ЭЛЕКТРОНДЫ КАРТАСЫ ЖОҚТАР КӨП ТӨЛЕЙДІ

0
251

Ауқымы кең, қоғам тарапынан талқыға жиі түсетін көп тақырыптың бірі – қоғамдық көлік аясы. Әлі де солай. Автобустардың жетіспеушілігі, ондағы қызмет көрсету тәсілдері және жылдамдықты асыра сілтеген жүргізушілердің әрекеті. Оған бағасы шарықтап бара жатқан жол ақысын тағы қосыңыз.

Жалпы, бұл – бізге ғана тиесілі мәселе емес. Өзге өңірлерде де «сағызша созылған» өзекті мәселеге айналған. Алайда, кемшін тұс қай салада да бар. Ілгерілеудің қадамын, өзгерістер мен жаңашылдықтарды да жарыса жарияласақ орынды. Мәселен, «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС-і қоғамдық көлікте қала тұрғындарына жаңа әдісті қолданысқа енгізбек. Жоспар бойынша жыл басында жүйеге қосылуы тиіс болған. Сәті енді түсіп, төлем жүйесін электронды нұсқаға айналдырудың алғышарты қолға алынды.

Айта кетейік, «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС-і теңгеріміндегі қалаішілік қоғамдық көліктерде жол ақысын электронды төлем жүйесі арқылы төлеу «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында жүзеге асырылмақ. Мақсат – электронды төлем тәсілімен төлеген жағдайда жолақының қымбаттауынан, қаражаттың көлеңке айналымынан арылып, тасымалдаушылардың ашық қызметіне куә болып, салық түсімін арттыру, қоғамдық көліктердегі қызмет көрсету сапасын жақсарту.

Парк басшысы Нұржан Ахатовтың айтуынша, қоғамдық көліктерге арнайы құрылғылар орнатылып, электронды төлем жүйесіне енгізілгені тиімді дейді. Мәселен, жолаушылар төлемнің өзіне қолайлы 9 түрін таңдай алады. Осы сәтте тасымалдаушылар үшін несімен пайдалы деген сауалдың туындауы да заңдылық. Олар қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесін 95 пайызға дейін арттырып, көліктің орналасқан жерін көрсетіп, төлемдерді баяғыша минут сайын есептеп әуреленбейді. Ал жергілікті атқарушы орган бұл арқылы салық төлемін арттырып, көлеңкелі табыс көздеріне тосқауыл бола алады. Демек, қоғамдық көлік қызметкерлерінің күнделікті жұмыс жүйесі бақылауда болады.

Қала тұрғындары үшін білуі тиіс ақпараттарға тоқталайық. Енді қолма-қол төлем 120 теңге, электрондық жол жүру картасы арқылы төлем тарифі 90 теңгені құрайды. Электронды картаның бүгінде қалада 70 000 данасы бар. Әзірге ересектерге тиесілісі – 50000 болса, оқушылар үшін – 20000 данасы бар. Ал бағасына тоқталар болсақ, ересектер 500 теңгеге сатып алса, оқушылар бұл картаны 400 теңгеге алады.

«Қызылорда Автобус паркі» ЖШС директоры Нұржан Ахатов: — Электронды жол жүру төлем жүйесі қала үшін де, жолаушылар үшін де тиімді екенін уақыт дәлелдеп отыр. Бұл біріншіден, адам факторын жойып, бюджеттен тыс кетіп жатқан ақшаны ашықтыққа шығарады. Екіншіден, қоғамдық көлік мәдениетін қалыптастырса, үшіншіден, қаладағы тозығы жеткен автобустардың жаңаруына да мүмкіндік туғызады. Яғни, қала тұрғындары өз қаржыларының өздеріне сапалы қызметі ретінде қайтып жатқанын білуі тиіс.

Сондай-ақ, қала тұрғындары аялдамада күткен автобустарының қай бағытта тұрақтап, неше минутта келетінін анықтай алуына мүмкіндік бар. «SMSBUS жолаушы» мобильді қосымшасы арқылы қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесінен мәліметті кедергісіз ала алады. Демек, қоғамдық көлікті күту үшін әдеттегідей аялдамаға бір сағат бұрын келіп алмай, уақытыңызды үнемдейсіз. Осыған орай, бүгінде әр аялдама жанынан арнайы құрылғылар орнатылды.

А.ӘЛИАРЫСТАН.

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here