Қызылордада «Үздік мемлекеттік қызметші» жоқ па?

0
157

Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің міндеттері мен қызметтерін іске асыру мақсатында қызметтік өкілеттілігін жүзеге асыратын тұлға. Оның қызметтегі міндетіне қойылатын талап та соған сәйкес жауапкершілік те жоғары. Мәселен, кәсіби деңгейі мен біліктілігіне сүйеніп, білім деңгейін үнемі арттыруы тиіс. Сондай-ақ, қызметтік міндеттеріне сәйкес мемлекеттік және еңбек тәртібін, қызмет әдептілігінің нормаларын сақтауға, басшыларының бұйрықтары мен өкімдерін, жоғары тұрған органдар мен лауазым иелерінің шешімдері мен нұскауларын орындауға, бастысы ұқыптылық танытып, халыққа адал қызмет істеуі міндеттелген. Аталған талаптарды негізге алған қызмет иесінің деңгейін айқындау мақсатында мемлекеттік қызметшілер арасында жыл сайын байқау өткізіледі. Мақсат — кәсіби білімі мен біліктілігі басым мемлекеттік қызметшілерді анықтау.

«Мемлекеттік қызметші» күні қарсаңында ел игілігі үшін еңбектенген қызметкерлердің бағамы биыл да сарапқа салынды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен өткізілетін конкурс өңірлік және республикалық екі кезеңді қамтыды. Биыл еліміз бойынша 761 мемлекеттік қызметші аталған байқауда бағын сынауға ниет білдіріп, қатысқан. Оның ішінен 72 үздік анықталып, Агенттіктің «Үздік мемлекеттік қызметші» ведомстволық наградасымен марапатталды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Ақтөбе, Түркістан және одан өзге де елді мекендердің қызметкерлері бұл аталымға лайық деп танылса, біздің өңір тізімде көш бастағандардың қатарынан емес…

Айта кетейік, өңірлік кезеңде төбе көрсеткен 32 мемлекеттік қызметшілер «Неге мен Үздік мемлекеттік қызметші атағына лайықпын» тақырыбында эссе жазып, бейнежазба түрінде кейстік тапсырманы орындады. Нәтижесінде, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов, ол уақытта Қызылорда қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы қызметін атқарған, бүгінде қалалық ішкі саясат бөлімін басқаратын Алмасбек Есмаханов және облыстық кірістер департаментінің заң басқармасы басшысы Нұргүл Шакизада үздік деп танылған болатын. Осы тізімдегілер республикалық кезеңге жолдама алғаны да белгілі. Жоғарыда аталған талаптарға лайық бірден бір тұлғалар екені де даусыз. Алайда, конкурсқа қатысушылардан үздіктерін іріктейтін комиссия мүшелері біздің қызметкерлердің біріне де жүлдені табыстамады.

 P.S.  Облыстық кезеңнен үздік көрінгендердің мемлекеттік қызметте бір емес бірнеше жылдық тәжірибелері бар. Өз салаларын да кәсіби біліктіліктерімен ілгерілетіп келеді. Қай тұста қызметіне қатысты сауал қойсаң, мүдірмей жауап та береді. Көптің алғысын да арқалауда. Алайда, «республика көлемінде неліктен үздіктердің қатарынан табылмады?» делінген сауалға жауап бізге де беймәлім екені рас…

А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here