ҚАЗАЛЫ ӘКІМІНІҢ ЖҮРМЕЙТІН ЖЕРІ ЖОҚ

0
672

АУДАН ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАПТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ. Қазіргі таңда ауданда эпидемиологиялық ахуал әлі толық тұрақтала қойған жоқ. Дегенмен жоспарланған жұмысты жалғастыру, халықтың мұң-мұқтажын тыңдау күн тәртібінен түспейді. Осыған сәйкес Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев ауылдарды аралауды бастап кетті. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа таныстырып, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Аудан басшысы Әйтеке би кентіне жақын орналасқан «Басықара», «Құмжиек», «Қарашеңгел» және Ғ.Мұратбаев ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездесті. Кездесуде Мұрат Нәлхожаұлы алдымен ауданда атқарылып жатқан игілікті істерді айтып берді. – Еліміздегі орын алып жатқан оқиғаға қарамастан ауданда қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Бір ғана «Жол картасы» бағдарламасы аясында 3 млрд. 11 миллион теңгеге 42 жоба атқарылып жатыр. Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 1 млрдқа жуық қаржыға Бекарыстан би ауылында үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдымен ауыз су сервистік желіге қосылады. Тағы да 7 көшеге асфальт төселіп, 8 көшеге жарықшамдар орнатылады, – деген аудан әкімі алдағы жоспарларымен де бөлісті. Өз кезегінде ауылдың тұрғындары аудан басшысына көкейде жүрген сауалдарын жеткізді. Мәселен, Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғындары елді мекендегі газ жүргізу жұмыстары неліктен тоқтап қалғандығын сұрады. Аудан басшысы тиісті мамандарға бұл мәселе дереу шешімін тауып, ертеңнен бастап газ жүргізу жұмыстарын бастауды тапсырды. Аудан әкімі енді Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Абай ауылдары мен Қазалы қаласына барып, тұрғындармен кездеседі.

АУДАН ӘКІМІ ЖЕКЕ БАЛАБАҚШАЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жеке балабақшалардың қызметкерлерімен кездесіп, олардың мұңмұқтаждарын тыңдады. Аудан әкімінің қабылдауына келген балабақша қызметкерлері карантин уақытысында мамыр, маусым айларының жалақысын әлі күнге дейін ала алмай отырғандарын айтып, осы мәселені шешіп беруін сұрады. – Бұл мәселе жөнінде біз білеміз. Осыған орай облыстық білім басқармасына шығып, тиісті министрлікке де хат жаздық. Білім министрінің осы мәселе жөнінде бұйрығы бар екен. Соған өзгерістер енгізу жағы қарастырылуда. Бұған қоса аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова да тиісті сала басшылары мен және құзыретті органдарға басқа облыстардағы жеке балабақшалардың айлығы қалай төленгенін зерттеп, мәселені дереу шешуді тапсырды. Амандық болса, бұл мәселе оңтайлы шешіледі. Тек сәл сабырлық сақтап, шыдамдылық танытайық, – деді Мұрат Нәлхожаұлы. Айта кетейік, бұған дейін Қазалы ауданы бойынша 12 жеке балабақшаның қызметкерлері жалақы мәселесіне байланысты өздерінің наразылықтарын білдірген болатын.

ҚАЗАЛЫДА 4 ПӘТЕРЛІ 10 КРЕДИТТІК ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР. Бүгінгі таңда Қазалы ауданында 4 пәтерлі 10 кредиттік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Әйтеке би кентінің 5 квартал аумағынан басталған құрылыстың бас мердігері «Мұнай құрылыс» көп салалы құрылыс фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жаңадан басталған тұрғын үйлердің құрылысына Мұрат Ергешбаев арнайы барып, құрылысшылардың жұмысымен танысты. Бас мердігердің жұмысына сәттілік тілеп, құрылыстың сапалы әрі уақытылы жүргізілуін тапсырды. Бүгінде тұрғын үй мәселесі еліміздегі ең өткір әлеуметтік проблемалар қатарында. Соның ішінде, ауданымызда да баспана мәселесі өзекті. Осы орайда, өз үйіне қол жеткізгісі келетін аудан тұрғындарының мәселесін шешу мақсатында қолға алынған бұл жұмыс аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылуда. Құрылыстың ұзақтығы 8 ай. Алайда мердігер мекеме тұрғын үйдің құрылысын жылдың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Жоба бойынша бір үйде 4 пәтер қаралған. Әрбір үйде 2 бөлмелі 2 пәтер, 3 бөлмелі 2 пәтерден бар. Тұрғын үй газ, ауыз сумен, электрмен қамтылады. Әр пәтер дербес жылу және ыстық сумен біріктірілген, газ отынды қазандығымен жабдықталады. Жаңа баспанаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кезекте тұрған салымшылар қол жеткізе алады.

АУДАН ӘКІМІ: ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ. Бүгінгі таңда Қазалы ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында 6 мектеп пен 3 балабақшаға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қыруар қаржыға жөнделіп жатқан кейбір нысандардағы құрылыс жұмыстары көңіл көншітпейді. Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Ергешбаев «Жол картасы» арқылы атқарылып жатқан нысандарды аралау барысында көз жеткізді. Мемлекеттік бағдарлама қолдауымен Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимараттың есігі мен терезесі, шатыры, жылу жүйесі мен электр желісі толығымен ауыстырылып, ішкі және сыртқы қабырғалары сыланады. Сондай-ақ, өрт дабылы қондырғысы орнатылып, асхана ғимараты да жөнделеді. Алайда құрылыс жұмыстары баяу және сапасыз жүргізілуде. Дәл осындай көрініс «Бозкөл» ауылындағы №96 мектепте де қайталанды. Баяу жүргізілген жұмыстың нәтижесінде мердігер мекеме белгіленген уақытта бұл нысанды аяқтай алмау қаупі бар. Сондықтан екі мектеп директорына ескерту жасап, білім ордасындағы жұмыстар белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы керектігін қатаң тапсырды. – Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, қыруар қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде аудандағы білім ордаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ екі мектептің директоры құрылыс жұмыстарының сапалы болуын қадағаламай, жауапкершілікпен қарамаған. Алдағы уақытта бұл кемшіліктер жойылып, жаңа оқу жылына дейін құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы етіп аяқтау керек. Ол үшін мектеп басшылары құрылыс жұмыстарына жанашырлықпен қарап, күнделікті қадағалап тұруы қажет, – деді әкім. Мұнан соң Мұрат Ергешбаев кенттегі «Аймақаш» мөлтек ауданынан салынатын тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарымен танысты. Бүгінгі күні бұл аумақты электр желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары толық аяқталды. 14 гектар аумаққа 3 трансформатор қондырғысы орнатылып, көшелері түнгі жарықшамдармен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда ауыз су мен газ желілерін жүргізу жұмыстары қарқынды жүруде. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары белгіленген уақытта аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, аудан әкімі Ғ.Мұратбаев, «Аранды» және «Қожабақы» ауылдарында да жүргізіліп жатқан жұмыстарды да аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты.

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here