мұрагерін ана тәрбиелеген» деп айтуының өзі бүгінгі гендерлік теңдік саясатымен үндесіп жатқандай.

Түйіндей айтқанда, әйел қоғамның тірегі, мемлекет дамуының тұғыры. Тәуелсіздік жылдарында тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда әйелдер қауымының үлесі зор болған болса, ендігі күні де елдік саясаттың осы бағытында мемлекет те нәзікжандылардан ұдайы қолдауға сүйенеді.

Жалпы, гендерлік саясат ұғымы — отбасы мүдделерін қорғау, әйелдердің елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне қатысуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мақсатын көздейді.

Демеуова Жанар

Қармақшы аудандық сотының жетекші маманы

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here