ЕРІКТІЛЕР ҚАТАРЫНА КҮШПЕН ҚОСЫЛМАЙДЫ

0
190

Осыдан біршама жыл бұрын белсенді жастар қоғамның қозғаушы күшіне айналған-ды. Олардың ұйытқы болуымен ұйымдастырылатын шаралар да биік деңгейде өтетін. Көптің көз алдында түрлі бастамаларды көтерген ол жастар бүгінде әр саланың білікті мамандары. Қазір қалай? Саны мен сапасы тең түскен сол кездегі жастар ұйымдарының бүгінгі бағасы мен бағамы қай сатыда? Олардың жұмыс жүйесіне қолғабыс ететін орталықтар нендей мүмкіншілік көрсетуде? Сондай-ақ, «Еріктілер жылында» қала еріктілері өз еріктерімен қоғамға қандай үлестерін қосуда? Қала жастарының осы сауалдар төңірегіндегі аяқ алысын білу мақсатында «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Сабыржан Кеңшілікпен сұхбаттастық.

«Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Сабыржан КЕҢШІЛІК:

ЕРІКТІЛЕР ҚАТАРЫНА КҮШПЕН ҚОСЫЛМАЙДЫ

— Сабыржан, сіздің пайымыңызша ерікті жастардың негізгі міндеті қандай?

— Менің ойымша, оларға тиесілі нақты міндет жоқ. Аты атап тұрғандай, адамдар әртүрлі себепппен еріктілердің қатарына қосылады. Түпкі мақсат — қоғамға өз пайдасын тигізіп, өзекті мәселелердің шешім табуына өз үлесін қосу.

— Қала еріктілері осы үдеден шығып жүр ме?

— Шын мәнінде, көпшіліктің мүддесі үшін әлеуметтік мәселелерді тек мемлекетке тиесілі деп ұғынбай, оның шешім табуына үлес қосуды адам ретіндегі міндетім дейтін тұлғалар бар. Бұл пікір мен әрекет қуантады. Өйткені, өзінің өмір сүруін де мемлекет міндетіне жатқызатындар жеткілікті. Сондықтан, Қызылорда қаласында еріктілердің бар болғаны үшін де алғыс айтамын. Олар кейбірінің дәті бара бермейтін, қолынан келсе де әртүрлі түйіннің шешілуіне қолғабыс етпейтіндермен салыстырғанда батыл қадамдарымен үлгі деп білемін.

— Біздің қаланың ерікті жастары жарты жыл бойына қандай игі шараларда, нендей бастамаларда бой көрсетуде?

— Біз орталық жанынан волонтерлік корпус ашқаннан кейін артынша карантин жарияланып, біраз жұмыстар тоқтатылды. Сол тұста еріктілер жүзеге асыратын жұмыстардың бағытын індеттің алдын алуға қатысты шаралармен байланыстыруға мәжбүр болдық. Бастапқыда еріктілер тегін бетперделер мен сақтық шаралары туралы жазылған үнпарақшалар таратумен шектелді. Артынша көпреттік бетперделер үлестіруді жоспарладық. Демеушілердің қолдауымен сапалы маталар алып, оны лазерлі аппаратпен түзуледік. Одан кейін әлеуметтік желілер арқылы бұл іске өз үлесін қосатын тігіншілерді іздестірдік. «Феи- Швеи» жобасы аясында екі күннің ішінде 20 дан астам тігінші хабарласты. Бетперде тігуге үлестерін қосуға ниеті бар ерікті тігіншілермен бірлесіп бұл жобаны жүзеге асырдық. Нәтижесінде 1000- ға жуық көпреттік бетперделер тігілді. Алдымен ҰОС ардагерлері мен тыл ардагерлеріне және жағдайы төмен отбасыларға тараттық. Үйіндегі үлкен кісілердің саулығы үшін дүкендер мен дәріханаларға баруға жүрексінген ол отбасы мүшелері бізге өздері хабарласып, бетперделер әкелуін өтінді. Одан кейін төтенше жағдай уақыты болса да, жұмыс жасап жүрген бірқатар сала мамандары мен қала тұрғындарына үлестірілді. Міне, бұл кәсіби волонтерлікті дамытудың бір сатысы болып табылады. Сондай-ақ, бұл жұмысқа қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттердегі еріктілер де өз үлестерін қосты. Біздегі маталарды кәдеге жаратып, ұсынған бағыт бойынша бетперде тігу үшін өз ауылдарының тігіншілерімен келісті. Қолдау тауып, нәтижесінде көпреттік тегін бетперделермен облыс орталығының ғана емес, ауылдық округтер мен кент тұрғындарын да қамтыдық. Одан бөлек, Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы күрделі сәтте оқиға орнына біздің қаланың еріктілері де төбе көрсетті. Бір күннің ішінде сондағы тұрғындарға керекті заттарды алып барамыз деп шешім қабылдадық. Карантин режиміне қарамастан 30 шақты адам баруға ниет білдірсе де, көліктің сыйымдылығына байланысты 12 адамның шығуына мүмкіндік туды. Оның ішінде қалаға қарасты ауылдардың тұрғындары мен әр саланың мамандары бар. Қала еріктілерінің сеп болуымен өткен келесі шара – «Мен донормын» акциясы. Осыдан бір ай бұрын қан орталығының басшысы хабарласып, еріктілер тарапынан көмек керек екендігін жеткізді. Өйткені, төтенше жағдай кезінде қан тапшылығы пайда болған. Оның үстіне карантин кезінде сырттан кез келген адамды кіргізуге де қауіптенген. Бір аптаның ішінде біздің орталық пен жастар ұйымдарының мамандары, қала тұрғындары қан тапсырды. Нәтижесінде 20-ға жуық адам өзгеге өмір сыйлады. Игілігі басым бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын табады. Сіздің сауалыңызды қорытындылай келе, Мемлекет басшысының еріктілікке қатысты тапсырмасының маңызын бүгінде көпшілік түсінгенін жеткізгім келеді.

— Жоспарлардың жүзеге асуына үлес қосу үшін қала еріктілері ақы талап етпейді ме? Жасыратыны жоқ, қаржысын ұсынбасаң қимылдамайтын деңгейге жетті бүгінгі көпшілік…

— Шыны керек, ол еріктілердің ниетіне байланысты дер едім. Қоғам үшін қызмет ететін еріктілердің қатарын толықтыру үшін қандай да бір мекемелерге хат жіберіп, жанжақтан жинап алсаң әрине ақы, тіпті жол ақысын талап етеді. Бұл мысалды мен жалпылама айттым. Әйтпесе, мен жетекшілік ететін орталық еріктілердің қатарына күштеп кіргізу әрекетін қолданбайды. Қоғамда «бізге ешқандай пайда әкелмейді, неліктен тегін жұмыс істеу керекпіз?» деген пікірдегілер болған және әлі де бар. Әйткенмен, салыстырмалы түрде халықтың еріктілерге деген көзқарастары бұрыңғыдан әлдеқайда өзгергенін де айтпай кетуге болмас.

— Шыны керек, «Жастар жылында тиісті шаралар назардан тыс қалды» деген пікірлер болды. Көпшілік Еріктілер жылына да осылай баға беруі мүмкін бе? Қалай ойлайсыз?

— Қоғам болған соң, түрлі пікірлердің болуы заңдылық. Бірақ, еріктілер жылына қатысты айтар болсам, иә бастапқыда да осы сарындағы жазбалар желілерде шарпып жүрді. «Массовкаға күш салып адам санын көбейтіп жүрсе болды» деген де пікірлер болды. Бірақ, уақыт өте келе көпшілік мойындады. Мемлекет пен халық үшін күрделі сәттерде еріктілер аянып қалмады. Әлеуметтік желілерді ашып қараса да, еріктілердің қатысуымен өтіп жатқан шараларға көз тояды.

— Қала еріктілерінің саны қаншаға жетті және жас айырмашылықтары қандай?

— Біз мемлекеттік мекеме ретінде жеке дара еріктілермен емес, волонтерлік ұйымдармен жұмыс жасаймыз. Волонтерлік ұйымдардың өзі енді жүзеге асыратын бастамалары үшін қызмет атқарады. Мысалы, орталықта 10-ға жуық қызметкер бар. Барлығы еріктілердің қатарында. Әрине, волонтерлердің қатарын көбейту керекпіз. Бірақ, біз оларға бәсекелес болатындай ұйым емеспіз. Керісінше олардың жағдайын жасайтын ресурстық орталықпыз. Еріктілердің жас айырмашылықтарына шектеу қойылмайды. Қалада орта жастағы еріктілер жеткілікті. Ольга Чебакова есімді волонтерлік штабтың жетекшісі сөзімізге дәлел болсын. Оның командасында әртүрлі жас мөлшеріндегі еріктілер бар.

— Өзіңіз басшылыққа келген жарты жылда қалалық жастар ресурстық орталығы қандай жобаларымен ілгері даму үстінде?

— Шыны керек, әртүрлі бағыттағы жобаларымыздың жүзеге асуы карантин режимі еңгізілген тұстан тоқтады. Небір интеллектуалдық сайыстарды ұйымдастырып, кең көлемдегі шараларды өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Бүгінде кейбірі онлайн жүйеде жүзеге асуда. Жақында ғана цифрлық волонтерлік қызметінің алғашқы қадамдары жасалды. «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы және «Golden Qazaqstan» жастар қоғамдық бірлестіктері бірлесе отырып, үш жақты меморандумға қол қойдық. Бұл жоба аясында жастардың волонтерлік қызметін қолдап дамытуға, мемлекеттік қызметтерді цифрлық нысанда пайдалануды үйретуді насихаттаймыз. Цифрлы нысан біздің «Qosyl» орталығында орналасқан. Еріктілер қала тұрғындарына дүйсенбі-жұма күндері 9:00-13:00 уақыт аралығында электронды қызметтерді алуға көмектесетін болады. Жобаларды осылай қазіргі ситуацияға орай бейімдеп өткізудеміз.

— Жақында жаз мезгілінде жастар арасында жүзеге асыруға арналған жобаларды ұсыну үшін хабарландыру жарияладыңыз. Қаншалықты қозғалыс бар? Жастар қандай ұсыныстарын әкелуде?

— Мақсат – белсенді жастар мен жастар ұйымдарының ортақ алаңын қалыптастыру. Жасыратыны жоқ, жастар ұйымдары бөлек шаралар ұйымдастыруға бейімделіп кеткен. Біз олардың бірлесіп жұмыс істеулеріне, бірігіп жобалар ұйымдастыруларына мұрындық болғымыз келді. Осы мақсатта өткізілген тренинг барысында әртүрлі ұсыныстар айтылып, түйіні ретінде шешімдер шықты. Сол сәтте карантин жеңілдеген тұс болатын. Қазір қайта күшейгеніне сәйкес, ойға алған жоспарлардың барлығы деңгейінде өтпейтін секілді. Қазір шараларды онлайн бағытта бірлесіп атқарамыз деген шешімге келдік.

— Жалпы, қала жастары сіз басқаратын орталыққа қаншалықты және қандай ұсыныстарын алып келеді?

— Шыны керек, осы уақытқа дейін жастар идеяларын айтуға сескенетін. Өйткені, ондай тендениця болған жоқ. Жоғарыда атап өткендей, жастар ұйымдары мен белсенді топтардың бірлесіп жұмыс істеуін көздейміз. Сосын, кез келген мәселені бірігіп талқылауға, оларды ортақ міндет үшін топтасуға үйретіп жатырмыз. Нәтижесінде, өзіңіз айтып өткендей әртүрлі ұсыныстар осындай сәтте туындайды. Мәселен, цифрлық жоба жастардың біздің орталыққа келіп, талқылаудан өткеннен кейін жүзеге асты. Сондай-ақ, Марлен Мади есімді қала тұрғыны ұсынысын жеткізу үшін хат жолдаған болатын. Онымен кездесіп, келісіп бүгінде бір жобаны жүзеге асырудамыз. Осылай, бірінің ісінің оңға басқанын екіншісі естіп есік қағатындар жиіледі.

— Өзіңіз де студент жылдарында белсенділердің бірі болдыңыз. Қазір де солай. Жастардың ортасында қандай түйткілді мәселелер бар деп ойлайсыз? Оның шешімін қалай табуға болады?

— Бүгінде мектептер жаңа толқынды яғни көшбасшыларды қалыптастыратын жұмысқа ден қоймай жүр. Бұрын белсенділіктің сатысын мектептен бастаған аға буынның басым көпшілігі бүгінде білікті маман ретінде жұмыс атқарса, енді бірі басшылық қызметте. Біз орталық жиналысында осы мәселені көтердік. «Альянс» студенттер қауымдастығы мен жастар комитеттерінің ұйымдастыру әлеуетін көтеру арқылы мықты кадр дайындауға болады. Біздегі басты мәселе осы. Бүгінгі буын алдағылардың ізін жалғап, жұмысты ілгері алып кететіндей деңгейде болу керек. Ал қазіргі кезеңде жастар қоғамдық мектептердің, жастар ұйымдарының көмегімен ғана жұмыс жасайды.

— Білуімше, ұстаздық саланы тәмамдадыңыз. Білім беру ісін қолға алмайсыз ба?

— Қазіргі қызметім мен міндетім де ұстаздықтан алыс емес. Өзімнен кішілерге жол сілтеп, ортаға енді ғана бейімделіп жатқан жастарға жөн көрсетудің өзі ұстаздық қабілет деп білемін. Ал кәсіби тұрғыдан біліктілігімді тәжірибемен ұштастыру арқылы сала бойынша қызмет ету ойда бар.

Уақыттың еншісінде дейсіз ғой?

— Иә. Мәңгілік бір салада жұмыс істеп немесе бір жұмыспен ғана шектелмейтініміз айқын. Мысалы, мен бір жыл бұрын мемлекеттік мекемеде қызмет атқарамын деп ойлаған жоқпын. Сол секілді оқушылар сарайының мұғалімі боламын деген де ой болмаған. Қалғаны уақыттың еншісінде — Жұмысыңызға сәттілік!

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here