Қызылордалықтар, бейқамдыққа не себеп?

0
285

Бүгінде үлкеннің де кішінің де аузына іліккен сөздің бірі – коронавирус. Бастапқыда шет мемлекеттерді шарпыған індет біздің елден табылғанда көпшіліктің таңдана, әрі үрке қарағаны жасырын емес. Өзіміздің өңірден инфекция жұқтырған адам тіркелді деген алғаш ақпар тарағанда да үрейленгендер саны аз болмады. Әншейінде бағасы да төмен, күнделікті сатылымда аз болатын дәріхана сөресінегі бетперделер мен қорғаныш құралдары таптырмас дүниеге айналды. Барының бағасы қымбаттап, құндылығы артты. «Таяқтың екі үшы бар» демекші, аталмыш вирустың барына сенімсіздік танытып, бейқамдықпен қарайтындардың да қарасы көп болды. Бұл түсінік яки осы сарындағы пайым бүгінде көпшілікте әлі де бар… Әйтпесе, статистиканың күрт өсуіне не себеп?! Оған талапқа бағынбағандарды қосыңыз… Облыс бойынша індет жұқтырғандарың саны 600- ге жуықтаса, оның 300-ден астамы облыс орталығына тиесілі. Алайда, қала көлемінде дерттің демде жайылмасы үшін бірқатар шектеулер еңгізіліп, тез арада ахуалға сәйкес қаулылар қабылданған болатын. Атап өтер болсақ, көпшілік мерекелік іс-шаралар, ұжымдық, жанұялық жиындарға тыйым салынды. Сауда орталықтары мен одан өзге де бірқатар жұмыс орындары шектеулі уақытпен жұмыс жасауда. Халық көп шоғарланатын орталықтардың жұмыстары да уақытша тоқтатылды. Бірқатар қызмет орындары қашықтан жұмыс жасау режиміне көшті. Соның өзінде көше кезіп, қоғамдық орындарға бей-берекетсіз баратын әрекет тұрғындар арасында азаймай тұр. Бетпердені де аракідік, әрі кейбірі ғана қолданады. Тіпті, қашықтық сақтау ұғымын да есте сақтап жүрген ешкім жоқ. Одан қалды жасырын думандатып, той жасап жатқандардың да қатары артуда. Бойынан вирустың алғашқы белгілері анықталса да, кей тұрғындар үй жағдайында өздігінен ем жүргізуде. Медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінуге жүрексінгендердің көбі бойындағы ауру белгілері жайында өзгеге жақ ашуға, емхана табалдырығын аттауға қорқақтайды. Соңғы апталарда дәріханалар алдында ұзынсонар кезекке тұрушылар осыған дәлел. Дәрігерлер бұл қауіпті дерттің емі үй жағдайында жүзеге аспайтынын дабыл қағып ескертсе де, тыңдаушы құлақ аз. Тереңірек ойлансақ, өзімді өзім жазам деп тырмысқанда өзгеге жұқпасына кім кепіл? Түптеп келгенде, денсаулық басқаға емес өздеріне керек екенін тұрғындар қашан ескереді?! Қала көлемінде індеттің белең алуына орай, әкім Нұрлыбек Машбекұлы тұрғындарға арнайы Үндеу жариялады. Қала басшысы үндеуі арқылы тұрғындар бірінші байлықтың құндылығын сезінгені дұрыс деді. Сондай-ақ, жарқын болашақ пен берекеге толы күндердің куәгері болу үшін де адамға алдымен денсаулық керек екенін айтып, ол үшін өздерінің қауіпсіздіктеріне бүгіннен жауапкершілікпен қарап, айтылған заңдылықтарға бағынуларын сұрады. Егер, бұл талаптар ескерілмесе қатаң карантиндік режимге қайта оралуымыз бек мүмкін екенін алға тартты.

P.S. Әр адам өміріндегі елеулі сәтті дүркіретіп атап өтуді қалайтыны сөзсіз. Бірақ, берекені алған вирус қаланы шарпыған сәтте бірінші кезекте деннің саулығына мән берген дұрыс. Өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы әркім де жақынына жанашырлық танытатынын ұмытпаған жөн.

А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here