АҚСУАТТА ЖАҢАЛЫҚ БАР

0
209

Қызылорда қаласы әсем кескінімен, ғажап көрінісімен, зәулім ғимаратымен және тұрғындарының тынымсыз тіршілігімен құнды. Жылдан жылға өрістеп, көрсе көз тоярлықтай күйге енген Қызылорданың бұлай қарқын алуына қала әкімінің еңбегі ұшан-теңіз. Тіпті, «айбат» теңеуге лайық болуына яки дамуына үлес қосуды мақсат еткендердің қатарында жергілікті халықтың да үлесі бар. Қала келбетін ғана әсірелеп, қазақ сөзімен егіз қолданыстағы «ауылды» назардан тыс қалды дегенге келтіргіміз жоқ. Неге десеңіз, қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттер де ілгерілеу сатысында. Айталық, қала іргесіне жақын орналасқан Ақсуат та облыс орталығының даму қарқынынан кенде емес. Бірлігі мен берекесі артқан ауылдық округке Жақыпбек Маханбетов елді мекені мен «Наурыз» саяжайы тиесілі. Еңсесі биік ауыл халқының ынтымағының арқасында бағындырған белес аз емес, жетер жетістіктерің төресі де алда. Мәселен, ауыл қалалық мәслихат пен «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен «Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясына лайық деп танылды. Өйткені, Қызылорда қаласына қарасты кент және ауылдық округтер бойынша кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарған жұмыстарының қоғамдық рейтингісінде бұл ауыл көш бастап тұр. Сондай-ақ, Ақсуат ауылдық округінің Қызылорда қаласының әлеуметтік — экономикалық дамуына қосқан үлесі ескеріліп, әр саладағы ілгері қадам сарапқа салынып, «Үлгілі ауыл» және «Өркенді ауыл» аталымдары табысталды. Үлгілі ауылға кіре берістен-ақ, биіктігімен жарысқан еңселі тұрғын үйлерге көз түседі. Мұндағы халықтың әл-ауқатының жоғары екеніне осының өзі дәлел деп ой топшылауға болады. Әлеуметтік ахуал да тұрақты. Осыдан 6 ай бұрын ауыл әкімі ұйымдастырған есеп беру кездесуде тұрғындардың арыз-шағымын емес ризашылықтарын тыңдап, алғыстарына куә болған едік. Сондай-ақ, елді мекенді мұнан да биік сатыға өркендету жолындағы жоспарларымен де танысқан болатынбыз. Одан бері біршама уақыт өтті. «Жарты жылда алға жылжу қай деңгейде?» деген сауалды негізге алып, жұмыс қарқынымен хабардар болдық. Тізіммен тарқатайық…

АҚСУАТТЫҢ ЕҢ АУҚЫМДЫ ЖАҢАЛЫҒЫ — ЖОЛ

Аталмыш елді мекенде тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылды тұрақты дамытуға арналған «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында 16 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондайақ, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы негізінде 1 көшеге «Набат-2020» ЖШС-і мекемесі орташа жол жөндеу жұмыстарымен айналысқан. Мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде ауыл кескіні осылай айшықтала түссе, жергілікті бюджет есебінен жөндеуді қажет ететін 1 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда.

ЖАҢАРҒАН БІЛІМ ОШАҒЫ

Ауыл орталығында орналасқан №143 мектептің ескірген жылу қазандықтары да жаңарды. Білім ошағының жылу қазандығын қатты отын түрінен, сұйық отын түріне ауыстыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Қаражат орнымен игеріліп құрылыс жұмыстары жүргізілді. Алайда, бұл мектепке тиесілі өзекті мәселелердің бірі ғана болатын. 1982 жылы негізі қаланған мектептің іші-сырты жөндеу жұмыстарын қажет етті. Бұл мәселе де қаралып, қолдау тауып, қаржы бөлінді. Қазіргі таңда «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында №143 мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарымен Мердігер «Мұнай құрылыс» ЖШС-гі мекемесі айналысуда.

АУЫЗ СУ КЕЛЕДІ

Ж.Маханбетов ауылының жаңадан қоныстанушылары мен «Наурыз» саяжайы тұрғындары үшін түйткілді бір тақырып – ауыз су. Ауыл әкімінің сөзінше, ауыз суды тұрғын үйлерге қосу жұмыстарының алғышарты жасалған. 2018 — 2020 жылдарға арналған жоспар бойынша, қалалық құрылыс бөлімі, мердігер мекеме «Сыр жоба» ЖШС-і жобалық сметалық құжаттарын әзірлесе, «Мелиоратор» ЖШС-гі ауыз су жинау қоймасы мен 84,6 км ауыз су желілері құрылысын жүзеге асырды. Енді қажетті қаражатқа облыстық бюджетке берілген өтінім мақұлданса, ауыз суды қосу жұмыстары жүргізіледі, — деп жоспарлануда.

СПОРТТЫҚ ҚҰРЫЛҒЫЛАР ОРНАТЫЛАДЫ

Ақсуатта үш спорт алаңы мен спорт залдары бар. Бірақ, оның барлығы білім беру мекемелеріне қарасты. Онда ауыл балалары мен жасөспірімдері үшін спорттық секциялар жұмыс жасайды. Сондай-ақ, ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен №143 мектептің жертөлесінен бокс залы мен еркін күрес үйірмесінің залы жабдықталып, онда 120 бала жаттығуда. Ендігі жоспар бойынша тұрғындар игілігі үшін спорттық жаттығуға арналған құрылғылар орнатылмақ.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ЖЫРЫ ШЕШІМ ТАПТЫ

Ауыл көркейіп ғана қоймай, халқы жұмыспен қамтылуда. Мәселен, орташа жол жөндеу жұмыстарына ауылдық округтен жұмыссыз 14 адам, мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 40 адам жұмысқа орналасты.

Бұл — әлеуеті артқан Ақсуаттың бүгінгі тіршілігіне шолу болатын. Елді мекенде жоғарыда атап өткен салалардан өзге барлық бағыттарда ілгерілеушілік байқалады. Әлеуметтік нысандарда да талапқа сай қызмет түрлері көрсетілуде. Халықтың ықыласына бөленген ауыл әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаевтың жетекшілігімен жүзеге асатын жұмыстар осы қарқынмен жалғасса, әлі де өркенді ауыл аталымына лайық болары сөзсіз.

АЙДАНА ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here