ЕШҚАШАН СУЫМАЙТЫН АНА ЖЫЛУЫ

0
107

Анам Ырысалды Әділбекқызы Жанғазиеваның рухына арнаймын

Қазақ әйелінің бейнесі мен мінезі талай өнер туындыларына арқау болды. Сұлулығы, қайсарлығы,балалары үшін жанын беруге әзір тұратын махаббаты әң-жырға қосылды, том-том шығармалар жазылды. Әйел адамға жаратылыстың берген ең бірінші артықшылығы — өмірге ұрпақ әкелу. «Баламның табанына кірген тікен өз мандайыма қадалсын» дейтін қазақ әйеліндей ана әлемде жоқ болар. Қазір әже жасына жетіп, немере тәрбиелеп отырған менің қатарластарым жатқа сырын бермеген, қара жердей төзімді аналардың тәрбиесін көрдік. Олар біз сияқты институт, университет бітірмеді, ғылым жолын қумады, мансапты мақсат етпеді. Бірақ үлкен әулетті қас-қабағымен ұстап, ұйыта білді. Олардың ертеңді ойлайтын ақылдылығы, ағайын арасындағы қарым-қатынасты реттеп отыратын дәнекерлігі таңғалдырады. Бізді тәрбиелеген аналардың басынан не өтпеді дейсіз! Ашаршылықтан аман қалды, одан қала берді бауырлары мен жарларын майданға жіберіп, жолын тосты. Еңбек етіп, жеңісті жақындатуға бар күш-жігерін жұмсады. Осынша қиыншылықты бастан өткергенмен, «шүкір, қанағатынан» айнымады. Қазақ әйелінің болмысы туралы айтқанда, ең алдымен қайсарлығы мен қанағатшылдығын үлгі етемін. Өмірдің қиыншылығын, жетіспеушілікті, денсаулығындағы кінәратын айтып шағыну оларға жат еді. Осындайда анамның науқастанған сәттері есіме түседі. Жедел жәрдем ауруханаға алып кетіп бара жатқанда да, жан сақтау бөлімінде де «апа, қалайсыз?» деген сұраққа «жақсымын, шүкір, тәуірмін, еш уайымдамаңдар» деп жауап беретін. Өзінің жаны қиналып жатса да, балаларына ештене білдіртпейтін, төзімі тастан берік қазақ әйелі туралы ойласам, жаныма сондай жақын осы көріністер көз алдымнан кино лентасындай өте береді. Жүрегі кең, көңілі ізгі көркем есім — Ана! Сүйенішке, тіреуішке айналған алтын діңгегімізге арқа сүйеп, кезінде әкеміздің қазасын да сезбеппіз. Қандай жағдай болмасын біздің анамыз қайсар мінезімен ерекшеленетін. Бәйтеректей Алмас бауырымыз өмірден қыршын кеткенде абзал анамыздың жүрегі қанжылап тұрғанмен, көңіл айтқандарға қайраттылығын таныта білді. Жүрегінің отымен, зерделі зеректілігімен өзінөзі тіктеді. Ақ пейілді ардағымыздың бізге деген аналық сезімі берік, көңілі тау суындай таза болатын. Артында ұрпақтары айта жүретін турашылдығы мен мейірімі қалды. Осындай ойға берілген шақта жөргекке орағандай жұбатып әлдилейтін бір қасиеттің әлі күнге жоғалмағанын сеземін. Ол — ешқашан суымайтын ана жылуы. Желкілдеп өскен жастарға қазақ әйелінің жақсысын асырып, жаманын жасырған, бар болса тасымайтын, жоқ болса жасымайтын, қилы кезеңде азаматының рухын көтеріп, жанына жалау бола білген, шаңырағын шайқалтпаймын деп қиындықты мойнымен көтерген мінезі мен болмысы үлгі болуы тиіс.

Рахима АХМЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here