«ҚОРҚЫТ » ҮЗДІК ПЕ ?

0
140

Сыр бойында ғана емес, Қазақстан аумағында үздік деп танылған жоғары оқу орындарының бірі, әрі бірегейі – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті. Тарихына шегініс жасасақ, 1937 жылы Қиыр Шығыстағы Корей педагогикалық институтының қоныс аударуы негізінде Қызылорда педагогикалық институты ретінде ашылған. Бертін келе, 1998 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті мен Ыбырай Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институты қосылып, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті болып қайта құрылған. Осы 80 жылдан аса уақытта оқу орны Сыр жұртшылығына ғана емес, ел іргесінің еңселі болуына қызмет ететін білікті мамандарды даярлады. Тіпті, әлемдік деңгейде қызмет атқара алатын бірқатар білімпаздарға жол сілтеді.

Сондай-ақ, 80 жылдан аса уақытта бұл оқу орнына 15-ке жуық ректор басшылық етіп, парасат пен пайым деңгейлерінің арқасында «үздік» статусынан айырылмаған болатын. Бірақ, Қазақстандағы үздік жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісінің бүгінгі көрсеткіші қуантарлық па?!

Тарқатсақ, 2017 жылдан беріге дейін 9 орыннан не әрі не бері жылжымаған етін… Бұл – көңіл түсірерлік емес, қуантарлық деңгей. Ел бойынша көш бастаған 20-ға жуық маман даярлайтын білім ордаларының 10-дығына кірген оқу орнының көрсеткіші бүгінде 4-сатыға төмендеген. Яғни, 13- орында… Бұл — білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттігінің деректері бойынша 2020 жылғы Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісі. Айта кетейік, бұл көрсеткіш академиялық статистикалық көрсеткіштерді талдау, сарапшылардың бағалауы мен жұмыс берушілер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінің негізінде құрылған. Биыл сауалнаманы алу барысында студенттер мен мектеп бітірушілердің де пікірлері ескерілген.

Республикалық көрсеткішті шығарудағы мақсат — 2011 — 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде кемінде екі университетті әлемдік рейтингтерге ендіру болатын. Сол арқылы Қазақстанда білім беруді дамыту. Осы негізде Қазақстанның жоғары оқу орындары жаһандық рейтингтерге белсенді қатысады.

Ректорлыққа келгеніне небәрі 6 айдан асқан жаңа басшы бұл олқылықты орнына келтіреді деген үміттеміз. Бізден бөлек, жаңа қарқынмен бастамалардан университет қызметкерлері де үмітті болған болар, бәлкім?!

Айтпақшы, облыс әкімдерінің арасында тұңғыш адам біздің өңірден болса, бұл оқу орнын басқарған тұңғыш әйел ректор да Сыр бойында.

Ол онлайн жүйені негізге алып, қашықтан бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Ұстаздарды марапаттап, мерекелік күндерді қалыс қалдырмауда. Тіпті, ректор блогында белсенділік танытып, әр студенттің сауалына жекелей жауап беретінін аңғаруға болады.

Филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бүгінгі ректоры Кәрімова ханымның әлі де өз қырын таныта білуіне уақыт төреші… Өйткені, кез келген орталықты алға жетелеу басшы біліктілігіне тиесілі. Сол негізде Қызылордадағы нөмірі бірінші оқу орны республикадағы беделділердің де біріне айналады.

Әйткенмен, Сырдың іргелі оқу орны әлемдік рейтингке таласа алады. Ол үшін алғышарты ретінде республикалық көрсеткіштен көш бастауы тиіс. Бүгінге дейін шет мемлекеттердің оқу орындарымен ұстаздары тәжірибе алмасып, білім алушыларды өзге ел университеттерінің оқытушыларынан дәріс алып, шет ал асып білім деңгейлерін арттыруға, біраздың сала тұрғысындағы көзқарастарын кеңірек қалыптастыруға мүмкіндік бергенін ұмыт қалдыруға болмас.

А.ӘЛИАРЫСТАН.

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here