ӨЗІМІЗДІ АЛАСАРТЫП АЛМАЙЫҚ…

0
327

«Саясаткер әйелдер» клубының, «Бойтұмар-Ханым» клубының төрайымы Рахима АХМЕТОВА:

ӨЗІМІЗДІ АЛАСАРТЫП АЛМАЙЫҚ…

Аймағымызға белгілі есім. Басқа қызметтерін айтпағанда облыс әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы болды. Сыр бойында гендерлік саясат түсінігінің қалыптасуына ықпал етті. Біз бүгін онымен өңірдегі әйелдер көшбасшылығы туралы сұхбат жасағанды жөн көрдік.

— Әйел билігін қолдаушылар көп пе?

— Бүгінде әйелдердің билікке, саясатқа, кәсіпкерлікке бетбұрыс жасауы белең алып келеді. Облыстың мемлекеттік билік органдарында қызмет атқаратын әйелдердің үлес салмағы көбейген. Бірақ әйелдердің шешім қабылдау деңгейіне көтерілгені аз. Көп жылдар бойы бұл көрсеткіш 7%-дан аспайды және әйелдерге үйреншікті білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік салаларының тізгіні бұйырады. Соңғы жылдары аудан әкімдері орынбасарлары және жергілікті мәслихаттар хатшылары қызметтерінде, қаладан басқа бірде-бір әйел болған жоқ. Қазақ әйелдерінің арасынан аса белсенділік танытып, билікке ұмтылатындардың саны жоқтын қасы деп айтуға болады. Әрине, көп нәрсе әйелдердің өздеріне байланысты. Қазақ әйеліне тән ұяңдық та, біздің шығыс менталитетімізден аспау да, биліктегі ер-азаматтардың қаламауы да осы көріністің себептері болуы ықтимал. Меніңше, билік құрылымдарында әйелдердің көбірек болуы биліктің байыпты болуына, бүгінгі қоғамның ескермеген, мән бермей жүрген мәселелерінің шешілуіне жол ашатыны анық. Сондықтан білімді, саяси сауатты, әлеуметтік тұрғыдан алғанда белсенді әйелдердің өсуіне биліктегі ер азаматтар үрке қарамай, қолдау көрсетсе ұтпаса, ұтылмасы анық. Билікте болу ер-азаматқа да , әйелге де оңай іс емес. Әлеуметтік желі жан-жақты дамыған кезде кез-келген адам жылдам пікір білдіруге, сын айтуға дайын тұр. Сондықтан билікке ұмтылғандар кәсибі біліктілігі, жауапкершілігі жоғары, қоғамның түрлі топтарымен тіл табыса білумен қатар ары таза болуы міндетті. Жасыратын несі бар, ер-азаматпен салыстырғанда әйелге билікте болу қиынырақ. Ер азаматқа кешіретін сәттерді әйелге қоғам кешірмейді. Сондай- ақ, көреалмаушылық, қызғану деген келенсіз қасиеттерден бүгінертен арылу қиын.

— Өзіңіз айтқандай, білімді, саяси сауатты, әлеуметті тұрғыдан алғанда бел­сенді әйелдердің өсуіне үрке қарайтын биліктегі ер азаматтар ғана ма? Қызылорда облысы әкімі болып Гүлшара Әбдіқалықова тағайындалғанда орталықтағы сарапшылардың көпшілігі патриархатқа мойынсұнған, менталитеті қазақы Қызылордада қиын болады деп пікір білдірді. Арада біршама уақыт өтті, қалай ойлайсыз, олар қателесті ме?

— Биліктің ауысуымен позиция, приоритет, талап өзгереді, әйел билесе де, ер адам билесе де. Айтпақшы халыққа қызмет ету ұлтқа, жынысына, тіліне қарап бөлінбейді емес пе?! Жауапкершілік, аманат, дейміз бе, әлде сенім жүгі дейміз бе, бәрібір бірдей. Тек жүзеге асу деңгейі әрқалай болуы мүмкін Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде батыстық үлгідегі прогрессивті құндылықтарға жылдам бетбұрыс жасалды. Демократияны, толеранттылықты жақсы қабылдаған қазақ қоғамы әлемдік деңгейдегі көтеріліп отырған гендерлік саясатқа көңілі толмады. Әйелдер мен еркектер арасындағы тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер тақырыбына көптеген сын айтылды. Жасыратыны жоқ, біздің қоғам прогрессивті деңгейде белестерге ұмтылса да, әйелдердің билікке баруын қаламайды, ал билікке келгендерін мойындамайды.

Өкінішке орай, қазақ қоғамында «Әйел басқарған ел қараң қалады», «Байтал шауып бәйге алмайды» деген патриархалды пікірлер әлі де орын алуда. Алайда, анасын пір тұтқан, жарын сыйлаған, қарындасын қастерлеген, қызын төрге отырғызған қазақы ортада әйелге әлімжеттілік көрсету бола қоймаған. Қазақ қыздарының табиғатында әйелдік назданудан гөрі өжеттілік, еркіндік қасиеті, азаматтық арлану сезімі басымырақ болған. Оның дәлелі есімдері ел есінде сақталған, ұлы даланың рухын көтеріп, халқының жанына жалау бола білген ұлтымыздың қайсар қыздары. Біз қайраткер қыздарымызды мақтаймыз, олармен мақтанамыз. Қазақтың қайсар қыздары қай заманда да қара басының қамын жасау үшін емес, халқының жоғын жоқтау үшін билікке білек сыбанып кіріскен. Қолында билігі бар әрбір әйел үшін қоғамның жанды жерінің жарақатын жан-жүрегімен сезініп, жан-тәнімен қорғау — елін қорғауы болмақ.

— Әйелдер көшбасшылығының мықты жақтары туралы айтсаңыз…

— Қазақстанда әйелдердің саяси белсенділігін заман талабына сай бейімдейтін Президент жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрылғанына биыл 22 жыл болып тұр. Ұлттық комиссияның ісәрекетін жергілікті жерде үздіксіз 15 жыл бойы жүргізу маған бұйырғанын мақтаныш етемін. Отан, отбасы, ана, шаңырақ, ұрпақ, босаға деген ұлттың ұлы құндылықтарын насихаттауда, биік дәрежеге көтеруге бағытталған талай игі істерді қоғамның белсенділерімен бірлесіп жасадық. Жаңа кезенде сіздің көтеріп отырған гендерлік тендік саясатының мәселелері өзекті және өміршең тақырып. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде айқын көрініс тапқан бұл үрдіс бүгінгі күні жаңа белестерге жетелейді. Әлемге есігімізді айқара ашып, тереземіз теңескенде сырттан келгендер сыйлап та, сынап та қарайды. Бір рулы елді қас-қабақпен ұстап ұйыта білген қазақ әйелдері ежелден ерлермен үзеңгі қағыстырып тендікте өмір сүрген. Гендерлік саясатты жасау да, сақтау да, жүргізу де өзіміздің құзырымызда. Қилы кезендерде әйелдер ұрпағының қамы үшін, азаматының ары үшін жанын шүберекке түйіп талай ерлік жасаған. Әйелдің күші шексіз мейірімділігінде, жұдырықтай жүрегінің тазалығында, қара жердей төзімдігінде. Әрине, биліктің тізгінін ұстаған әйел білімділігімен, біліктілігімен, еркін ойлауымен, ұқыпты шешім қабылдауымен ерекшеленеді.

— Алғашқылардың бірі ретінде аймақта гендерлік саясатты насихаттадыңыз. Айып етпеңіз, сізден кейін сол саясатқа жан-тәнімен берілген ешкімді байқамадық. Содан да әзірге соңғысы да боларсыз. Әйел билікке келсе деген арманыңыз орындалды, ырзасыз ба?..

— Қазақ билігінің, қай кезде де мейлі ол әйел кейпінде болса да тілекшісі, қорғаушысы, қолдаушысы қазақ қоғамы. Осындай қиын сәтте билік басына келген Гүлшара Наушақызына тілекшілер аз емес. Енді қолдаушысы, қорғаушысы да көп болса деймін. Бүгінгі билік өзіміз күткен, болса деген арман емес пе еді? Ендеше бір менің ғана емес, елдің, қазақ қоғамының арманы орындалды. Ал енді оның баяндылығы сіз бен бізге сын. Қазақ қоғамы, сіз бен біз, “Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей” алып шығуымыз керек. Әйел болып жаратылу Алланың баға жетпес сыйы, әрі сынағы. Сондықтан, асығы алшысынан түсіп, билік тұтқасын ұстау бұйырған ханымдардың әйел затына тән ізеттіліктен, жұмсақтықтан, нәзіктіктен бас тартпауы жөн болады. Бұл асыл қасиеттерді сақтай білген көшбасшы әйелдің өзінің жеке басына да, қоғамға да тигізер пайдасы көп. Билікте дәстүрлі түрде ер-азаматтар көп қалыптасқан. Әйелге олардын ортасында абыройлы болу біраз күш талап етеді. Ерлер қауымы табиғатының ерекшелігі сол, сыйлата білсең ғана сыйлысың.

— Әйел көшбасшылығының осал жақтары қандай?

— Мансап жолына бел байлап шыққан әйелдер біраз кедергілерге душар болады. Отбасындағы және қызметтегі міндеттерін тең ұстап жүру кез-келген әйелдің қолынан келе бермейді. Биліктің көп мөлшері ер-азаматтардың үлесінде болғандықтан, қоғам әйелдердің басшылықтың төріне шыққанын, жоғары лауазымдағы қызметте болғанын толыққанды қоштамайды. Бұл әйелдерді әлеуметтік жағынан кемсіту, ғылыми тілде айтқанда әлеуметтік теңсіздік. Биліктің құрамында ер-азаматтардың сан жағынан көп болғаны қоғам үшін үйреншікті, дәстүрлі көрініс. Мысалы, сайлаушылардың 50% әйелдер болса да, Парламентте әйелдер үлесі 10% ғана құрайды. Ал үкімет құрамында әйелдер бар болғаны 6% -дан аспайды. Бұл көрсеткіштер біраз елдерге ортақ. Өкінішке орай, әйелдердің өздері де билікке талаптанған әйелдерге қолдау көрсетуден гөрі сенімсіздік танытады. Осындай келеңсіз жайттар әйелдердің сағын сындырып, алға ұмтылуға қорқыныш және өзіне деген сенімсіздік сезімдерін тудырады. Қоғамда әйелдерге лайықты басшылық қызметтердің түрлері де қалыптасқан. Мысалы, мектепке дейінгі мекемелердің басшылығына бірыңғай әйелдер тағайындалады; орта және арнайы орта білім беретін оқу орындарының басшылары арасында әйелдер көп кездеседі, бірақ жоғары оқу орындарындағы ректор қызметі жоғары ғылыми дәрежесі бар ғалым әйелге бұйыра бермейді. Сондай-ақ, денсаулық саласындағы емханаларының бас дәрігерлері арасында әйелдер жеткілікті, бірақ республикалық, облыстық медицина мекемелерінің басшылары міндетті түрде ер азаматтар болады. Сондай-ақ, мемлекеттік құрылымдар басшылығында әйелдер орынбасарлық қызметке шүкіршілік жасайды. Қаншама іскер, мықты көшбасшылық қабілеті болса да әйелдердің қызметте көтерілуде белгіленген деңгейі болады. Оны гендерлік саясаттың еуропалық зерттеушілері «шыны төбе» (стеклянный потолок) деп атаған. Әрине, ер азаматтарға мансап құру жолында бұндай шектеу кездеспейді. Әйелдердің саяси мәртебесі төмендігінің қоғамда орын алуы әлеуметтік теңсіздіктің бірегей түрі екенін көпшілік білмейді, білгісі де келмейді. Билікке жету бар да оны ұстап тұру бар. Сондықтан, әйелдер қоғамдық -саяси өмірде «аутсайдер» болып қала береді. Уикипидияда аутсайдер деген сөз әлеуметтік топтың төмен орында тұрған мүшесі деген мағына білдіреді екен. Гендерлік саясаттағы теңдік дегеніміз тең жауапкершілікте, тең сыйластықта, білім мен парасатта таразы басын тең ұстап тең бағалануда. Азаматты ардақтай отырып өзімізді аласартып алмау. Теңдік жолында жасалған ерлік те, жеңіс те осы деп түсінемін.

— Сұхбатыңызға рахмет.

С.БИХОЖА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here