ІНДЕТ КЕЗІНДЕ ДЕ «ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ» КЕРЕК

0
279

Көпшілік арасында салмақ тастау үшін «ПП» яғни дұрыс тамақтану әдебін ұстанған дұрыс деген түсінік бар. Ол салмақ қуалауға емес, деннің саулығы үшін игі қадам екенін бірі білсе, бірі білмес. Әсіресе, инфекция белең алған тұста дұрыс тамақтанудың қаншалықты пайдалы немесе тиімсіз екенін білу де артық етпесі айқын. Ол үшін республикаға танымал диетолог Әйгерім Асқарқызымен тілдесіп, тамақтанудың тиімді әдістерін білдік.

— Індет белең алған қазіргі уақытта диета ұстаудың маңызы бар ма?

— Дұрыс тамақтанудың маңызы қай уақытта да жоғары. Мәселен, ауырған адам иммунитетті көтеру үшін тек дұрыс тамақтану керек. Күнделікті тәтті тоқаштар мен майлы тағамдарды тұтынудан бас тартқан жөн.

— Мөлшермен ғана тамақтану әлсіздікке әкелмейді ме?

— Егер күнделікті мәзірде құнарлы тағамдар болса әлсіздікке әкелмейді. Дұрыс тамақтану арқылы адам өзін сергек сезініп жүре алады. Қазір күнделікті ас мәзіріне жаз мезгілінде пісетін дәрумендерге толы жемісжидектер мен көкөністерді қосу керек. Құнарлы көмірсу мен ақуызға бай және жаңғақ, сүзбе, айран секілді пайдалы тағамдардан да уақытылы дәм татқан дұрыс.

— Ақ өнімдерді ішу арқылы індетті жұқтырудың алдын алады немесе жазады деген пікір бар. Қаншалықты рас?

— Ең алдымен қымыз бен шұбаттың құрамындағы пайдалы микроэлементтер мен минералдардың көп екенін ұмытпағанымыз дұрыс. Егер ол өнімдерге аллергия болмаса, күнделікті ішудің нәтижесінде иммунитеттің көтерілуіне көмек береді. Қазіргі індетпен күресте ең бастысы иммунитетті көтеру керек екенін естен шығармайық.

— Күнделікті ас мәзіріне қандай құнарлы тамақтарды қосқан дұрыс?

— Күнделікті мәзірде ақуыз, көмірсулар, майлар тепе-теңдікте болуы керек. Мысалы, таңғы асқа сұлы, жүгері, күріш, жарма, піспе нан, құймақ, смузи, омлет және тәттілерді әзірлеп жеуге болады. Түскі асқа міндетті түрде ақуыздарға толы ет, балық өнімдері, күрделі көмірсулар, дәнді дақылдардан құралған қарақұмық, макарон және жеңіл көмірсу көкөністерден тұруы қажет. Ал кешкі ас ақуызбен жеңіл көмірсуларға бай болуы міндетті. Мысалы, қайнатпа сорпа, көкөністермен бұқтырылған ет болған дұрыс. Тағы ескерер жәйт, әр тамақтанудың арасында жүрек жалғау керек. Жүрек жалғау уақытында жеміс жидектер, жаңғақтар, айран, сүзбе сияқты пайдалы тағамдарды жеу қажет.

— Жалпы адам салмақ тастап немесе қосқаннан кейін әріқарай бірқалыпта қалай ұстап тұруға болады?

— Арықтау процессі 1 апта немесе 1 ай емес, бірнеше ай жүреді. Адам 21 күн бойы бір режимде дұрыс тамақтанып, су нормасын орындап, жиі жаттығу жасап жүрсе, осы қағида күнделікті әдетке айналады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, 21 күнде әдет қалыптасады. Арықтап жатқан адам кез келген тағамның құнарлығын біліп, қай уақытта қандай тағамды жеу керек екенін меңгереді. Одан кейін қалыптасқан әдеттер бойынша жүрсе салмақ қоспайды.

— Адамдардың ретсіз толысуларына себеп не деп ойлайсыз? —

Мен негізгі 3 себебіне тоқталып өтейін. Алдымен, дүкендердегі жасанды қоспалар мен бояулардан жасалған тағамдар толысуға әкеледі. Одан кейін қоспасында қант бар кондитер өнімдерін шектен тыс жеу де сеп болады. Сосын, сұранысқа ие «фастфуд» өнімдері. Бүгінгінің өзекті мәселесі осы. Себебі, ас мәзірін дұрыстап алмайынша салмақ та, денсаулық та бір қалыпта болмайтынын көпшілік ескере бермейді.

— Ашығу арқылы арықтаудың зияны бар ма?

— Егер ашығуды мамандандырылған клиникаларда дәрігерлердің бақылауымен жүзеге асырсаңыз, зияны жоқ. Ашығу жайлы теорияны әлемге танытқан ғалымдар «Нобель» сыйлығына ие болуда. Қазіргі таңда өршіген қант диабеті, аллергия, ағзадағы паразиттерден тазалану сияқты дерттерден ашығу арқылы айығуға болады. Сосын арықтаймын деп тамақтан мүлдем бас тартуға болмайды. Ағза дұрыс жұмыс жасауы үшін міндетті түрде пайдалы микроэлементтер мен минералдар қажет. Оның көп бөлігін адам тағамнан алады. Тамақтан мүлдем бас тартудың нәтижесінде өте қауіпті аурулардың туындауына алып келетіні сөзсіз. Сондықтан, ашығу арқылы арықтау процесін үй жағдайында емес тек мамандандырылған клиникаларда жасаған дұрыс. «Ас — адамның арқауы» деп бекер айтылмаған ғой.

— Өзіңіздің тәжірибеңізге жүгінушілер арасында көп мөлшерде салмақ тастаушылар бар ма?

— Салмақтың түсуі ең алдымен денсаулыққа, бастапқы салмаққа және адамның жасына байланысты. Менің әдісім арқылы арықтап жүрген қыздар айына кем дегенде 4 келіден бастап 9 келі мөлшеріне дейін салмақ тастайды. Оның барлығы бастапқы салмаққа, олардың күш-жігеріне байланысты.

— Дұрыс тамақтанумен қатар жаттығуларды үзбей жасау да маңызды ма?

— Денеміз шымыр болуы үшін, қозғалыс көп болуы керек. Спорт жаттығуларын бөлек жасау міндетті деп қабылдамаған жөн. Өйткені, үйдің тіршілігі, мал бағу, егін егу секілді тірліктің өзі спорт жаттығуларынан кенде емес. Әсіресе, індет кезінде таза ауа жұтып, дұрыс тамақтану арқылы үнемі қозғалыста болу керек. Сонда ғана ағза дұрыс жұмыс жасап, адам өзін сергек сезінетін болады. Таза ауа бактериалдың ұлғаюуына кедергі жасаумен қатар, тыныс алуды жақсартады. Ал енді дене салмағын ретке келтіремін деп жүргендерге айтарым, арықтаудың 70% дұрыс тамақтанудан тұрса, 30 % жаттығулардан тұратынын білген дұрыс. Адам өзін сергек сезінуі үшін күніне 10000 қадам жүруі қажет. Егер жаттығуларды денсаулыққа байланысты немесе өзге де себептермен жасай алмаса, күніне 10000 қадам жүрсеңіз жеткілікті. Қадам санайтын бағдарламаларды ұялы теленфонға орнату жәнн фитнес сағаттарды қолдану арқылы қадам санын бақылауға болады. Артық салмақтан арылғаннан кейін де күніне 30 минут спорт жаттығуларын жасау қажет. Сонда ғана бұлшық ет серпінді болады. Мен өзімнің қыздарыма үнемі спорт жаттығуларын бастапқыда тренермен жасап үйрену қажет екенін айтамын. Себебі әр жаттығудың өз техникасы бар. Індет кезінде фитнес орталықтар жұмыс жасамағандықтан, үй жағдайында істейтін әр жаттығудың сырын білу маңызды.

— Қыз-келіншектердің келісті келбеті үшін еңбек етіп жүргеніңізге қанша уақыт және не түрткі болды?

— Бұл салаға келуіме өзімнің артық салмағым түрткі болды. 24 жасымда 160см бойыммен 86кг салмақпен өмір сүрдім. Оның үстіне бала кезімнен толықтыққа бейім болатынмын. Содан өзім екінші сәбиімді дүниеге алып келгенде артық салмақ жүріптұруыма үлкен кедергі жасады. Дұрыс тамақтану және спорт жаттығуларын үзбей жасауымның арқасында 6 айда 32 келі артық салмақтан арылып, 54 келі салмаққа жеттім. Нәтижесінде салмақ тастаудың құпиясын меңгердім. Сол сәтте таныстарым мен достарым салмақ тастаудың негізгі сырымен бөлісуімді сұрады. Артынша «Диетология» және «Нутрициология» мамандығын игеремін деп шешім қабылдап, кәсіби біліктілігімді шыңдадым. Содан кейін ғана қыз-келіншектерге көмек бере бастадым. Шыны керек, қазіргі таңдағы маңызды мәселелердің бірі — ол семіздік. Семіздіктен созылмалы қауіпті аурулар, қант диабеті, асқазан ішек жолдары аурулары, қан қысымы аурулары туындауы мүмкін. Жоғарыда аталған аурулардың барлығы дұрыс тамақтанбаудан болады. Егер әр адам тек дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанса созылмалы ауруларды жеңуге үлкен мүмкіндік бар. Көпшілік осыны ескерсе деймін. Дұрыс тамақтанудың ережесіне сәйкес, бірнеше тағам түрлерінің әзірлену әдісін оқырман назарына ұсынайын…

ПИЦЦА

Құрамы:

Сүзбе — 180г, жұмыртқаның ағы — 1шт, ұн — 50г, ірімшік, қызанақ, піскен тауық еті, томат пастасы.

Сүзбе, жұмыртқа және ұнды араластырып қамыр илеу керек. Оны табаға салып, 180° -қа 20 минут пеште пісіреміз. Дайын болғанда табаға томат пастасын жағып ірімшік, қызанақ, ет саламыз. Сосын 180° қызған пешке 15 минутқа қайтадан саламыз.

МАНТЫ

Құрамы:

Ұн тұтас дәнді — 150г, ржаной ұн — 50г, жұмыртқа, су — 100мл, тұз, фарш, пияз.

Алдымен қамыр илейміз. Дайын болған қамырды жайып, фарш дайындап, салмасын салып манты түйеміз. Мантыны қазанда 35 минут пісіреміз. Майлылығы 15% қаймақпен қосып жеуге де болады.

КОТЛЕТ

Құрамы:

Піскен қарақұмық — 100г, тауық фаршы — 200г, пияз — 1шт, тұз, бұрыш қалауыңызша.

Барлығын блендрмен немесе ет тартқышпен өткізіп, дәмдеуіштер қосып буда 30 минут пісіреміз. Дұрыс тамақтану әдісін ұстанатындарды қарақұмық жалықтырса, түскі асқа осы тағам түрін әзірлеуге кеңес беремін.

КЕКС

Құрамы:

Айран — 200мл, жұмыртқа — 2шт, жүгері ұны — 200г, қопсытқыш — 1ш.қ, бал.

Жұмыртқаның ағы мен балды бөлек ыдыста көбік болғанша араластырамыз. Одан кейін жұмыртқаның сарысын, айранды, ұнды және қопсытқышты араластырып, бірінші әзірлеген қоспаға қосамыз. Табаға салып 180°С –қа 30 минут пісіреміз.

ЧИЗКЕЙК

Құрамы:

Жұмыртқа — 6шт, күріш ұны — 60г, сүзбе — 170г, жүгері крахмалы — 20г, сүт — 100г. лимон қышқылы — 2ш.қ, ванилин, тәттілендіргіш — 5г. Ақуызды саруыздан ажыратып аламыз. Саруызға сүзбе, ұн, сүт, крахмал, лимон қышқылы және ванилин қосамыз. Ақуызды тәттілендіргішпен көпіргенше араластырамыз. Дайын болған массаға қосып, 170°-қа 40минут пісіреміз. Піскен соң 30 минут пештің есігін ашпаймыз. Нәтижесінде, жапондардың хлопковый кекстері сияқты піседі.

ПАНКЕЙК

Құрамы:

Жұмыртқа — 1шт, қаймақ — 1ас.қ, сүт — 50мл, жүгері ұны — 3 ас.қ, қопсытқыш — 0,5ш.қ Барлығын араластырып АП табада пісіреміз.

ЦЕЗАРЬ

Құрамы:

Салат Айсберг, салат жапырақтары, Жұмыртқа, тауық еті, черри қызанақтары, батоннан сухари, ірімшік. соус: қыша, сарымсақ, қаймақ, тұз, бұрыш. Тауық етіне тұз бен бұрышты қосамыз. Жұмыртқаны асып пісіреміз. Жапырақтарды турап үстінен ет, жұмыртқа, қызынақ, сахари қойып соус құямыз. Үстіне үккіштен ірімшік себеміз.

— Астарыңыз дәмді болсын!

Дайындаған А.КАЛЫМЖАНҚЫЗЫ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here