СЫН ТҮЗЕЛМЕЙ, МІН ТҮЗЕЛМЕЙДІ…

0
633

Белгілі есім. Мыңдаған адамдар қызмет ететін ұжымдарды басқаруда. «Nur Otan» республикалық партиялық бақылау тобының Қызылорда облысы бойынша жетекшісі, «Саясаткер әйелдер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. «Бойтұмар-ханым» клубының да белсенді мүшесі. Өзіндік айтар ойы бар. Әділетсіздікке жаны төзбейді. Еңбеккеш. Әрі қарай жалғастыра беруге болады.Біз онымен бүгін сұхбат құрғанды жөн көрдік.

«Казпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директоры Аида ӘБИБУЛЛАЕВА:

СЫН ТҮЗЕЛМЕЙ, МІН ТҮЗЕЛМЕЙДІ…

Қаншама уақыттан бері аймақтағы жетекші салаларға басшылық етіп келесіз. Алғаш ашылған сәттен бастап қаз-қаз тұрғызған ЦОН, қазіргі «Казпошта» да халыққа аса қажетті қызмет көрсететін жауапты орындар. Халық көңілінен шығу қиын ба?

— «Халық айтса қалт айтпайды» деген халық даналығы бары белгілі. Дегенмен, мың адам болса, мың бір түрлі көзқарас, пікір болары ақиқат. Осыдан-ақ, халықпен жұмыс істеп, оның тілін табудың қаншалықты оңай-қиындығын пайымдай берсеңіз болады. 20 жылдан аса уақыт халыққа қызмет көрсететін мекемелерде жұмыс жасау барысында азаматтармен өте тығыз қарым-қатынаста, етене араласып жұмыс жасадым. Осы тәжірибемде әрбір естіген сын үшінһ тек ризалығымды білдірудемін. Себебі, сын түзелмей мін түзелмейді, әрбір ескерту өзім басқарған мекемелерімнің және ұжым қызметкерлерінің тек алдыңғы қатардан көрінуінің бірден-бір себебі, нәтижесі деп білемін. Халықтың батасын, ризалығын көп естіп жүрміз. Ол деген шексіз бақыт! Байқасаңыздар, менің жеке телефон номерлерім Қазпошта мекемесінің әрбір бөлімшесінде, әрбір касса алдында көрнекі жерлерде ілініп тұр, әлеуметтік желілерде мен әрдайым кері байланыстамын, кез келген уақытта барлық сұрақтарға жауап беріп, мәселелер шешуге жұмыс атқарып жүрміз. Менің ойымша, қандай да бір азамат басшы қызметін атқарып, үлкен жауапкершілікті мойнына алғаннан кейін сынескертпелерге дайын болу керек және де өте шұғыл яғни 1 сағаттың ішінде шешетіндей реактивті түрде шешуге әрекет жасау керек деп ойлаймын. Жұмыс болған жерде қателік те болады. Кейде басшы болып талай кемшілік жасап алған жерлеріміз болды. Алайда, оны бірінші еш намыстанбай мойындау керек, және өз орнымен кешірім сұрау – ол деген ең асыл қасиет деп ойлаймын. Қазақтың әдемі мақалы бар «Кешірім сұрағанның жеті атасының құнын кеш» деген. Міне, осы талаптарға дайын басшы әр кезде де халық көңілінен шығатыны айдан анық.

— Сіз басқарған мекемелердің қайқайсысында да әйел адамдар көп жұмыс істейді. Оңай емес шығар?

— Табиғатымызда әйелдерді нәзік жанды деп жатады. Бұған қосылуға да, қосылмауға да болады. Тарихтағы қол бастаған сақ патшайымы Томиристі, елге сөзін өткізген Домалақ ана, Ұлжан, Зере сынды әжелерімізді, Әлия мен Мәншүктей батыр қыздарымызды, Оразкүл Асанғазықызы, Алмагүл Божанқызы сияқты қайраткер қыздарды нәзік жанды деп айта аламыз ба? Әйел, әрине, ең алдымен Ана, отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің жалғастырушысы, содан кейін ғана барып – қызметкер. Әрине, бұдан әйелдер отбасы ошақ қасынан ұзап шықпайтын, қасаң идеологияға негізделген орта ғасырлық шеңберде қалып қойсын деген сөз емес. Жалпы қызметкерлерді әйел, еркек деп категорияға бөліп көрген емеспін, өз басым. Қызметкерлердің ең жауапкершілікті жоғары сезінетін, кәсіби сауаттылығы жоғары, мәдениетті, өз жұмысына адал, жанашыр, болып табылатын қызметкерлермен, мейлі әйел немесе ер адам болсын жұмыс жасау оңай деп айтар едім.

— Қазір қоғамда әйелдер белсенді дейміз. Белсенді бола берсін бе? Біреулер әйелдің міндеті бала туып, отбасы жағдайын жасау деп жатыр.

— Қазіргі қоғамда ел азаматтарының тұрмыстық, экономикалық тағы да басқа мәселелерінің өз деңгейінде, оңтайлы шешімін таппауы — әйелдердің, көп балалы аналардың, жалғыз басты аналардың өз мәселелерін эмоцияға беріліп, дауыс көтеріп талап етуіне негіз болуда. Бұл жерде қазақи әйелдерге тән ибалық, сыпайылық деген қасиеттер барлық әйелдің бойында бар дүние. Бірақ, шиеттей бала-шағаны асырау мәселесі тұрған жерде барлық мәдениеттілік пен сыпайылықты кезкелген ана жинап қоюына тура келеді. Бұндай жағдайлардың алдын алып , есептеп, реттеп отыратын арнайы мемлекеттік органдар бар, құзырлы мекемелер бар. Мемлекеттің ең басты құндылығы – бұл азаматтары, отбасылар, болашағы — бұл балалар. Сондықтан, бүгінгі таңда әйелдердің белсенді болуынан қоғам ұтылмайды, әйел – ана болғандықтан ең басты мақсаты берекелі бақытты шаңырағын ойлайды.Ал Отан отбасынан басталатыны белгілі.

— Сайлау сәтінде кімге дауыс бересіз? Әйелге, әлде ер адамға?

— Сайлауда ер болсын, әйел болсын қызметтің барлық сатыларынан өтіп, елге еңбегі сіңген, еркін ойлы, «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» дейтін арды, намысты, елдің келешеін ойлаған азаматқа дауыс беремін.

— Ұлттық құндылықтар жөнінде айтпасақ болмас. Айналдырған шамалы уақытта қазақ қызының, әйелінің бітім-болмысы тұтастай өзгерді. Өзіңізге қайсысы жақын: бұрынғы ма, әлде бүгінгі ме?..

— Қазіргі қазақ қоғамында ойланатын сұрақтар жетерлік. Ең басты құндылық — бұл бала тәрбиесі. Бала –ұлтымыздың болашағы. Ал, балалар ата-анасынан көріп, дәл сол ата-анасының көшірмесі болып өседі. Көзқарастары да, мінез-құлқы да, ой-санасы да, тіптен әдеттері де ұқсас болатынын көріп жүрміз. «Ел болам десең бесігіңді түзе» дегендей, баланы дұрыс тәрбиелеу үшін өзімізді дұрыс ұстауымыз керек. Тілімізді құрметтеп, мәдениетіміз бен тарихымызды ұлықтап, әдет-ғұрып пен салт дәстүрімізді негізге ала отырып, замануи талаптарға лайықтап, білімділік пен кәсіби шеберлікті дәріптеуміз керек деп ойлаймын.

С.БИХОЖАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here