Әйел билігі: Кеш болса да, ештен жақсы…

0
423

07.07.2020 жыл. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы эпедемиологиялық жағдайға байланысты онлайн брифинг өткізді.

«COVID-19» індетімен күресу жолында елімізде бірқатар шаралар қабылдануда. Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен облысымызда қатаң карантиндік режим енгізілді. Жағдайды қайта бағамдап, халық сұранысына сай қажетті шараларды күшейту үшін қаладағы бірқатар ауруханалар мен дәріханаларды аралап, туындаған мәселелерді жедел шешу жолын қарастырдық», — деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес короновирус індетімен күресу мақсатында өңірде инфекциялық және провизорлық төсек-орындары көбейтілуде. Өңірде инфекциялық стационарда 515, провизорлық стационарда 1730 төсек-орындары болса, қазіргі таңда облыстық фтизиопульмонология орталығы базасында қосымша 120 орынға инфекциялық және Шалқия елді мекенінде 30 орындық провизорлық стационар ашу жұмыстары жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, жасанды өкпені желдету аппараты мен оттегінің жетіспеушілігі мәселесі де шешімін табуда. Облыстық көпбейінді аурухана жанынан оттегі өндіретін цех салу жұмыстары қолға алынып, облыстық бюджеттен 80 млн. теңге қаржы бөлінді. Өңірдегі 76 жасанды өкпені желдету аппаратына маусым айында 20 портативті аппараты алынып, қосымша 63-не тағы да өтінім берілді. Одан бөлек, осы аппараттарды алуға жергілікті кәсіпкерлер қолдау білдіруде.

Бүгінгі күні өзекті болып тұрған дәрі-дәрмектің тапшылығы, бағасының тұрақтылығы да облыс басшыларының басты назарында. Аймақта 3 айға жеткілікті дәрілер 1 аптада өтіп кетіп, қажетті ем алушыларға жетіспеушілік туындады. Дәріханалармен дәрілік заттарға күнделікті қажеттілікке және халықтың сұранысына қарай тапсырыс берілуде. Ал, облыстық медициналық стационарларда СК «Фармация» тарапынан 45 күнге жетерлік дәрі-дәрмек қоры жасақталған.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты жедел жәрдем көмегіне жүгінушілер саны артуда. Осы орайда, облыс бойынша 81 жедел жәрдем қызмет көрсету бригадаларында 52 дәргігер мен 351 фельдшерлер жұмыс жасайды. Тәулігіне 2 мыңға жуық шақыртулар орындалуда. Жүктеме 2 есеге өсіп, диспетчерлер мен қызметкерлердің жетіспеушілігі байқалады. Осыған орай, медицина мамандығы бар жас мамандар мен еріктілерді жұмысқа тарту шаралары қабылдануда.

Ал енді бұдан бір күн бұрын…

06.07.2020 жыл. ОБЛЫС ӘКІМІ ГҮЛШАРА ӘБДІҚАЛЫҚОВА ҚАЛАДАҒЫ БІРҚАТАР НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы бірқатар медициналық нысандар мен дәріханаларды және сауда орталықтарын аралады.

Алдымен өңір басшысы қала тұрғындары жиі баратын «Magnum», «Small» сауда орталықтарына барып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасымен танысты.

Сауда орталықтарының бағасын бағамдаған аймақ басшысы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы мен қала әкіміне азық-түлік өнімдерінің бағасының негізсіз өсуін болдырмауды және бірінші қажеттілік нан, сүт өнімдерінің бағасын үнемі қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, эпидемиологиялық жағдайға сәйкес кауіпсіздік шараларды қатаң бақылауда ұстау қажеттігін де ескертті.

Мұнан кейін облыс тұрғындарына алғашқы көмек көрсететін жедел медициналық көмек орталығының жұмысын көрді.

Жедел жәрдем орталығының дәрігерлері бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Күніне келіп түсетін қоңыраулардың саны соңғы үш күнде азайғанын, дегенмен диспетчерлер мен бригададағы мамандардың әлі де жетіспейтінін айтты.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен қала әкіміне орталықтағы диспетчерлердің санын көбейту үшін шаралар қолдануды тапсырды. Сонымен қатар, жұмысқа медициналық колледждердің түлектерін еріктілер ретінде тартып, оларға қолдау көрсету мақсатында жеке кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс атқару қажеттігін айтты.

Әрі қарай өңір басшысы облыстық медициналық орталықта болып, аурухана жұмысын көрді. Бас дәрігер орталықтың қажетті дәрі-дәрмектерімен толық қамтамасыз етілгенін және емделушілердің саны мен жағдайына қатысты есеп береді.

Мұнан кейін өңір басшысы «Ақ қайың» дәріханасында болды. Дәріхана жетекшісі дәрі-дәрмектердің не себепті жетпей жатқаны туралы баяндады. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы мен Қызылорда қаласының әкіміне дәрі-дәрмектердің негізсіз өсуін болдырмау мақсатында шаралар қабылдап, бағасын қадағалау және дәрі-дәрмектер бойынша тұрғындар қажет ақпарат алу үшін сенім телефондары мен ватсап желісінен арнайы конференция ашуды тапсырды.

Аймақ басшысы «СК-Фармация» ЖШС қоймасы мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының, қалалық орталық дәріхананың және қалалық аурухананың жұмысымен де танысты. Дәрігерлер облыс әкіміне дәріхана мен ауруханаларда дәрі тапшылығы мен орын жетіспеушілігі туралы баяндады. Өңір басшысы қала әкіміне тез арада жедел шаралар қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің жұмысын көрген аймақ басшысы Бас дәрігеріне және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы мен қала әкіміне шұғыл түрде диспансердегі емделушілерді Талсуаттағы ғимаратқа көшіріп, 120 орындық жұқпалы аурулар стационары етіп өзгертуді, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырды (өкпені жасанды желдету аппараты, оттегі және т.с).

Оттегі өндіретін цех ашылады — нәтиженің бірі

Бүгінгі күні негізгі мәселелердің бірі оттегі баллондарының жетіспеушілігі.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова медициналық нысандарды аралау барысында сала басшылары мен қала, аудан әкімдеріне ауруханаларды үздіксіз, жеткілікті көлемде оттегі баллондарымен қамтамасыз ету үшін өндіруші мекемелермен бірлесіп жұмыс жасауды тапсырды. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында облыстық көпбейінді аурухана жанынан оттегі өндіретін цех салу жұмыстары қолға алынып, облыстық бюджеттен 80 млн. теңге қаржы бөлу қарастырылуда.

Сонымен қатар, өңірдегі 76 жасанды өкпені желдету аппаратына маусым айында 20 портативті аппарат алынып, қосымша 63-не өтінім берілді. Осы құрылғыларды алуға жергілікті кәсіпкерлер де қолдау білдіруде.

P.S. Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ресми ақпараттар осылай дейді.

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here