«Ақшамның асханасы»: Сұранысқа ие тағам — фаст-фуд

0
182

«Villa Bar» асханасының иесі Еркебұлан ТҰРАШБЕКОВ:

— Қызылордада фаст-фуд тағамдарын әзірлейтін асханалар жыл сайын артып келеді. Сіздің таңдау неліктен осы бағытқа түсті?

— Иә, қаламызда фаст-фуд әзірлейтін дәмханалар өте көп. Алайда, бәсеке бар жерде сапа болады. Сондықтан, саны көп болғанымен келушілер керегін өздері таңдайды. Әрі біздің қалада бұл тағам түрлеріне сұраныс жоғары. Өзіме жеке кәсіппен айналысқан ұнағандықтан және осы кәсіп түрі қолайлы болғандықтан таңдадым.

— Бұл орталықтың тағамдары несімен ерекше? Өзге асханалардың мәзірлерінде жоқ тағам түрлерін ұсынасыздар ма?

— Біз асханамыздың келушілеріне дәмді әрі қолжетімді бағадағы тағамдарды ұсынамыз. Өзге асханаларда әзірленбейтін тағам түрлерін дайындау, ол үшін іздену – біздің ерекшелігіміз.

— Карантин мерзімінде тағамды тапсырыс иесіне жеткізіп беру әдісі қаншалықты тиімді болды? Тұтынушыларыңызға тағамды жеткізіп берудің бұл әдісі әлі жалғасын табады ма?

— Кәсіпкерлердің басым көпшілігі карантинде табыстарынан қағылғандары жасырын емес. Алайда, жеткізіп беру әдістеріне рұқсат берілді. Біз секілді орталықтар осы әдіс негізінде табыс тапты. Қуантарлығы, карантин арқылы жеткізіп беру әдісін толыққанды меңгеріп, жолға қойдық. Біз әрқашан осы негізде де қызмет көрсетеміз.

— Өзіңіз тағам әзірлеудің қыр-сырын қаншалықты меңгергенсіз?

— Студент кезімде әртүрлі фаст-фуд орталықтарында жұмыс істедім. Оған қоса қосымша ақша да таптым. Сол сәтте жинақтаған тәжірибемді негізге алып, осы асхананы ашуды жоспарлап, жүзеге асырдым.

— Аспазшыларыңыз қан­шалықты тәжірибелі? Асхана арқылы қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?

— «Villa Bar» асханасында қаланың жоғары деңгейлі аспазшылары жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл орталық арқылы 10-ға жуық адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Бұйыртса, қатарымыз көбейеді.

— Олай болса, аспазшыларыңыз ұсынған тағам түрлерінің әзірлену жолымен бөлісе отырыңыз…

Сиыр етінен гамбургер

Құрамы:

— Тартылған сиыр еті яғни фарш

— Ұнтақталған сарымсақ

— Тұз

— Қара бұрыш

— Балқытылған ірімшік

— Күнжітпен әзірленген тоқаш

— Қызанақ —

Тұздалған қияр

— Айсберг орамжапырағы

— Кетчуп

— Майонез

Алдымен тоқашымызды әзірлеп аламыз. Қамырды жайып, оны дөңгелек етіп үстіне күнжіт себіңіз. Пешке салар алдында сәл уақыт жылы жерге қойғаныңыз абзал. Өйткені, нан көтеріліп, әрі көлемді болып піседі. Тартылған етке ұсақталған сарымсақты, көз мөлшерімен тұз бен бұрышты қосып араластырасыз. Тоқаштың көлеміне сай котлетті әзірлеп, грильді немесе табаны жоғары температурада қызарғанша қуырыңыз. Котлеттердің екі жағын қуырған соң, үстінен ірімшіктің екі тілімін қойыңыз. Біріктіріп, 1-2 минут қайта қуырасыз. Тоқаштарды екі бөлікке бөліп, кетчуп пен майонездің қосындысын жағып, құрамына тиесілі айсберг жапырағын, тұздалған қиярды, дөңгелек етіп туралған қызанақты және котлетті кезегімен саласыз.

Қой етінен кәуәп

Құрамы:

— Қой еті

— Тұз

— 3 Пияз

— 1 Болгар бұрышы

— Сірке суы

Кәуәп әзірлеу үшін қойдың жұмсақ еті мен құйрық майын тураймыз. Көлеміне сәйкес тұз, туралған болгар бұрышы мен пиязды қосамыз. Сірке суын құйып, араластырамыз. Ойдағыдай дәмді болуы үшін маринадталған етті салқын температураға 4 сағатқа қойған жөн. Қой еті ұзақ уақыт бұқтырылып тұрғаны дұрыс. Дайын болғанда 6 кесек етті және 1 кесек құйрық майды бір таяқшаға түйрейміз. Кәуәп таяқшалары отқа қызарғанша піседі. Ет біркелкі пісу үшін желдету де маңызды. Сол сәтте қой етінің майы ағып, түтіндесе сірке суы қосылған суды отқа себеміз. Шашлыкты ортаға ұсынбас бұрын, гарниерлеріне де мән берген дұрыс. Өйткені, ол адам тәбетін ашады. Пияз бен қызанақтарды турап, жанына түрлі жапырақтармен әсемдеп ұсынған жөн.

Маргарита пиццасы

Құрамы:

— 2 стақан ұн

— 0,5 стақан сүт

— 2 жұмыртқа

— 0,5 шәй қасық тұз

— 3 үлкен қасық сұйық май

— Ірімшік

— Қызанақ

— Кетчуп

— Майонез

Алдымен пиццаның қамырын дайындап алу керек. Ол үшін ұнға жұмыртқа мен тұзды қосып, жылы сүтке баппен илеп аламыз. Иленген қамырды 30 минут көлемінде жылы температураға қойып қоямыз. Уақыт келгенде қамырды оқтаудың көмегімен дөңгелек пішінде жаямыз. Одан кейін кетчуп пен майонездің қосындысын қамырға жағамыз. Дөңгелектеп кесілген қызанақты да қоямыз. Үккіштен өткізілген ірімшікті сеуіп, қызып тұрған пешке пісіріп аламыз.

Филадельфия сушиі

Құрамы:

— Мицукан соусы

— Семга балығы

– 120 г

— Филадельфия сүзбелі ірімшігі – 30г

— Қайнатылған күріш – 280-340г

— Соя тұздығы

— Нори жапырағы

— Васаби

— Макесон таяқшасы

Мицукан соусына күрішті қайнатып аламыз. Нори жапырағының жартысына қайнатылған күрішті жаямыз. Жапырақты кері айналдырып, филодельфия ірімшігін біркелкі етіп жағамыз. Дайындалған соң макесон таяқшасымен көлемін келтіріп ораймыз. Одан кейін қызыл балықпен орап, төрт бұрышты формаға келтіреміз. Қалауыңызға орай бөліктерге бөліп кесесіз. Сушидің жанына имбирді турап, васабиден жапырақтың формасын салып және соя тұздығын құйып ұсынасыз.

Ірімшік таяқшалары

Құрамы:

— Ірімшік

— Қызыл бұрыш

— Ұсақталған нан ұнтағы

— 2 Жұмыртқа

— 2 Ас қасық сүт

Ірімшікті ұзын етіп тураймыз. Қызыл бұрышқа ұсақталған нан ұнтағын араластырамыз. Екі жұмыртқаға екі ас қасық сүт қосып бөлек ыдыста араластырасыз. Ірімшіктің барлық бөлігін құрғақ күйінде кезегімен ұнға, жұмыртқаға, ұнтақталған нанға малып аламыз. Сыртқы қабаты қалың болуы үшін ірімшікті қайтадан жұмыртқаға малып алу керек. Одан кейін жарты немесе бір сағат көлемінде қату үшін тоңызытқышқа саламыз. Сұйық майды қыздырып, баяу отта қуырамыз.

Астарыңыз дәмді болсын!

А.КАЛЫМЖАНҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here